Түзету мекемесінде татуировкаға қарсы насихат жүргізілді
- авторМағжан Орынбасар
- 21 мамыр, 2025
- 214

Жуырда Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №58 мекемесінде жазасын өтеушілер арасында татуировкаларды жою мәселесіне арналған арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шараның мақсаты – сотталған азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау және қылмыстық субмәдениеттен бас тарту мәдениетін қалыптастыру.
Мекеме қызметкерлері жазасын өтеушілерге татуировкалардың мән-мағынасы, олардың теріс ықпалы, соның ішінде қылмыстық әлемдегі иерархиямен байланысы және болашақ өмірге кері әсері туралы кең көлемде ақпарат берді. Әсіресе, денеге салынған кейбір таңбалардың өз иесіне бейбіт өмірге қайта оралуда қиындық тудыратыны, жұмысқа орналасу немесе қоғамға сіңісу барысында түрлі кедергілерге себеп болатыны айтылды.
Түсіндіру барысында жазасын өтеушілер татуировканың денсаулыққа зияны, инфекция қаупі және эстетикалық жағынан қолайсыздығы жөнінде де толық мағлұмат алды. Көптеген азаматтар алғаш рет қылмыстық ортада бейімделу үшін немесе эмоциялық қысыммен татуировка жасатқанын айтып, ендігі жерде оны жою туралы ойланғандарын жеткізді.
Мұндай тәрбиелік шаралар – қылмыстық-атқару жүйесінде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-психологиялық түзету жұмыстарының бір бөлігі. Олар адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына, болашақта қателігін қайталамауына және қоғамға бейімделуіне оң ықпал етеді.
Түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, ерікті түрде татуировкаларды жоюға ниет білдірген азаматтарға тиісті көмек көрсетілетін болады.