ШҚО-да 2000 гектар аумақты қамтыған өрт сөндірілді
- авторБақытжан Бекболат
- 15 сәуір, 2025
- 160

Шығыс Қазақстан облысындағы 2000 гектар аумақты қамтыған өрт ауыздықталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Зайсан ауданына қарасты Біржан ауылдық округіндегі Шүбірағаш учаскесінде қамыс пен басқа да құрғақ өсімдіктер тұтанған. Өрт шыққан аумақ батпақты әрі ашық болғандықтан, өрт сөндіру жұмыстары қиынға соқты. Сонымен қатар, екпіні 20 м/с-қа дейін жеткен қатты жел де кедергі келтірді.
Өртті сөндіруге ТЖМ, орман шаруашылығы және жергілікті атқарушы органдардың 85 маманы мен 15 техникасы жұмылдырылды. Сонымен қатар, ТЖМ-нің 12 құтқарушысы бар авиациясы да іске қосылды.
«Авиациямен 32 рет су төгілді, бұл – 90 тоннадан астам су. Сонымен қатар, өртті жер үстімен де сөндіру жұмыстары жүріп жатыр. Біржан ауылы маңында шөпті жырту (опашка) жұмыстары жүргізілді. Елді мекенге төнген қауіп сейілді», – деп хабарлады ТЖМ өкілдері.
Өрт алдын ала мәлімет бойынша 2000 гектар аумақты шарпыған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.