сәрсенбі, 25 желтоқсан, 2024 19:27

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Павлодарда автосалон сырланған машинаны жаңа көлік ретінде сатып жіберген

Павлодарда автосалон сырланған машинаны жаңа көлік ретінде сатып жіберген
Коллаж: pavon.kz сайтынан алынды
Павлодар облысында сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, департаментке 5 айда 658 өтініш түскен

Өтініштердің бірінде тұтынушы тауарды айырбастаудан және қайтарудан бас тарту мәселесі бойынша жүгініп, тұтынушы автосалоннан жаңа көлік сатып алып, машинаны қабылдау кезінде бамперден сынық тапқанын мәлімдеген, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Содан кейін тұтынушы автокөлікті автосервистегі арнайы құрылғымен тексерткен кезде автосервис бампер мен жүк салғыш қақпағының қайта боялғанын анықтайды. Осы мәселеден кейін тұтынушы тауарды айырбастау және автосалонға және өндірушіге қайтару бойынша талап қойған. Алайда оның өтініштері нәтиже бермеген.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 15 бабының 1-1 тармағына сәйкес, техникалық жағынан күрделі тауарға және оның құрамдасына қатысты тұтынушы техникалық жағынан күрделі тауардың елеулі кемшілігі болған жағдайда ғана ұқсас маркалы тауарға ауыстыруды не сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы дәл сондай тауарға ауыстыруды, не шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшаны қайтаруды талап етуге құқылы.

Тұтынушы Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Осы орайда «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 30 бабының 2-1 тармағына сәйкес, тұтынушы техникалық  жағынан күрделі тауардың елеулі кемшілігін анықтаған және ол шартты бұзу және тауар үшін төленген ақшаны қайтару туралы талап қойған жағдайда, техникалық жағынан күрделі тауарды және оның құрамдасын сатушы осы талапты үш жұмыс күні ішінде қанағаттандыруға міндетті. Ал оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, техникалық жағынан күрделі тауарды және оның құрамдасын сатушы осы талапты отыз жұмыс күні ішінде қанағаттандыруға міндетті.

Өтінішті қарау аясында Департамент автосалонға сауал жолдады. Нәтиже бойынша автосалон бампер мен багажниктің қақпағын жаңасына ауыстырып, сонымен қатар тұтынушыға тегін техникалық қызмет көрсеткен.

Алдағы уақытта тұтынушы осындай жағдайға тап болса, өз құқықтарын қалпына келтіру үшін сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласуға тиіс.

Құралай Сейсенбекқызы
Автор

Құралай Сейсенбекқызы

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар