Шығыны екі есе өскен жетістіктер спортында лайықты нәтиже жоқ – Президент
- авторМағжан Орынбасар
- 27 тамыз, 2024
- 561
Президент соңғы бес жылда жоғары жетістіктер спортына шығын екі есе өскенімен, соған лайық нәтиже жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
– Салалық министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысында олқылық көп әрі өзара үйлесімді жұмыс жоқ деп санаймын. Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайға жол беруге болмайды! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте Президент бүгінде әр өңір қандай спортты қолдайтыны туралы шешімді өз бетінше қабылдайтынын сынға алды. Үкіметке жағдайды бақылауға алып, спортқа қатысты мекемелердің барлық деңгейіндегі басқару вертикалін қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар еліміздің спорт қауымдастығы мен шетелдерде Ұлттық олимпиада комитетінің беделін көтеру туралы міндет жүктеді.