Қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай: Денсаулық сақтау министрлігі иммундау шараларын күшейтуді жалғастыруда
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 13:21
- 36
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, эпидемиологиялық мониторинг жұқтырғандар санының өскенін көрсетуде. Бұл, негізінен, нысаналы жас топтарындағы балалардың вакцинацияшаумен жеткіліксіз қамтылуына байланысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
2026 жылдың басынан бері елде қызылшаның 4 184 жағдайы тіркелді. Ауру жұқтырғандардың 83,8%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды.
Өткен аптада сырқаттанушылық көрсеткіші алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 1,3 есеге артты.
Науқастардың егу мәртебесін талдау көрсеткендей, жұқтырғандардың 77%-ы — екпе алмаған адамдар. Вакцинациялаудың болмауының негізгі себебі (55% жағдайда) — ата-аналардың бас тартуы.
Осыған байланысты мынаны ерекше атап өткен жөн: вакцинациялау — аурудың ауыр салдарының алдын алудың жалғыз тиімді тәсілі.
Қазіргі уақытта инфекция ошақтарын оқшаулау және оның таралуын болдырмау мақсатында ел аумағында ауқымды эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде.
Атап айтқанда, балаларды жоспарлы және толықтырушы вакцинациялау жалғасуда. Ауру ошағында байланыста болған адамдарға шұғыл вакцинациялау жүргізіледі.
Сондай-ақ байланыста болған адамдарға 21 тәулік бойы күнделікті медициналық бақылау ұйымдастырылған. Балабақшаларда қызылша жағдайлары тіркелген кезде егілмеген балалардың келуі уақытша шектеледі.
Иммунопрофилактика мәселелері жөніндегі Республикалық штаб отырыстарында аумақтық денсаулық сақтау департаменттері басшыларының есептері қаралады. Атап айтқанда, Жамбыл облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастамасымен иммундық препараттарды сатып алуға қосымша қаражат бөлінді.
Барлық өңірлерде медицина қызметкерлері үшін вакцинамен басқарылатын инфекцияларды диагностикалау және пациенттерді клиникалық жүргізу мәселелері бойынша 4 000-нан астам семинар өткізілді.
Соңғы 8 жылдың ішінде елде вакцинациялаудан бас тарту жағдайлары 4,8 есеге артқанын айта кету керек. Бұл үрдіс ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне тікелей әсер етіп, жағдайды толық тұрақтандыруға кедергі келтіруде.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды жауапкершілік танытып, балаларды Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес вакцинациялау үшін тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарға уақтылы жүгінуге шақырады.



