сенбі, 23 қараша, 2024 23:24

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Талантты жастардың мінбері

Талантты жастардың мінбері
ашық дереккөзі
Талантты жастардың мінбері

Хамит ЕСАМАН, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің облыс бойынша меншікті тілшісі

Осыдан 15 жыл бұрын, яғни 2005 жылы Әулиеата өңірінде жастардың облыстық «Ар-ай» газеті ашылды. Бүгінгі «АRAI»-дың алғашқы аты осындай еді. Бұл – жастардың ойын ашық айтқысы келетін, жоспарларымен бөлісіп, жетістіктерін насихаттауға ынталы, талантты, талапты жастарға берілген мінбер еді. Содан бері аталған басылым бұқараның сөзін билікке жеткізуде, жастардың шығармашылығын насихаттауда белсенді болып келеді. Бүгінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, айтары, орнықты ойы бар газетке айналды. Ең бастысы – осында талантты журналистер шоғыры қалыптасып, қазіргі кезде олардың алды республикалық басылымдарда, құзырлы орындардың баспасөз қызметінде, телеарналарда еңбек етуде. «АRAI» арқылы кезінде көтерілген аудан, ауылдардағы көп мәселелер шешімін тапты. Тіпті мәдениет, руханият салаларына қатысты дүниелер жазылғанда, оны сол кездегі облыстың атқамінерлері оқып, мәселені шешуге тиісті басшыларға пәрмен бергенін білеміз. Мен өзім де «АRAI» газетінде он жылға жуық жұмыс істедім. Қаламымызды ұштап, ойымызды қалыптастырған басылымнан алғанымыз көп. Газеттің алғашқы бас редакторы Болат Бекжанов мені де бірқатар журналистермен қатар, сол 2005 жылы жұмысқа қабылдады. Басылымның алғашқы санын шығаруға қатыстық. Әуелі тілші, одан кейін әдебиет, мәдениет бөлімінің меңгерушісі болдық. Жамбыл жерінде жарық көрген газеттің аты осы жерде ғана емес, Алматы сияқты алып шаһарда да белгілі болды. Бірде Алматыға барғанымда ақын, әдебиет сыншысы, марқұм Әмірхан Балқыбекпен жолығып қалдым. Сол күні әйгілі ақын Қадыр Мырза-Әлімен сұхбат алуым керек еді. Сол үшін келгенімді айттым. Сонда ол «Сендер мықтысыңдар ғой, ей. Жастар газетіне Қадыр ақыннан сұхбат алғалы жүрген неткен батылсыңдар. Егер, тағы да мықтылар керек болса, Қабдеш Жұмаділов ағамыздан сұхбат алсайшы. Жастар үшін көп нәрсе айтады», деді. Бірақ сол жолы ол кісімен жолығудың реті келмеді. Есесіне, Қадыр ақынның көлемді сұхбаты жарияланды. Сол сияқты, Әкім Тарази, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов, Несіпбек Дәутайұлы, Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Маралтай Райымбекұлы және тағы да басқа әдебиет қайраткерлерінің алдын көріп, сұхбат алдық. Бірқанша мәселелер көтерілді. Біраз нәрсе жазылды. Мұның бәрі де сол кезде жаңадан жазып жүрген біз сияқты жас журналистерге берілген мүмкіндік еді. Апта сайын жас таланттардың әдеби шығармалары жарияланып тұрды. Осы газетте алғашқы өлеңдері жарияланған жас ақындарға танымал тұлғалардың бата бергені де оқырман жадында. Жалпы қоғамда келелі мәселелерді көтеру үшін журналистердің еңбегіне сүйенетін жағдай көп. Қарапайым халықтың су, газ, жол сияқты жанайқайы билікке басылым арқылы жетеді. Өкінішке қарай қазір көпшілік әлеуметтік желіге жарты ауыз сөз жазғанның көбін журналист деп қарайтын болды. Әлбетте мұндайлар бір мәселені індетіп зерттеп, бірнеше адамның пікірін саралап беретін шын журналистерге тең емес. Шын журналистің бітімі басқа. Оқырман ретінде «АRAI» газетінің алғаш жарыққа шыққан нөмірінен бастап бүгінге дейін аралықтағы ұстанымынан, бағытынан айнымағанын көруге болады. Бірінші кезекте аталған басылым аз ғана уақыттың ішінде журналистер дайындайтын шеберханаға айналды. Қазірдің өзінде мұнда жазу мәнері қалыптасқан, жас та болса жетесіне жеткізіп жаза білетін журналистер жұмыс істеп жүр. Еліміздегі, өңірдегі іргелі басылым­дардың тәжіри­бе­сін өзіндік ұста­ны­мы­мен саралап, содан қорытынды шы­ға­ра білген, аз уақыт­та аймақ тұрғын­да­ры­ның сүйікті газетіне айналып үлгер­ген жастар басы­лы­мы әлі де талай биікті бағын­ды­ра­тынына сенімім мол. Барша әріп­тес­терімді осынау мерейлі кезең­мен құттықтай­мын!

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар