сейсенбі, 9 желтоқсан, 2025 23:56

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына не себеп

Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына не себеп
qaz365
Өкінішке қарай, өңірде ағымдағы жылы кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиілеп кетті. Дүйім жұртты алаңдатқан бұл жайт жергілікті атқарушы органның күн тәртібіндегі басты мәселесіне айналды десек қателеспейміз.

Осыған байланысты Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен суицидтің алдын алу мәселесін талқылау мақсатында сала мамандарымен бірқатар кеңес өткізді.

Маңызды жиынға қатысқан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаевтың айтуынша, 2025 жылдың 9 айында кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3 пайызға азайған.

Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өңірде 2 246 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 8 414 жасөспірім түрлі құқық бұзушылық үшін полиция бөлімдеріне жеткізілген. Бала тәрбиесіне салғырт қараған 175 қолайсыз отбасы және құқық бұзған 472 жасөспірім полицияның есебіне алынған.

– Есепте тұрған балалар және олардың ата-аналарымен тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте жасөспірімдердің мінез-құлқы, бос уақыты, тұрмыстық жағдайы мен оқу үлгеріміне ерекше назар аударылады. Соған қарамастан, девиантты мінез-құлық танытқан 19 жасөспірім арнайы режимдегі мектепке жіберілді, тағы 6 іс сотта қаралуда. Сонымен қатар 63 тұлға ата-ана құқығынан айырылып немесе шектелсе, 177 бала бейімдеу орталығына орналастырылды, – деді Б. Жанаев.

Ал білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Тараз қаласы мен аудандарда 48 жұмыс тобы құрылып, 445 білім беру ұйымында түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 60 896 оқушы мен 6 969 студент сауалнамаға қатысқан.

Ербол Қарашөкеев облыста балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстары әлсіз әрі тиімсіз жүргізіліп жатқанын атап өтіп, бұрын тіркелген деректерді терең талдауды тапсырды. Сондай-ақ аймақ басшысы білім беру ұйымдары мен ата-ана арасындағы байланысты нығайту, психологтардың кәсіби біліктілігін арттыру, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша нақты міндеттер жүктеді. Бұл бағыттағы жұмыстарға атсалысуы тиіс «Ақсақалдар», «Аналар» және Қоғамдық кеңесті, «Әжелер» мектебі мен үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетіне ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.

Осы ретте біз дәрігер маманның пікіріне құлақ түріп, жастар арасында белең алып бара жатқан өз өміріне қасақана қол жұмсауға итермелейтін факторлар туралы сұрадық.

– Суицидтік мінез-құлық қаупі бар жасөспірімдерді анықтау және қайғылы оқиғаның алдын алу білім беру ұйымдарының тікелей міндеті. Олардың дабылынан кейін жалпы тәжірибелік дәрігерлер және қажет жағдайда психиатрлар мен суицидологтар (баланың заңды өкілдерінің келісімімен) тартылуы мүмкін. Психологиялық көмекті жедел психологиялық көмек кабинеті мамандары және облыстық психикалық денсаулық орталығының «556-776» анықтама телефоны арқылы көрсетеді. Көмек анонимді түрде ұсынылады және мінез-құлықты түзету динамикасы бақыланады. Бүгінде «Ақсұңқар» UPDC психодиагностикалық құрылғысы іске қосылды. Оның негізгі мақсаты – кәсіби бағдар беру, кәсіптік таңдау және «тәуекел тобына» жататын тұлғаларды анықтау. Кәмелетке толмағандар арасындағы тәуекел топтарын анықтау олардың күнделікті жұмыс бағытына сәйкес білім беру ұйымдарының мамандарына жүктеледі. Психологтар сынып жетекшілерімен тығыз байланыста баланың психологиялық жағдайын бақылап отырады. Отбасының әлеуметтік ахуалы мен моральдық-психологиялық климаты ескеріледі. Денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары білім беру ұйымдарынан ақпарат алғаннан кейін ғана қажетті көмекті көрсете алады. Суицидтік мінез-құлық қаупі анықталған жағдайда жасөспірім заңды өкілдерінің сүйемелдеуімен алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығына жіберіліп, жалпы тәжірибелік дәрігерге қаралады. Қауіптің жеңіл және орташа дәрежесінде психодиагностикалық әрі емдік шаралар жүргізіледі, – деді облыстық психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Әуесханқызы.

 

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар