жексенбі, 29 желтоқсан, 2024 22:06

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстан су тасқыны басталғаннан бері 20 рет төтенше жағдай жариялаған

Қазақстан су тасқыны басталғаннан бері 20 рет төтенше жағдай жариялаған
Коллаж: jambylinfo.kz
Қазір үш облыстағы жағдай күрделі, мың жарым үйді су басқан

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов елдегі су тасқыны жағдайы тұрақты, бірақ күрделі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 


Оның айтуынша, су тасқыны жағдайы күрделі қалыпта. Батыс аймақтарда су аздап төмендеген, ал орталық, солтүстік және шығыста керісінше өзендердің деңгейінің қарқынды түрде көбейген. 


«Су басу аймағында 5 облыс қалып отыр. Әкімдіктер жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жариялады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында күрделі жағдай сақталуда. Бұл жерлерге дереу күштер мен құралдар жіберілді. Өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда», - деді Сыздықов үкімет отырысында. 


Айтуынша, су тасқыны басталғалы бері 15 мың 786 адам эвакуацияланды, оның ішінде 6 мың 187 бала. Қазіргі таңда бес облыста 4 113 адам, оның ішінде 1 911 бала уақытша орналастыру пунктеріне жайғастырылды. 


«Жалпы, алдын алу шаралары еліміздің 11 өңірінде 45 мыңнан астам адам тұратын 46 елді мекенді су тасқынынан қорғауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, өткен тәулікте таңғы сағат 6-дағы жағдай бойынша тұрғын үйлерді айтарлықтай су басуға жол берілмеді. Десе де бес өңірде 1 405 жеке үй, 372 аула аумағы, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалды», - деді вице-министр. 


Сондай-ақ 55 автожол учаскесі төрт көпірді су шайған. Қазір оларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 


«Елу елді мекен көлік қатынасынсыз қалып отыр. Олармен үнемі байланыстамыз, әкімдіктер азық-түлік және дәрі-дәрмек резервтерін дайындады, оларды уақытымен жеткіздік», - деп есеп берді Сыздықов. 


Вице-министр су тасқыны белсенді кезеңге өтпеген елді мекендерде алдын алу шаралары күшейтілгенін атап өтті. 


Су қоймалары мен өзендердің толымдылығына мониторинг жалғасуда. Қазіргі уақытта Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендерде су деңгейінің жоғарылауы байқалады, Шығыс Қазақстан облысының таулы жерлерінде де үлкен қар көлемі жатыр. Бұл өңірлерге қажет болған жағдайда, министрліктің күштері мен құралдары қосымша тартылады, деп мәлімдеді Сыздықов.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар