Биыл су саласының 800-ден астам маманы біліктілікті арттыру курстарынан өтті
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 08:58
- 41
2025 жылдың 11 айында Су ресурстары және ирригация министрлігі су саласы мамандары үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырды. Бұл курстарға 800-ден астам маман қатысты.
Олардың ішінде 125 адам ҚХР-да PowerChina корпорациясының қолдауымен оқудан өтті. Айта кетейік, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен қытай тарапы келесі жылы да кадрларды қайта даярлау жөніндегі бірлескен бағдарламаны жалғастыруға келіскен болатын.
Біліктіліктерін арттырған 634 маман – жұмысшы мамандықтарының өкілдері. Сонымен қатар 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, биылғы жоспар 400 адамды құраған еді.
«Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылында су шаруашылығы мамандарының мәртебесін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, олардың жалақысы энергетика саласы мамандарының деңгейіне дейін көтерілді, біліктілікті арттырудың жаңа курстары өткізілді, маусымдық жұмысшылар тұрақты жұмыспен қамтылды және жалпы еңбек жағдайлары жақсартылды. Келесі жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.





