"Хабар" арнасындағы ток-шоу күйеуі қолы мен омыртқасын сындырған әйелді тікелей эфирде оған қайта қоспақ болды
- авторМағжан Орынбасар
- 13 наурыз, 2024
- 917
Мемлекет есебінен қаржыландырылатын «Хабар» телеарнасында екі күн бұрын басталған тікелей эфирдегі «Бірақ» ток-шоуы зорлық-зомбылықты қолдады деген айыпқа тап болды. Осы материал жазылып жатқан кезде телеарна ютубтағы арнасынан бағдарламаның жазбасын алып тастаған, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Ток-шоудың екінші эфиріне 18 жыл бойы күйеуінен таяқ жеген Гүлмира Смайлова есімді азаматша қонаққа келді. Қазір алты баласымен Астанадағы дағдарыс орталығында жатқан әйелді дағдарыс орталығының басшылығы арқылы эфирге арна журналистері шақырған. Дағдарыс орталығының белсенділері мәлім еткендей, әйел эфирде маска тағып отырады деген уағдаластық болған және эфирге оны танитын адамдардан ешкім келмеуі керек еді. Алайда, хабар барысында, әйел әлі маскасын шешпеген кезде студияға оның күйеуі кіреді.
«Егер осы шоуды дайындап жатқан команда бұл әйелді мұқият тыңдаса, онда екі күн бұрын күйеуі орталыққа учаскелік полиция инспекторымен келіп, балаларды көруді талап етіп, аузына келгенін айтып кеткенін білер еді. Сонымен қатар, екі апта бұрын мас күйінде орталыққа келуі – оның әлі ішімдікті қоймағанын дәлелдейді. Осы ток-шоудағы жүргізушілер өзін кім деп ойлайтындары белгісіз, бірақ, егер еркек кіріп келіп, гүл беріп кешірім сұраса, әйелі мойнына асыла кетеді деп ойлады ма екен!? Алайда, олардың бұл әрекеті біздің үш айғы еңбегімізді жоқ қылды. Кейіпкер әйел тікелей эфирден кейін қайта ауыр күйзеліске түсті,-дейді орталық қызметкерлері.
Эфирден байқағанымыз, кейіпкердің күйеуі студияға өзіне өте сенімді түрде кіріп, көпшілікпен амандасқан. Сонымен қатар, провокация жасап, әйеліне «сен өтірік айтып отырсың, мен сені ұрған жоқпын, егер ақ болсаң, неге маска тағып отырсың?» дейді. Бұны естіген әйел маскасын шешіп, қатты жылаған күйі «қызым тікелей эфирде маскаңды шешпеші, ешкім көрмесін деп өтінді» дейді. Тікелей эфир барысында ол қатты жылап, күйеуі ұзақ жылдар бойы ұрып-соғатынын, алайда, балалары үшін кешіргенін, бірақ қолы мен омыртқасын сындырғанда оны ешкім аямағынын айтып, өксігін тоқтата алмады.
Кенет, эфир жүргізушісі әйелге зорлық-зомбылық көрсетіп келген ер адамның қолына бір букет гүл мен ақ аю ұстатады. Оны көрген кейіпкер «маған ештеңе керек емес, сенен құтылғаныма шүкір, ешқашан кешірмеймін» деп сыйлықтан бас тартады. Екінші жүргізушісі сол сәтте қазір қасиетті Рамазан айы екенін айтып, әйелді сабырға шақырады.
Бұл ток-шоу бүгін әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көрермендер әйелді осыншама күйзеліске түсірген шоудың жабылуын талап етті. Желідегі қатты сыннан кейін телеарна басшысы желі қолданушыларының жазбасына пікір қалдырып, шоу шынымен әйелді абьюзер күйеуімен қосуды мақсат тұтқанын мойындады.
«Кешегі эфирде бір отбасының мәселесін көрсету арқылы мүмкіндігінше ерлі-зайыптыларды татуластырып жіберуді көздеген едік. Өкінішке қарай, бұл мүмкін болмады», - деп жазды «Хабар» телеарнасының басшысы Кемелбек Ойшыбаев.
Сонымен қатар, ол әлеуметтік желідегі жеке парақшасында кейіпкер Гүлмира Смайлова мен "Қорғау-Астана" кризистік орталығының ұжымынан жеке кешірім сұраған.
"Хабар" арнасындағы жұрттың ашуына тиген ток-шоу жабылды
Ұқсас жаңалықтар
Атырауда құтқарушылар саусағы шайбаға кірген балаға көмектесті
- авторМағжан Орынбасар
- 22 желтоқсан, 2024
«Көзіне пышақ кіріп кеткен». Петропавлда үш жасар сәби ауруханаға түскен
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024