Қазақстанда 743 000 теңге зейнетақы алатын бір ғана қария бар
- авторjambylinfo.kz
- 13 ақпан, 2024
- 2.2k
Қазақстандағы 2 млн 320 мың зейнеткердің ішінде бір ғана қария ең максималды төлем, яғни, айына 743 мың теңге көлемінде зейнетақы алады. Бұл туралы jambylinfo.kz редакциясының ресми сауалына жауап берген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры хабарлады.
БЖЗҚ-ның ресми жауабындағы мәліметке сүйенсек, 2024 жылдың ақпан айында 2847 зейнеткердің зейнетақысы 100 мың теңгеден асқан.
«2023 жылы БЖЗҚ-дан берілген ең жоғарғы зейнетақы төлемі шамамен 743 мың теңге болды. Бұл мөлшер максималды мән ретінде ұсынылған, сәйкесінше, Қордан берілетін зейнетақы төлемінің ең жоғарғы сомасы бір алушыға ғана тиесілі. Биыл ақпан айының басына 2847 алушының зейнетақы төлемі 100 мың теңгеден асты», - деп хабарлады ресми сауалымызға жауап берген БЖЗҚ.
Дереккөзге сүйенсек, Қазақстанда базалық, ортақ, міндетті және ерікті зейнетақы жарналарынан төленетін жинақтаушы деңгейлерден тұратын көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Биыл мемлекеттен төленетін базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 28 215 теңге, ал, ең жоғарғы мөлшері 45 578 теңге болған. Ортақ зейнетақының ең төменгі мөлшері – 57 853 теңге. Ал, міндетті және ерікті жарналар есебінен тағайындалатын зейнетақы мөлшері адамның жұмыс өтілі мен алып жүрген жалақысына байланысты болады.
Бұл ретте, БЖЗҚ «Дербес деректер және оларды қорғау туралы Заңға» сүйене отырып, Қазақстанда ең максималды зейнетақы алатын жалғыз адамның жасын, еңбек өтілін және қандай ұйымда жұмыс істейтінін жария еткен жоқ.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз