Ауыл шаруашылығының болашағы – білім мен ғылымда
- авторБақытжан Бекболат
- 4 сәуір, 2025
- 135

Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Құлан агротехникалық жоғары колледжінде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында халықаралық деңгейдегі маңызды ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Конференцияның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулер мен кәсіптік білімнің өзара байланысын нығайту, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру мазмұнын жаңарту арқылы аграрлық саладағы білім сапасын арттыру.
Іс-шара аясында бірқатар маңызды нысандар ашылды. Атап айтқанда, оқу орнында балық және көкөніс өсіруге арналған акважылыжай, колледждің ардагер ұстазы, ветеринария ғылымдарының кандидаты Орынбаев Бармақ Орынбайұлы атындағы кабинет, сондай-ақ оқу орнының ғасырлық тарихынан сыр шертетін мұражай пайдалануға берілді.
Конференция жұмысына Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері қатысты. Олардың қатарында Султан Ибраимов атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университетінің агротехникалық колледж директоры Курманкулов Тұрсынбек Сагынович, Зангиатин агротехнологиялық техникумының директоры Муратова Магфура Махамадовна, сондай-ақ еліміздің жетекші ғалымдары – профессор Абдрахманов Сәрсенбай Қадырұлы, профессор Қасенов Мархабат Мелісбекұлы, профессор Намет Айдар Мұқаметұлы және академик Орынбаев Мұхит Бармақұлы өз баяндамаларын ұсынып, тәжірибе алмасты.
Сонымен қатар конференция аясында халықаралық және республикалық деңгейде бірқатар ынтымақтастық келісімдерге қол қойылды. Құлан агротехникалық жоғары колледжі «MVA Group ғылыми-зерттеу өндірістік орталығы» ЖШС, «Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институты» ЖШС, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстандағы аграрлық оқу орындарымен әріптестік туралы шарттар жасасты.
Шараға 150-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында сегіз ғылыми қызметкер, шетелдік колледждерден келген бес өкіл, ветеринария мамандығы бойынша республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің жетекшісі, облысқа қарасты колледж педагогтері және 45 ардагер ұстаз бар.
Бұл конференция аграрлық саладағы халықаралық ынтымақтастықты арттырып, кәсіби білім мен ғылымды ұштастыру арқылы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына серпін беретін маңызды алаңға айналды.