Қазақ хандығының қазығы қағылып, туы көтерілген киелі Шу өңірі – сонау әлімсақтан даңқы жер жарған қаған Шу батыр, ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұни, халқымыздың төбе биі Төледей нар тұлғалы бабалардың атамекені. Сондай-ақ сөз зергері Бөлтірік шешен, Сауытбек, Қуандық, қыл қобызды Бармақ, Жақсыбай, Қылышбай, Жидебай, т.б. ақындарымыздың кіндік қаны тамған отаны.
Әрине, Шу өңірінің өнегелі өнері жөнінде сөз қозғала қалса, ең алдымен Сауытбек ақын ойға оралатынына талас жоқ. Екінші жаһандық соғыстың ызғарлы күндері – 1942 жылы ақпанның 13-і жұлдызында осы қасиетті мекенде дүниеге келіп әкеден ерте айырылып жетімдіктің ащы дәмін татқанына қарамастан өнерге жастайынан қанат қаққан Аяз Бетбаевты Сауытбектің ізбасары десек, ешкім дау тудыра қоймас. Кешегі Кеңестік кезеңде ұлттық өнердің ұлы тұлғаларын насихаттай алмай жатқанымызда Аяз ақын Сауытбек шығармаларын орындау арқылы махаббаттың жаршысына арналған «Ақбөпе» әнін асқақтай әуелетті. Жастайынан Жамбыл, Кенен, Жидебай ақындардың әндерін ұнатқандықтан Аякең жалықпай жаттап өскен. Ауылына арнайы ат басын бұра келген Кенекеңнің алдынан кетпей, таң атқанша оның өлеңдерін тыңдайтынын айтатын. Сондықтан бүкіл республика жұртшылығы көлемінде аталып өтілген Кенен Әзірбаевтың 90 жылдық тойында
Аяз Бетбаевтың:
Жамбыл мен Сарыбастан
алған бата,
Ассалаумағалайкүм,
Кенен ата!
Арыны басылмаған
албырт едім,
Сөзімде кешіріңіз болса қате.
Арнайы ат арытып сонау
Шудан,
Кеп тұрмыз тойыңыздың
дәмін тата.
Жидебай, Сауытбектің
жолын қудым,
Өнерге жүрген жаспын
үміт арта.
Мен едім Бетбайұлы
Аяз атым,
Өлеңге жастайымнан
болдым жақын.
Шамамның келгенінше
жеткізейін,
Жүректің сізге деген
махаббатын.
Үстіне тойыңыздың
кезім келді,
Қасиетті алдыңыздан
бата алатын, –
деп, төгілте-термелетіп арнау арнағаны дүйім жұртқа белгілі. Осы тойда Кенен атамыз жыр дүлділі атана бастаған Аяз ұлына ақ батасын береді.
«Қызыл империяның» қылышынан қаны тамып тұрған 1970 жылдардан бері қаймықпай, жүрексінбей халқымызды оның ішінде жастарымызды ұлтжанды, имандылық бағытпен рухани жаңару жолдарына түсуіне бағытталған «Аруақты бабаларды ардақтаған» жыр толғауы:
Аруақты бабалар,
Аталар қайда, өлмесе.
Ақ сүтін беріп өсірген,
Аналар қайда, өлмесе?
Өмірдің мәні бола ма,
Біреу кетіп, біреу келмесе.
Ақ бата қабыл болар ма,
Өткен ата-бабаны,
Есіне алып жүрмесе, –
деп, шарықтатып шырқай келе Қожа Ахмет Ясауи мен Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Ағыбай, Сыпатай, Биназар, Бауыржан батырлар, ұлы Абай, Жамбыл, Сауытбек, Қыл қобызды Бармақ, Дина Нүрпейісова, Қылышбай шешендермен қара күштің алыптары Балуан Шолақ пен Қажымұқан, екі мәрте еңбек ері Жазылбек Қуанышбаев, Қайрат Рысқұлбековтей Халық қаһарманына арнаған арнауы исі қазақ жұртына кеңінен мәлім. Киелі Шу өңірінде жоғарыдағы атағы жер жарған бабаларымыздың бірқатарымен үзеңгілес болған Жақсыбай Жантөбетов секілді ақын атамыз да өмір сүрген. Аяз Жақсыбай атасын жас кезінде талай рет көрген екен. Бірде ол кісі Аязға былай деп бата беріпті:
Әнің мәнді екен,
Сөзің дәмді екен,
Сәлем берсең, бағың жансын.
Өнерің жалындасын.
Өнердің жолы қиын жол:
Кейде қабынарсың,
Бірақ талмай ізденсең,
Халқыңа таныларсың,
Әумин! –
деген сол атамыздың ақ тілекті батасы шығар, Аякең өнер жолында жалықпай-талмай талай асуларды бағындырып халқын жауһар жырларымен сусындата жан-жақты таныла алды. Аяз Бетбаевтың орындауындағы он ғасырдан астам бұрын өмір сүрген Шығыстың жеті жұлдызының бірі Омар Һаямның рубайлары және «Жас туралы», «Қадірлейік достарды» т.б. жыр-термелерімен қатар «Ақ қайың», «Сағыныш», «Махаббат жұлдызы», «Жұлынған гүл» т.б. лирикалық әндері Әулиеата аспаны мен Шу өңірінен тысқары жерлерде де әуелете шырқалып келеді. Ал Мәскеудегі «Мұрагер» қазақ мәдени ұйымының президенті Жәнібек Елікбаевтай дархан азаматтың демеушілігімен жарық көрген «Жетісу әуендері» ән-күйлер жинағы Ресей, Қытай, Моңғолиядағы қандастарымызға кеңінен таралды. А.Бетбаев Мәскеуде өткен 2-ші дүниежүзілік халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты атанды. Сонымен бірге Аякең Төле би, Абай, Бауыржандай дана да батыр бабаларымыздың рухтарына бағышталған өнер кештеріне қатысып, ойдағыдай өтуіне атсалысты. Халқымыздың қаһарман ұлына айналған Қайрат Рысқұлбековтің қайтыс болғанына 7 жыл толу қарсаңында қайырымдылық концертін ұйымдастырып, одан түскен қаржыға Мойынқұм ауданының Бірлік ауылындағы жас боздақ ескерткішінің айналасын жөндеттірді. Ал 1996 жылы 13 наурызда Қайраттың 30 жасқа толу құрметіне Алматыдағы өзі оқыған Сәулет-құрылыс академиясына сүйікті шәкірті Базарбай Асқартегімен арнайы қатынасып өз өнерімен жастарға тәлім-тәрбиелік маңызы зор кеш берді. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деп, аталарымыз бекер айтпаған, оның ұзақ жылғы шәкірті Базарбай Мамытұлынан басқа да Әзімбек (марқұм) Жанқұлиев, Алтынкүл Қасымбекова, Бейбіт Шошабаев, Мұхаметжан Тазабеков, Мейрамбек Бесбаев, Ертай Тазабеков сынды өнер майталмандарының Аякеңді ұстаз тұтқаны жасырын емес. Алаш жұртына танымал ақын, жыршы-термеші А.Бетбаев 1970 жылдан бастап табан аудармастан аудандық Мәдениет үйінде 40 жылға жуық автоклуб меңгерушісі қызметін атқарып, шалғайдағы малшылардың ризашылығына бөленіп отырды. Шу ауданының Құрметті азаматы Аяз Бекетайұлының өнер саласындағы ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, «Құрмет» орденімен марапатталып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағын иеленді. Өкініштісі, Алланың жазуына қарсы келер шара бар ма, 2018 жылдың 8 сәуірінде халықтың Аязы атанған ағамыз 76 жастан асқан шағында ауыр науқастан мәңгілік мекеніне аттанып, Тараздағы киелі орын – Тектұрмаста жамбасы жерге тиді.
Арамызда аман-есен жүргенінде Аякең келесі 2022 жылдың ақпанында сексеннің сеңгіріне шығып, бүкіл ел болып құрметпен атап өтер ме едік, амал қанша. Артындағы ел-жұртына аманат – есімін халықтың жадында қалдыру үшін, әсіресе жастарымызды тәлім-тәрбиеге, өнерге баулу мақсатында Төле би ауылы орталығындағы Мәдениет үйіне Аяз Бетбаевтың есімі берілсе екен дейміз. Біздің бұл ұсынысымызды төлебиліктер ғана емес, исі қазақ жұрты қолдайды деген сенімдеміз.
Мәкен Уақтегі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Базарбай Асқаров,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері,
Тұңғышбек Байқұлов,
Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Пабло полотносынан қарасақ...
Ұқсас жаңалықтар
Бүгін қазақтың аңыз әншісі Бибігүл Төлегенованың туған күні
- авторjambylinfo.kz
- 16 желтоқсан, 2024