Мәдениет
Мұқағали Мақатаев – 90 жыл: Тараздағы Зияткерлік мектепте мерейтой айлығы басталды
- авторjambylinfo.kz
- 1 ақпан, 2021
- 735
Мұқағали Мақатаев – 90 жыл: Тараздағы Зияткерлік мектепте мерейтой айлығы басталды
Мұқағали Мақатаев – 90 жыл: Тараздағы Зияткерлік мектепте мерейтой айлығы басталды,деп хабарлайды http://jambylinfo.kz
Ақпанның алғашқы күнінен бастап Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойын тойлау айлығы ресми түрде басталды. Бірқатар шаралар жоспары бекітіліп, түрлі бағыттар бойынша танымдық-тәрбиелік бағдарламалар әзірленіп көрерменге жол тартуда. «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағалидің барлық еңбегі тұтастай алғанда, өткен ғасырдың асыл мұралар қатарына жатады. Өлеңмен де, өмірмен де бүкпесіз қауышып, қалтарыссыз сүйген ақын жүрегі соңғы деміне дейін кіршіксіз сезім өртінде өтті. Ақынның әр өлеңінде,әр шумағында бүкпесіз, ақжарқын көңілмен сазды сыр төгіп отырғандай. Өлеңнің ырғағынан да, тербелісінен де ақынның қимылын, дауысын, мәнерін естіп, мінез-құлқын танимыз. Өйткені ол өлеңнен, өнерден сыр іріккен емес. Өлеңге өз жан дүниесін ашты, өлеңнің сырлы құпияларын жария етті.
Мерейтой айлығына «Өз ұлтының тәуелсіздігін аңсаған азаттықтың ақыны – Мұқағали Мақатаев» тақырыбы берілді. Бастама Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Ұлы дала ақындары» атты танымдық жобасы аясында қолға алынды. Жоба танымал классик ақын-жазушылардың еңбектерін насихаттауды мақсат етеді. М.Мақатаевтың өмірі және шығармашылығын зерттеп, дәріптеу мүмкіндігі тараздық Зияткерлік мектепке берілген болатын.
Бұл өз кезегінде айлықтың өту деңгейіне ерекше жауапкершілік жүгін артады деуге болады. Айлық кезінде «Даналық бейсенбі» жобасы аясында жазушының ұлы Жұлдыз Мақатаевпен онлайн кездесу, «Поэзия менің жүрегімде» атты мәнерлеп оқу байқауы, «Деректер сыр шертеді» тақырыбындағы әдеби кеш, «Аққудың қанатына жазылған жыр» виртуалды сурет көрмесін өткізу жоспарланған.
Сондай-ақ, шаралар кестесіне «Үздік мұқағалитанушы» желілік блиц-турнирі, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын жатқа оқу жарысы, «Мұқағали әлемі» желілік интеллектуалдық ойыны, «Sprout of NIS» ән байқауы да енді. Мұқағали Мақатаев – қазақтың лирик ақыны. Аз ғұмырында бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандары жарық көрген. Аударма саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады.
Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Нұрғиса Тілендиев ән шығарған. Ол 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы қазіргі Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келіп, 1976 жылдың 27 наурызында Алматыда дүниеден өткен.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала