Шардара су қоймасынан заңсыз су тартқан 24 насос анықталды
- авторБақытжан Бекболат
- 2 маусым, 2025
- 164

Түркістан облысында Су ресурстары және ирригация министрлігінің қызметкерлері Шардара су қоймасынан су тартуға арналған 24 заңсыз насос қондырғысын тапты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Мониторинг нәтижелері иелерін анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жолданды. Кейін бұл материалдар бассейндік инспекцияға өткізіліп, заң бұзушыларды жауапқа тарту шаралары қолға алынады. Жергілікті атқарушы органға тиісті ұсынымдар берілді», – делінген министрлік хабарламасында.
Қаңтар-наурыз айларында бассейндік инспекциялар 20 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 26 құқықбұзушылықты анықтаған. 10 нұсқама беріліп, 13,3 миллион теңге көлемінде 133 әкімшілік айыппұл салынған.
Министрлік өкілдері 10 маусымнан бастап жаңа Су кодексі күшіне енетінін еске салды. Жаңа заңға сәйкес, енді бассейндік инспекцияларға қадағалау өкілеттіктері беріледі және олар шұғыл әрекет ету шараларын қолдана алады. Сонымен қатар, су заңнамасын бұзғандар үшін әкімшілік кодекске сәйкес жауапкершілік те күшейтілмек.