жексенбі, 3 қараша, 2024 14:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстанда Tik-Tok желісін шектеу керек пе? Сарапшылардың пікірі

Қазақстанда Tik-Tok желісін шектеу керек пе? Сарапшылардың пікірі
Коллаж: jambylinfo.kz
Жуырда хабарлағынымыздай, Ақтөбеде ер адам TikTok желісі арқылы 8-11 жас аралығындағы оқушы қыздарды алдап, олардың жалаңаш суреттері мен видеоларын 10 000 теңгеге сатып алған. Одан әрі қаскөй материалдарды порнографиялық сайттарға қайта сатып, қыруар ақша тапқан.

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Эльмира Қойлыбаева Тік-Ток қосымшасы желі қолданушыларының миын улап жатыр деген пікірде. Қазақи тәрбиеден тысқары, адамдықтан ада контенттер тек жастар ғана емес, қарттардың өзін қызықтыратын болған дейді ол. Депутат егер елімізде Тік-Tок желісіне шектеу қоятын заң жобасы жасалса, қолдайтынын айтады, деп хабарлайды jambylinfo.kz

Эльмира Қойлыбаева облыстық мәслихаттың депутаты, мектеп директорының міндетін атқарушы болып қызмет етеді. Оның айтуынша, аталған қытайлық қосымшаның мектеп оқушыларының біліміне әсері бар. Ондағы қысқа дерек пен әртүрлі контент жасөспірімдердің санасын жетілдірмейді дейді депутат.

"Мен өзім білім саласында еңбек еткеннен кейін мұны мүлде қолдамаймын. Өйткені, Тік-Tок рейтингі жоғары әлеуметтік желі. Соған қарамастан ішінде қазақтың ұл-қыздарының тәрбиесіне жат дүниелер көп. Тіпті, бұл желіні кейде қариялардың көріп отыратынына қарным ашады. Мен өзім балалармен жұмыс істеген кезде де әлеуметтік желінің зиянды жақтарын көп айтамын. Жастар көбіне өзіне керек емес ақпараттарды алады. Егер Тік-Tok желісіне Қазақстанда шектеуге заң жобасы жасалса, қолдаймын",- дейді Эльмира Қойлыбаева

Ал, журналист, блогер Құралай Сейсенбекқызы Тік-Tok желісінің тұрақты қолданушысы. Ол көбіне өзі өскен ауылы, ағайын-туыстарының арасындағы ұмытылмас сәттерді желіге жүктеп, миллиондаған қаралым жинаған. Оның айтуынша, қытайлық қосымшада арсыздық ашық жарияланады. Сондықтан, жастарға берер пайдасы аз дейді ол. Блогер желідегі контентті қатаң түрде реттеу үшін комиссия құру керек деп санайды.

«Қазір Тik-Tok желісінде «жел шығарып» ақша тауып отырғандар бар. Олардан қандай тәрбие алуға болады?  Боқ ауыз сөзді боратып отыратындар да жетіп артылады. Бұған тоқтам салу керек. Ол үшін қазақ тілді сарапшылар керек. Қазір Tik-Tok желісі қазақша түсінбейді. Сондықтан аузына не келсе соны айтып отыратындар бұғатталмайды. Ал, орысша боқтық сөз айтылса, бірден бұғатталады. Сол үшін бұған комиссия құру керек»,- дейді Құралай Сейсенбекқызы

Жамбыл облысы Жамбыл ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Әлия Қырықбаева аталған қосымшаның ұрпақ тағдырына қатер төндіретінін айтып, бұл желі бүлдіршіннің өзін «баурап» алады дейді.

«Рас, өзім де бала бағып отырмын. Телефон сұрайды. Беремін. Бірақ, қайтып алу қиынға соғады. Байқағаным, бала деген Тік-Tok желісінен жанарын тайдырмайды екен. Ол қосымшаның ішін қарасам, жақсылыққа шақыратын дүние аз»,-дейді ол

Айта кетейік, АҚШ Конгресінің төменгі палатасы TikTok АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін деп аталған қосымшаны ел аумағында шектеуді қолға алып жатыр. Осылайша қытайлық қосымшаны бұғаттау туралы заңды 352 депутат қолдаса, 65-і қарсы болды.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар