Жігер Ауыпбаев Қойшы баланы қойып, жылқышы балаға ауысты
- авторҚұралай Сейсенбекқызы
- 4 маусым, 2024
- 1.3k
Танымал әнші Жігер Ауыпбаев Алматы облысы, Кеген ауданы, Бөлексаз ауылында тұратын Айдос Қаден есімді қойшы баланы бауырына басқанына өнерсүйер қауым куә болған еді, деп жазады jambylinfo.kz.
«Әзірге ашып айтпай-ақ қояйын. Бәлкім уақытша нәрсе шығар деп ойлаймын. Себебі мен қойшы баланы үш жыл бұрын жайлаудан Алматы қаласына алып келіп, үйімнен орын беріп, мектебіне жайғастырып, оқуын реттеп, продюсері болмасам да ұстазы ретінде қайда барсам бірге ертіп жүрдім. Ол менің балам емес, ата-анасы бар дегендей. Бірақ неге олай болғанын өзім де түсінбей қалдым. Себебі алда үлкен жоспарлар бар еді. 11-сыныпты бітіртіп, одан кейін оқуына дайындап жатқан болатынмын. Өкінішке қарай, осылай болып тұр. Бала қазір өтпелі кезеңде жүр. Бәлкім өз қалпына келгеннен кейін оралар. Менің қанатымның астына өткеннен кейін үш айдан кейін өтпелі кезеңі басталды. Мінезі өзгере бастады», – дейді әнші "Хабарлайық" бағдарламасына қатыса отырып.
Жалпы Жігер Ауыпбаев продюсер деген сөзге қарсы екенін жиі айтады. Ол қолынан келгенше тасада қалған талантты балаларды ширатып, қамқорлық танытып, қолдау көрсеткісі келеді.
«Райымбек ауданында ән сапармен барғанда қойшы баланы таптым. Енді өнерге қосамын деп жатқанымда кетіп қалды. Қаншама жоспар аяқсыз қалды. Ештеңе айтпастан бір күнде кетті. Содан жылқышы балаға көзім түсті. Қазақ өнерін биікке көтеретін мықты маман болатынына сенімдімін», –деген эстрада жұлдызы әлеуметтік желіде «Бозторғай ана» әнімен танылған Береке Мұратқа ұстаздық етуді бастағанын жеткізді.