дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 21:41

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Пабло полотносынан қарасақ...

Пабло полотносынан қарасақ...
ашық дереккөзі
Пабло полотносынан қарасақ...

«Шар үстіндегі қыз» – әлемге әйгілі кескіндемеші Пикассоның ең танымал картиналарының бірі. Суретші өзінің осынау шедеврін 1905 жылы жазғанын білеміз. Ерекше айта кететін жайт, «Шар үстіндегі қыз» Пабло шығармашылығындағы жаңа кезеңді белгілейді. Оны зерттеушілер суретші зертханасындағы «қызғылт кезеңнің» өнімі деп атапты. Шынымен де атақты кескіндемешінің бізге белгілі басқа еңбектерінен мұндай ашық және анық контексті бірден аңғару қиын.

Әлбетте бұл жерде контекст деп кескіндеменің ішкі мазмұ­нын айтуға келмейтін шығар. Көп зерт­теуші суретшінің полотно­лары көңілді және жағымды де­ген байлам жасайды. Алайда осы кескіндемедегі барлық кейіп­кер көңілді дей алмас едік. Картина­дағы басты кейіпкерлер – цирк өнерпаздары. Әуелі жалпы фонға назар аударар болсақ, алдымен жалаңаш шөлді неме­се қу даланы көреміз. Бәрін бы­лай қойған­да бұл параметр цирк­тің көңіл күйіне ешқандай сәй­кес келмейді. Шын мәнінде цирк десе көз алдымыз­ға қызылды-жасылды кө­ңілді декорация келуі керек еді. Бірақ Пикассо циркі біздің цирктен басқа екенін ұғамыз. Су­реттен байқағанымыздай, елді аралап өнер көрсетіп, тіршілік­ті тірнектеп сүріп жүрген адамдар тобының, әсіресе ондағы ер адамның бір нүктеге қа­да­ла ойланып кеткен көңіл күйі өмірдің ауыртпалығын аң­ғартпай қоймайды. Бір сөз­бен айт­қанда суретші бұл адам­дар­дың өмірі тек көңілді, қуа­ныш­ты және көрермендердің қол шапалақтауларынан тұрмай­тынын баса айтады. Бірақ көре білген адамға бұл жерде қуаныш та, қайғы да, өмірді ауыр деп қа­былдау да, жеңіл деп қарау да бар.

Акробаттардың кезбе труппасында бейнелеген кейіпкерлер туралы жеке-жеке айтып өту керек. Композицияның ортасындағы басты екі кейіпкер – гимнаст қыз және алып күш иесі, акробат ер адам. Бәлкім әке, бәлкім аға, бәлкім мүлде бір-біріне туыс емес, әріптес адамдар. Шар үстіндегі қыз бала көрермен алдына алып шығатын нөмірін қайталап тұр. Қыздың нәзік мүсіні әдемі иіліп, тепе-теңдікті сақтау үшін көтерген қолдары оны тіпті билеп тұрған адамдай көрсетеді. Суретші осы екі кейіпкер арқылы ең алдымен ер адамның мінезінен бөлек тұлғасындағы ірілікті де алдыға шығарғанын көреміз. Спортшы ер адам қозғалмай отыр, оның қуатты денесі ұстамдылықты, нәзіктік­ке қорған тұлғаны аңғартады. Тіпті картинаның көп бөлігін ер адамның ірі денесі жауып тұр. Әрине, оның сыртында қозғалыс мәні, тоқтау заңы сияқты небір тәпсірі терең контекстер бұғып жатқанын байқаймыз. Жалпы қай жағынан алып қарасақ та басты екі кейіпкер бір-біріне мүлдем қайшы. Олардың қайшылығы сондай-ақ өздерінде ғана емес, олардың иелігіндегі фигуралардан да анық аңғарылады.

Бұл картинадағы шар – еркін­дікті, текше – қалыпқа көнген тұрақтылықты білдіреді. Ал енді оның иелеріне келсек те осы ой жетегінен алысқа кете қой­май­мыз. Жастық шақ еркіндікті елестетеді, егде мөлшер тұрақты болмысқа икем. Қалай десек те шар – адамның табиғи еркіндігі, ал текше – адамзатты ішіне қа­мап, тәуелді етіп тастаған қор­шау, біржола тоқтаған қалып. Үй, кеңсе, сарай, қора, түрме, сах­на т.б. Бұның бәрі текше пі­шін­дегі шектеулі кеңістіктер. Тар­шылық тауқыметі Пикассо кейіпкерін де осы текшенің ішіне тұтқындаған. Шын мәнінде ер адам текшенің үстінде емес, ішін­де отыр. Жастық символы да шар­дың ішінде, қиял әлемінде еркін, бақытты, әсем. Негізі әр шығармадан авторды іздейтініміз рас. Флобер айтқандай «Суретші өз шығармасының ішіне міндетті түрде қатысуы керек, әлемді жа­ратқан Құдай сияқты, көзге кө­рінбегенмен барлық жерде болуы керек». «Шар үстіндегі қыз­да» Паблоның таршылыққа тығылған талайлы тағдыры қыл­қаламның айқыш-ұйқұш бояуымен астасып тұрғанын көреміз.

Сыншылардың көбі бұл жер­дегі шар үйлесімділік пен Құдай жаратқан мінсіз әлемді бейнелей­ді деп қарайды. Теп-тегіс шар не­гізінен бақытпен, өмірдегі түрлі кедергілер мен қиындықтарға қа­рамай қозғала алатын пішін ре­тінде қабылданады. Бірақ қыз­дың аяғының астындағы шар анау айтқандай теп-тегіс деуге келіңкіремейді.

Текше болса жердегі мате­- риалдық әлемді бейнелейді. Сон­­дай-ақ біз жоғарыда айтып кет­­кендей текшенің іші бос сияқ­ты көрінеді. Картинаны басқа да талдаушылар «бұл текше цирк реквизиттерін сақтауға арналған қорапқа ұқсайды, ал әкесі оларды қызына беруге дайын, бірақ қазір ол оған цирк өмірінің барлық шын­­дығын ашқысы келмейді» дейді.

Бір сөзбен айтқанда, басты екі кейіпкер бізге әйел-еркек қай­шылығын ғана емес, жастық пен егде мөлшердің, нәзіктік пен мық­тылықтың, сонымен қатар аспан мен жердің де қатынасынан сыр шертеді. Оны біз жас қыз бен ер адам­ның киімдерінен анық бай­қаймыз.

Осы жерде бір сұрақ, жалпы бұл кейіпкерлер цирк өнерпаздары десек, цирк қайда? Бізге жапан түзден басқа ешқандай локация байқалмайды. Бәлкім біз сол цирктің ішінен сырттағы өнер­паздарға қарап тұрған болармыз. Сахнаның сыртындағы өмір туралы толғанар болсақ, цирктегі барлық әрекет алдамшы, шын өмір, шын цирк – адам тағдыры. Кескіндемеші жалпы цирк өкілдері арқылы нені айтқысы келді? Бұл әлбетте ауқы­мы әлдеқайда үлкен мәселе.

Негізінен аталған картинаға қатысты еркіндік тақырыбын көп айтуға болады. Түстерге қатысты алып қарағанда кейіпкерлердің киімдерінен, аксессуарларынан қызыл түсті екі-ақ жерден байқаймыз. Сурет тілінде айт­сақ, қызыл түс еркіндікті бей­нелейді. Ал енді еркіндікті үміт деп мөлшерлесек, үміт – анасы­ның қасында еркін, өмірдің еш­қан­дай байлауына түспеген жас балдырған. Ал одан біраз ересек атлет қызда бұл түс тек шашына қыстырған қызыл гүлде ғана қалған. Ол да ата-анасының ізімен цирк әлемінде толығымен «тұтқынға алынғандай», қып-қызыл еркіндік үміті күлгінденіп, көк, суық түске ұласып кеткен. Өмір деген шынымен де түстердің соғысы сияқты күрделі картина ғой. Қызыл декорация Паблоның бұл полотносында осындай мәнге ие деп топшылауға болатындай.

Бұл кейіпкерлерден бөлек арт­қы фонда тағы бірнеше кейіп­кердің бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Оларды тіпті қосалқы кейіп­керлер деуге де келмес еді. Бір ғана ақ ат пен қара иттің өзі көп жайттан мағлұмат беретіндей. Ақ пен қара өмірдің екі айқын бояуы. Ал енді бір баласын көтеріп, бір баласын жетегіне алып тұрған әйел бейнесі өмірдің нағыз қанық бояуы десек болады. Жалпы кез келген қоғамның келбетін сол қоғамдағы әйелдің тұрмыс-тіршілігінен, кескін-келбетінен, жүріс-тұрысынан байқау қиын емес. Бұл әлеуметтік топ кедей­ші­ліктің кебісін сүйретіп келе жатқан, жоқшылыққа жолдас жандар екенін осынау әйел кескіні көбірек аңғартады.

Сондай-ақ сурет сыншылары қара итті өлімнің символы деп топшылайды. Ал енді біздің пайымдауымызша, ит көп жерде үйді күзетуші мақұлық ретінде қабылданса, ат көбіне жорықпен шендеседі. Ал сыншылар мұндағы ақ ат бейнесін тағдырдың символы ретінде қарайды. Ұзақ үңілсек шар үстіндегі қыз бен текше үстіндегі ер адамның арасын тура бөліп тұрған осы – ақ ат. Яки, тағдыр.

Әрине, картина туралы пікір әралуан. Кейбір көзқарастар бұл кескіндеме туралы тіпті бас­қаша пайым жасайды. Айта­лық, бір пікір бұл картина нә­зік­тікке алаңдаған адамзат күйін су­реттейді деп түйеді. Тіпті дүние­жүзілік соғысқа қарсы манифест деп те көреді. Бәрі дұрыс, кім қалай интерпретациялайды, ең ­бастысы өнер өз мақсатын орындап тұр. Адамзатпен диалогқа келген кез келген шығарманың артында шынайы талант тұрады. Пикассо бұл ретте асқан дарын иесі екенін мойындауымыз керек.

Ең қызығы жас кезінде Пикас­со Парижде жергілікті цирк әртіс­терімен әжептәуір араласқан екен. «Шар үстіндегі қызды» жазу­да суретші цирк әртістерінің өмі­рінен толық хабары бары көрініп тұрады. Шынайы байланыс өте айқын оқиға желісін сәтті бере алған.

Шар үстіндегі акробат идея­сын суретші әйгілі мүсінші Гёт­­цеден алған деген болжам бар. Алайда неміс мүсіншісінің ең­бе­гінде ер бала болса, Пикас­со кескіндемесінде қыз ба­ла. Бастапқыда бұл еңбек «Акро­баттардың отбасы» деген жалпы картинаның бір бөлігі ретінде ойластырылған, бірақ жұмыс нәтижесінде «Шар үстіндегі қыз» тәуелсіз идеяға айналған.

Картина сондай-ақ «Шар үс­тіндегі қыз» емес, «Текше үстін­дегі еркек» деп те аталуы мүмкін еді ғой. Алайда, суретшінің ше­бер­лігінің өзі сонда, кез келген адам­ның назарын картинаның жар­тысынан көбін алып тұрған ер адамға емес, әуелі нәп-нәзік қыз балаға аудартады. Бәлкім атауы «Шар үстіндегі қыз» дегендіктен бе екен? Кім біледі?

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Аяз ақынды ардақтасақ
Алдыңғы мақала
Аяз ақынды ардақтасақ

Ұқсас жаңалықтар