сенбі, 23 қараша, 2024 19:59

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«ARAI»-мен бірге шығармашылық қуатым өсті»

«ARAI»-мен бірге шығармашылық қуатым өсті»
ашық дереккөзі
«ARAI»-мен бірге шығармашылық қуатым өсті»

Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Журналистер одағының мүшесі

Шапқан аттай, атқан оқтай зулаған уақыт-ай! Күнделікті қарбалас тіршілікпен арпалысып жүріп уақыттың қалай өтіп жатқанын кейде сезінбей де қалатынымыз рас. Бүгінде ақпарат кеңістігінен өзінің тиісті орнын тапқан, бет-бейнесі айқындалған «АRAI» газетінің «жарық дүниеге келгеніне» көзді ашып-жұмғанша 15 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде газет барынша ширығып, жетіліп, қанатын кең жайып облыс жастарының арасында ғана емес, жалпы халық арасында танылып, өзінің мыңдаған оқырманын тапты. Апта сайын шығатын басылымның әр санын көпшілік ынтыға күтіп отырады. Өйткені онда жарияланып жатқан сан тақырыптағы тартымды мақалалар тек жастарды ғана қызықтырмай, жалпы оқырмандардың көңілінен шығып жатады.

Газеттің алғашқы бас редакторы, белгілі журналист, ақын, жазушы-драматург Болат Бекжан бір лек жас журналистерді тәрбиелеп шығарды. «ARAI» көптеген жас журналистің қанатын қатайтып, шар болаттай шыңдаған, қалыптастырған басылым болды десек қателеспейміз. «АRAI»-дың қабырғасынан талантты ақын, журналист Хамит Есаман (қазір республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысы бойынша тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры), белгілі ақын, журналист Табиғат Абаилдаев (облыстық «Аq jol» газетінің бөлім меңгерушісі), қарымды қаламгер-журналист Есет Досалы (облыстық «Аq jol» газетінің тілшісі) және басқалар түлеп ұшты. Әрине бұл тізімді әрмен қарай да жалғастыра беруге болады. Облысымызда, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатқан, өз салаларының білікті маманына айналған «ARAI»-дың шәкірттері аз емес. Газет ұжымын әр жылдары басқарған Оралхан Дәуіт, Гүлнұр Ембердиева, Масат Берік, қазіргі бас редакторы Дәулет Төленді басылымның әр санының қызықты, тартымды болуына көңіл бөліп, көптеген тың жаңалықтар енгізді. Басылымның дизайндық көркін, түр-түсін, пішімін қазіргі заман талаптарына сәйкестендірді. «Газет – мыңның құлағы, мыңның үні» дегендей, «АRAI» газеті бұл күндері көпшіліктің газеті, яғни мектеп оқушысынан бастап, белі бүгілген қартқа дейін қызыға оқитын газеттің біріне айналды. Жалпы бұрнағы жылдардағыдай емес, қазіргі журналистерге қойылатын талап күшейді. Журналистер уақыт барометрі болғанын көпшілік қалайды. Сондықтан да қалам ұстаған баспасөз өкілдері барынша уақыт тамырының әрбір лүпілін дер кезінде сезініп, қоғамдағы кез келген өзгерісті алдын ала болжап, көптің ойынан шығатын, елді қызықтыратын тартымды мақалалар жазуы тиіс. «АRAI» жастар газеті болғаннан кейін қазіргі жас ұрпақтың рухын көтеретін, ұлттық, патриоттық сезімін оятатын, Отанын, туған жерін ардақтап, құрметтейтін, ата-баба дәстүрін жаңғыртып, жаңартып, жетілдіруге тәрбиелейтін басылым болғаны жөн. Әрине танымдық, тарихи дүниелерді де көлеңкеде қалдырмағаны дұрыс. Қазақта «Ауыл – алтын бесігіміз» деген қанатты сөз бар. Шынында солай. Халқымыздың талай белгілі азаматтары, ғалымдары, ақын-жазушылары, актерлері мен әншілері және де басқа ұлт тұлғалары ауылдан шыққан. Өкінішке қарай соңғы кезде ауылымыздың ажары кете бастағанын мойындауымыз керек. Жастар легі қазіргі үрдіс – урбанизацияны желеу етіп қалаға бет алды. Кейбір ауылдарда тек қарт-зейнеткерлер тіршілік етуде. Тіпті трактор, комбайн, машина рөліне отыратын, қозы қайырып, қой бағатын жастар қалмай барады. «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы да өз тиімділігін көрсете алмай тұр. Осы айтылған ауыл проблемасы көптің көңілінде жүрген, толғандырар басты мәселелердің бірі. Сондықтан жастар газеті мәнді мәселеге көңіл аударып, мезгіл-мезгіл ауыл тыныс-тіршілігін көрсетіп тұрғаны жөн болар еді. «Қазіргі жастарда рухани жұтаңдық басым болып барады» деген пікір соңғы кезде жиі айтылады. Расында да қазіргі жастар қолына кітап, газет-журнал алып, оқып-ізденіп, ой-өрісін, білімін толықтыруға көңіл бөле бермейді. Тәрбиені күні-түні ұялы телефоннан, теледидардан алып жүргендері жасырын емес. Бұл – ХХІ ғасырдың басты мәселелерінің біріне айналғанын мойындағанымыз жөн. Жас буынды мәнді тәрбиелеу барлығымыздың парызымыз. Газет бұл істен сырт қалмауы керек. Газеттің басты міндеттерінің бірі де сол. Сондықтан газеттің әр санында халықты елең еткізіп, жастарға тәлім-тәрбие беретін, ұлттық сезімін, рухын оятатын, өзіне тартатын, ой салатын қызықты мақалалар жарияланып тұрғаны дұрыс. Дәрігер және оқырман, тұрақты автор ретінде мен «АRAI» газетінің алғашқы саны жарық көрген уақыттан бері араласып, атсалысып келемін. Осы жылдар ішінде біршама мақалаларым газет бетінде жарық көрді. Оларға көпшілік әртүрлі баға беріп жатты. Газетпен бірге менің де шығармашылық қуатымның өскені рас. Ол үшін газет ұжымына, журналистерге қарыздармын. Көп жылдардан бері сүйікті басылымдарымның біріне айналған «АRAI» газетінің қызметкерлерін мерейлі 15 жылдығымен құттықтаймын. Арайлап атқан әр таңдарыңыз жақсылыққа, қуанышқа, бақытқа, табысқа толы болсын! Еңбектеріңіз әркез елдің ойынан шығып, жарасымды жаңа жетістіктерге жете берулеріңізге шын жүректен тілектеспін!

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар