Наурыз қарсаңында алматылық ұландықтардың автопаркі заманауи техникамен толықты
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 09:51
- 34
Алматы және Түркістан қалаларында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери бөлімдері жаңа автопатрульдермен толықты. Айрықша мәнге ие бұл оқиға жаңару мен бірліктің мерекесі – Наурыз мейрамы қарсаңында өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жаңа автокөліктер Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековке таныстырылды.
Генерал-майор А. Балтабеков қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін атқаратын әскери бөлімдердің техникалық базасын жаңарту маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Ұлттық ұлан қоғам тыныштығын, заң мен тәртіпті қорғауда. Қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау жоғары дайындық пен жедел әрекет етуді талап етеді. Жаңа автопатрульдер бөлімшелердің әлеуетін едәуір арттырып, қызмет тиімділігін күшейтеді деп сенемін, – деді Бас қолбасшы.
Жаңадан келген техника патрульдік қызметтің сапасын жақсартуға, шақыртуларға әрекет ету уақытын қысқартуға және азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, материалдық-техникалық базаны жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қысқа уақыт ішінде Ұлттық ұлан бөлімшелеріне 336 заманауи техника жеткізілді, оның ішінде 120-дан астамы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері арасында үлестірілген.
Автопарктің жаңартылуы – елдегі тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін орындауда Ұлттық ұланның жауынгерлік әзірлігін нығайтуға және қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған кезекті қадам.






