Қоянбайдағы алапат өрт: құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеуде
- авторБақытжан Бекболат
- 5 сәуір, 2025
- 394

Абай облысында басталған дала өрті "Семей орманына" жайылып, ТЖМ өртті ауыздықтау үшін күштер мен техниканы күшейтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
4 сәуір күні күндіз Абай облысы Бесқарағай ауданы Ерназар ауылдық округіне қарасты Қоянбай ауылында құрғақ шөп өртеніп, қатты жел салдарынан өрт жылдам таралды. Тілсіз жау ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты "Семей орманы" МОТР Морозов филиалының орман алқабына ішінара жайылды.
Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтың нұсқауымен оқиға орнындағы құтқарушылар тобы күшейтіліп, "Семей орманы" қызметкерлеріне көмек көрсетілуде және өртті жылдам оқшаулау шаралары қолға алынды.
Жедел штаб жұмысына ТЖМ вице-министрі Батырбек Әбдішев жетекшілік етуде. Сонымен қатар, өрт сөндіру қызметі комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев оқиға орнына дереу жетті.
"Өртті сөндіру жұмыстарына Абай және Павлодар облыстарының төтенше жағдайлар департаменттері, "Семей орманы" мен "Ертіс орманы" орман шаруашылықтарының мамандары, сондай-ақ жергілікті әкімдік өкілдері жұмылдырылған. Барлығы 240 адам мен 96 техника бірлігі тартылды. Қазіргі уақытта облыстың ТЖД бастығы Манарбек Шапағатовтың қатысуымен әуеден барлау жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Министрлік өрттің таралуына жол бермеу үшін Экология министрлігіне толыққанды қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдай толық бақылауда.