Светлана Жақыпова екі аяғынан айырылған қыз балаға қандай жәрдемақы берілетінін айтты
- авторБақытжан Бекболат
- 18 маусым, 2025
- 203

Астанада автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған қызға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетіні туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтып берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
– Оның анасымен сөйлестік. Протездеу және оңалту бойынша қызметтердің барлығын өзіміздің мойнымызға аламыз. Қыз бала Егіндікөлдегі аудандық емханаға тіркелген. Дәрігерлер жеке оңалту бағдарламасын әзірлейтін болады. Қыз бала мен оның анасын мемлекет өмір бойы қамқорлығына алады. Қос аяқтың ампутациясы – бірінші топтағы мүгедектік болып есептеледі. Қыз балаға 100 мың теңгеден астам жәрдемақы төленеді, ал анасына бала күтімі үшін 78 мың теңге беріледі. Бұдан бөлек, анасы көпбалалы ретінде тағы да жәрдемақылар алады, – деді министр мәжіліс кулуарында.
Еске сала кетейік, 2 маусым күні кешке Астанадағы Республика даңғылында жолаушылар автобусы бағанаға соғылды. Жүргізуші манёвр кезінде рөлге ие бола алмаған. Жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалып, автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиға салдарынан 15 адам ауруханаға жеткізілді. 2017 жылы туған қыздың аяқтарын ампутациялауға тура келген. Астана әкімдігі барлық зардап шеккендерге материалдық және өзге де қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады. Қызға 19,6 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемі берілді. Сонымен қатар, оның отбасына төрт бөлмелі пәтерге сертификат табысталды.