жексенбі, 22 маусым, 2025 13:05

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Киік етін өңдеу: Қай өңірлерде комбинаттар іске қосылуы мүмкін

Киік етін өңдеу: Қай өңірлерде комбинаттар іске қосылуы мүмкін
gov.kz
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, қазір киік етін өңдеу мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Министрдің мәліметінше, елімізде 13 ет комбинаты киік етін қабылдап, өңдеуге дайын, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бұл кәсіпорындар тәулігіне 3700 басқа дейін өңдей алады.

— Бұл — өте өзекті мәселе. Бізде киік етін өңдеуге, оны тұтас немесе жартылай түрде өткізуге арналған стандарттар бар. Егер реттеу жұмыстары қолға алынса, ет тек арнайы комбинаттар арқылы өткізіліп, барлық санитарлық талаптар қатаң сақталады. Өнім халыққа қауіпсіз жағдайда жеткізіледі. Ет бөлшек саудаға да, қайта өңдеуге де бағытталады. 2023 жылдан бастап бірқатар комбинаттармен жұмыс жүргізіліп келеді, олар енді өндіріс көлемін ұлғайтқысы келеді. Сонымен қатар, бизнес тарапынан жаңа қоймалар мен өңдеу кәсіпорындарын салуға да қызығушылық бар, – деді министр Сенатта өткен брифингте.

Киік етін өңдеумен бұл жануарлар көптеп таралған өңірлер айналыспақ. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы комбинаттар жұмысқа кірісуге дайын.

Сондай-ақ, 27 мамырда Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нүркен Шәріпов киік популяциясына қатысты Зоология институтының ғылыми қорытындысы 1 маусымға дейін дайын болады деп мәлімдеген еді. Алайда әзірге зерттеу нәтижелері толық аяқталған жоқ.

— Біз қазір сол ғылыми негіздемені күтіп отырмыз. Онда реттеу жұмыстарының мерзімі, көлемі, орны мен тәсілдері нақты көрсетіледі. Дала жұмыстары аяқталған, енді тек қорытынды өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Ғалымдардың айтуынша, олар жұмысты тәмамдауға жақын. Сәл кешігу себебі — аңшылық маусымының аяқталуын күткен едік, – деді Ерлан Нысанбаев.

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар