Ауыл шаруашылығы санағына 390 мыңнан астам респондент қатысты
- авторБақытжан Бекболат
- 22 тамыз, 2025
- 459
Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңі жалғасып жатыр. Sanaq.gov.kz сайтындағы сауалнамаларды толтыру 31 тамызда аяқталады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Онлайн форматта санақ басталғалы бері 390 мыңнан астам респондент сауалдарға жауап берген. Олардың ішінде 183 мыңнан астамы – ауыл шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер. Тағы шамамен 207 мыңы – жеке үй шаруашылықтары.
Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шәуенованың айтуынша, ауыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңінің аяқталуына 10 күннен аз уақыт қалды. Осыған орай ол аграршыларды, фермерлерді және ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді санаққа жауапкершілікпен қарап, сауалнаманы мүмкіндігінше тез толтыруға шақырды.
Компьютер немесе интернетке қолжетімділігі жоқ азаматтар үшін ел бойынша ауылдық әкімдіктерде 2 700 өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы жұмыс істеп тұр. Онда арнайы оқытылған мамандар көмек көрсетеді.
Санақ ауыл шаруашылығы саласының қазіргі жағдайын бағалауға, пайдаланылып жатқан алқаптардың көлемін, өсірілетін дақыл түрлерін, мал басының санын, техникамен жабдықталу деңгейін, еңбек ресурстарын және басқа да маңызды көрсеткіштерді анықтауға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін сауалнамада 29 сұрақ, ал жеке үй шаруашылықтары үшін 23 сұрақ қарастырылған. Орта есеппен сауалнаманы толтыру 15–20 минут уақыт алады.
Барлық берілген ақпарат құпия сақталады және үшінші тұлғаларға берілмейді. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда тәулік бойы жұмыс істейтін 1446 нөміріне хабарласуға болады. Қоңырау шалу – тегін.





