бейсенбі, 21 қараша, 2024 20:01

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

"Отағасы туралы заң керек" : Бәпидің ұсынысын естіген депутаттар қол шапалақтап жіберді

"Отағасы туралы заң керек" : Бәпидің ұсынысын естіген депутаттар қол шапалақтап жіберді
Сурет: Парламент сайты
Мәжіліс депутаттары бүгін қоғамда әкенің рөлі азайып кетті дейді

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын заң жобасы талқыланды. Сұрақ-жауап барысында депутат Ермұрат Бәпи ер-азаматтардың рөлі төмендеп бара жатқанына алаңдап, отағасы туралы заң қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.  

Ермұрат Бапи Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қоғамдағы әке рөлін "сүмірейтіп жіберді" дейді. 

"Әкелерді бұл заңмен сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба? Осы залда отырғандардың көшілігі "әкең келе жатыр, әкең сазайыңды береді" деген тәрбиемен өстік қой. Осы тұрғыдан келгенде, сіз қалай ойлайсыз, әкенің, ер-азаматтың рөлін көтеру үшін бәлкім отағасы туралы заң қабылдауымыз керек шығар", - дейді Бәпи. Осы сәтте залда отырған халық қалаулылары қол шапалақтап жіберді. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Жұлдыз Сүлейменова әріптесінің ұсынысын қолдады. 


" Менің жеке позициям - әке асқар тау. Әкенің орны да, рөлі де қазақтың тәрбиесінде ерекше. Біз егер ұлт болашағы десек, әке деген сөзбен олар түгел байланысып, сабақтасып жатқанын жақсы білеміз. Бірақ біз бұл заңмен бір қолмен бесік тербеткен, бір қолмен әлемді тербеткен әйелдің қазіргі тұрмыстық қарым-қатынастағы патриархалдық озбырлығына белгілі бір тосқауыл қоятын баптарды енгізіп отырмыз", - дейді Сүлейменова. 

 
Сүлейменова да әкелер мен ер-азаматтардың болашағына алаңдайтынын айтады. 


"Өйткені біз елдің болашағын ұлдың болашағымен байланыстырған халықпыз. Бірақ конституцияның 33-бабында жынысқа бөлмей, әйел мен ер азаматтың теңдігі көрсетілген. Сондықтан мен сізді сендіргім келеді, бұл тек сізді ғана емес, жаңағы қол шапалақтауға байланысты бүкіл елдің сұрағы ғой. Егер әкенің рөлін, отбасындағы жауапкершілігін, бала тәрбиесіндегі ерекше орнын белгілейтін заң қажет болса, бірінші болып әзірлеуге, бірінші болып қабылдауға және оның орындалуына ана ретінде, елдің қызы ретінде өзім де атсалысқым келеді", - деп сендірді депутат. 


Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Бәпиге бүгін қаралып жатқан заң жобасы ерлердің де құқығын қорғайтынын айтты. "Егер отағасы жәбір көріп жатса,  бұл заң оны да қорғайды. Бәріне бірдей", - дейді Мәжіліс төрағасы.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар