Еңбек жағдайын бақылау қатаңдайды: министр Жақыпова жаңа шараларды таныстырды
- авторБақытжан Бекболат
- 10 маусым, 2025
- 270

Қазақстанда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінде мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта инспекциялық қызметтің тиімділігін арттыруға арналған бірқатар жаңа шаралар ұсынылуда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Атап айтқанда, жұмыс берушілерді тексеру туралы алдын ала хабардар етуден бас тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнген жағдайда мемлекеттік инспекторларға кәсіпорын қызметін уақытша тоқтата тұру құқығы берілмек.
Жоспардан тыс тексерулер кезінде тексеру парақтарын толтыру міндетінен бас тарту ұсынылуда. Бұл өзгеріс бұзушылықтарды анықтау процесін жеделдетіп, тиімділігін арттыруға бағытталған.
Цифрлық кәсіпорын профилі енгізіледі
Светлана Жақыпованың айтуынша, Қазақстанда еңбек тәуекелдеріне жедел әрекет ету мақсатында кәсіпорындардың бірыңғай цифрлық профилін енгізу көзделіп отыр. Бұл жүйе еңбекті қорғауға байланысты барлық параметрлерді толық қамтып, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын кешенді бағалауға мүмкіндік береді.
Цифрлық профиль арқылы:
еңбек жағдайларын нақты бағалау және өзектендіру;
жеке қорғаныс құралдарын беру;
зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндерге кепілдіктер мен өтемақылар тағайындау;
еңбек қауіпсіздігі параметрлерін «Цифрлық кәсіпорын картасында» көрсету;
еңбек жағдайларындағы өзгерістерге жедел ден қою;
қауіптерді ерте анықтап, алдын алу шараларын жүргізу қамтамасыз етіледі.
Министрдің айтуынша, бұл жаңашылдықтар еңбек қауіпсіздігі мәдениетін арттырып, жұмыс орындарында қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.