Қанды Қаңтар: Сол кездегі ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан жауап алынды
- авторjambylinfo.kz
- 20 наурыз, 2024
- 753
Бас прокуратура Ішкі істер экс-министрі Ерлан Тұрғымбаевты және полиция органдарының басқа да басшыларын қылмыстық қудалау туралы түрлі телеграм-арналарда таратылған ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Ресми мәлімдемеге сүйенсек, Қаңтар оқиғасы бойынша Ерлан Тұрғымбаевтан жауап алынған.
"2022 жылдың басынан бастап Бас прокуратура қаңтар оқиғалары кезеңінде құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етпеуге, сондай-ақ азаматтарға азаптауды қолдануға байланысты күш органдарының қызметкерлеріне қатысты тергеп-тексерулерді жалғастыруда. Жүргізіліп жатқан тергеп-тексерулер шеңберінде Ішкі істер экс-министрі Ерлан Тұрғымбаевтан жауап алынды", - деп хабарлады Бас прокуратура.
Сондай-ақ, Бас прокуратура Алматы облысы Қарасай ауданы Қошмамбет ауылында орналасқан арнайы қабылдау жағдайында ұсталған азаматтарға азаптауды қолдану туралы іс бойынша дәлелдемелер жинағанын хабарлап отыр.
"2024 жылдың 16 наурызында осы қылмысты жасағаны үшін Қарасай ауданының арнайы қабылдау орыны және полиция басқармасының бұрынғы басшылары қамауға алынды. Бұдан басқа, қызметтік атыс қаруын ұрлау фактілері бойынша Талдықорған қаласы полиция басқармасының бұрынғы басшылығына қатысты тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Осы тергеп-тексерулер бойынша басқа да мәліметтер тергеп-тексерудің, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып, жұртшылыққа хабарланады", - делінген мәлімдемеде.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз