Балаларды қоғамдық көліктен түсіріп тастайтын жүргізушілерге айыппұл салынады
- авторjambylinfo.kz
- 21 ақпан, 2024
- 723
Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіргені үшін жүргізушілер мен кондукторлар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Мәжілістің жалпы отырысында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасына сәйкес, 16 жасқа толмаған баланы автобустан және өзге де қоғамдық жолаушылар көлігінен мәжбүрлеп түсіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылған.
«Біз баланы автобустан түсіріп тастағаны үшін жүргізушіні немесе кондукторды әкімшілік жазаға тартуды көздеп отырмыз. Егер кішкентай балаға ата-анасы үнемі ақша бермейтіні анықталса, онда біз әке-шешесін де жауапқа тарту мәселесін қоюымыз мүмкін. Әзірге 10 АЕК айыппұл салу ұсынылып отыр. Бірақ бұл мәселені екінші оқылымға дейін талқылаймыз, нақты айту әлі ерте», - деді ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп.
Сондай-ақ заң жобасында әр ауданда Отбасын қолдау орталықтарын ашу, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру, психологиялық және өзге де көмек көрсету үшін 111 байланыс орталығын құру, зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, қорқытуға ұшыраған кәмелетке толмағандарға көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу ұсынылып отыр.
Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз