сейсенбі, 5 қараша, 2024 11:48

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Нала

Нала
ашық дереккөзі
Нала

...Ол өмірге келгеніне өкінеді. Кейде өзін дүниеге әкелген анасына лағынет айтқысы келеді. Іштей белгісіз бір күш ол ниетінен тыяды. Анасына қаншалықты ызаланса да әйтеуір бір беймәлім үн алыстан «Анаға налыма» деп тұрғандай күй кешеді. Сөйтеді де анасының алдында бәрібір қарыздар екенін сезінеді. Өзі қатарлас балалар тек іңгәлағаннан басқаны білмей, еміренген анасының мейріміне бөленіп, төсін еміп, ұйықтап жатса, бұл ерте ес жиды. Жасынан тым ерте есейді. Қанша ойланса да түбіне жете алмайтын бір ой – басқаларда бар қос қол бұда неге жоқ? Туғалы бұл өз денесінен қол көрмеді. Соның себебін іздеймін деп-ақ есейген шығар, сірә. Үлкендердің де сөзіне жиі құлақ асады. Тіпті маңайындағылардың бір ауыз сөзін назарынан тыс жібермейді десе де болғандай. Кейбіреулеріне өз пікірін де қосқысы келеді-ақ. Әттең, әлі тілі шықпаған сәби бұл өзгелер үшін. Ал өзі әлдеқашан қатарластарынан көш ілгері өсіп, санасы толысқанын біледі. Тек сөздерді дұрыс айта алмай жүр. Шіркін, сөйлей алса ғой, анасына да, басқаларға да айтары таусылмас еді-ау. * * * Гүлзейнеш өмірдің көшімен он жеті жасқа жетіп, бойжетті. Он бір жыл білім алған мектебімен, ұстаздарымен қоштасқанда оның да ойында асқақ арман болған. Әуелден өзін қызықтырған мамандықты меңгеруге құрбы-құрдастарымен көңілді студенттік күндерді көксеген-тін. Бірақ бұл алдына тағдырдың сый тартарын ескермепті. Қырда өскен қызғалдақтай құлпырып, күн өткен сайын түрленіп жадырай түскен бойжеткен талайлардың көзқұртына айналды. Кейбіреулердің сұғанақ көзі бұған қадалғанын, сыртынан торуылдайтынын сезбеді. Мектепті тәмамдап, енді арман қуып, алысқа кетемін деп жүргенінде кенеттен торға түсті. Көрші ауылдың өзі қатарлас бір топ балалары мұны басқан ізін аңдып жүріп, қорғансыз, әлсіз бойжеткенді бір-ақ сәтте дегендеріне көндіріп, көліктеріне өңгерді де алып қашты. Бақырған лақтай айғайлағанына құлақ түрер ешкім жоқ. Ауқатты бір отбасының можантопай ерке баласына қалыңдық болып шыға келді. Небәрі он сегізге енді ғана аяқ басқан қыз осылай келін атанды. Қыз ғұмырдың көктемде ерте шыққан бәйшешектей ерте гүлдеп, қысқа аяқталар шолақ екенін сезбепті. Бейнебір сол бәйшешек секілді бұл да тым-ақ ерте бойжетіп, сән құрған салтанатының соңы жылдам жетті. Торға түскен торғайдай еріксіз келген босағасында сүреңсіз күндер басталды. Тіпті бір-бірінен айнығысыз, көркі жоқ көңілсіз күндер тізбектеліп өте берді. Әйтеуір бір уақыттар жеткенде өз ішінде екінші ғұмыр басталғанын сезінді. Көңілі сүймеген әлдекімнен құрсақ көтергеніне налыды. Бірақ құрсағында бүлкілдеген екінші жүрек мейірімін оятты. Бәлкім, мұның өзегін өртеген өкініш шоғына су сепкелі, жүдеу жүзін жадыратқалы, жұбатқалы Жаратқаннан берілген сый болар. Ол осылай жұбатты өзін. Енді оның дүниеге келер сәтін тағатсыздана күтті. Әлі өмірге келмей жатып, нәрестесі мұның шер тарқатысар мұңдасы болды. Сырласы да сол сәбиі. Іште жатып-ақ ол анасының мұң-зарын түсінетін тәрізді. Тіпті сөйлемей-ақ, үнсіз жұбата да алады. Сондықтан да асыға күтеді нәрестесінің дүниеге келуін. Жабырқаған көңілін шаранасымен жұбатып жүрген. Бір күні күйеуі үйіне тым кеш келді. Ащы суға сылқия тойып, тәлтіректеп, аяғында әзер тұр. Бұрын да ішіп келетін, бірақ дәл мұндай күйін көрмепті. Гүлзейнешті көре салысымен қос қолдап жағасына жармасты. – Түн ортасы ауғанша ұйықтамай кімді күтіп отырсың? – Сені күтіп отырмын. – Неге ұйықтай бермейсің? Мені неге күтесің? Әлде мен келгенде жасыратын бірдеңең бар ма? – Қайдағыны айтпа. Жібер, – деп жұлқынған Гүлзейнештің нәзік білегін қарулы қолдарымен бұрап, жанын шығарып барады. Алқымына тығылған өксігін ақтарып, бар күшімен: – Ойбай, сындырдың ғой қолымды, – дегені сол еді: – Cындырамын. Сынсын, – деп зілдене айғайлап, тепкілей жөнелді. Бар тағатын кінәсі – мұны сүймейтіні. Бұған амалсыздан жар болып жүргені. Көңілі қаламаса Гүлзейнештің кінәсі қанша?! Уақыты жетіп, сарыла күткен сәбиін дүниеге әкелгенінде сол бір азапты түн есіне еріксіз түсті. Оны сәбиі түсірді есіне. Тағатсыздана күткен нәрестесі қос қолсыз келді өмірге. Әуелі көргенде Гүлзейнеш тұрмақ, босандырып алған ақ халаттылар шошып кетті. Екі иығы тұйықталып біткен, қолы жоқ баланы дәрігер бұған көрсеткенде аһ ұрып жылай беріпті. Қолына алып, бауырына басуға да жүрексінді. Соншама күндерден бері күткен сәбиі емес, мұның алдына бір құбыжықты әкеп тұрғандай. Бірден есіне арақтың уытымен масайрап, бұған қолсыз болуды тілеген күйеуі түсті. Расында да құрсақтағы нәресте шешесімен бірге тыныстап, бірдей күй кешеді екен. Жүзін көрмесе де жан-жүрегімен сүйген, сырласқан сәбиін сағынды енді. Бірақ, құшағында қазір құрсағындағы қымбат тұтқан құлыншағы емес, қолсыз бейне. Оны шошындырған да – осы. Тағдырдың бұл тартуына төзе алмады. Тезірек бұл баладан құтылуға асықты. Бұның босанғанын естіген соң, баласын көруге келген күйеуі де сәбиден бас тартты. Екеуі де мемлекеттің қарауындағы балалар үйіне тапсырғанша тыным таппады. Дүниенің есігін ашпай жатып, туған әке мен ананың мейірімінен, сүйіспеншілігінен ада қалған, олардың құтылуға асыққан құбыжығына айналғанына нәресте кінәлі емес еді. Мұндай күйді ол тілеп алып па? Балалар үйінде қабылдап алғандар құндақтағы қолсыз сәбиге Нұрлы деп есім тақты. Бәлкім, туған әке-шешесіне құбыжық көрінген нәресте жүрген жеріне нұрлы болсын деген ниет шығар. * * * Тоқтаусыз зымыраған уақыт Нұрлыны екі жасқа жеткізді. Өз жасынан екі есеге есейіп кеткендей. Айналасындағы қимылдың бәрін түсініп, сезінеді. Тіпті, әркімнің сөзінен, қимыл-әрекеттерінен аяныш пен әлімжеттікті де, мейірім мен қатыгездікті де ұғады. Бұның қасынан бір елі алыстамайтын Ұрқия есімді тәрбиеші бар. Оның бұған деген мейірленген көзқарасы ерекше. Бұл соны сезеді. Сондықтан ба Ұрқияны туған шешесіндей жақсы көреді. Әрине, біледі, оның тар құрсағын жарып шықпағанын. Өзін туған ананың қатал қылығын да ешкім айтпаса да біледі. Әлгі Ұрқия бұны кереуеттен көтеріп жатып: – Қане, құлыншағым, жүре ғой. Енді өз үйімізге барамыз, – деді. Ойпырай, неткен жылы сөз. Жанына жағып барады. Бұл «өз үйін» сағынғалы қашан. Сонша аңсатқан «өз үйіне» барар күн де бар екен-ау. Сәби жүрек осылай деп сыбырлап жатты іштей. Бұлар мінген жеңіл көлік жүйткіп, жарты сағаттай уақыт өткенде кішкентай ғана, биік шатырлы үйдің алдына келіп тоқтады. Есік алдынан ұзын бойлы, ақ шашты ер кісі күтіп алды. Ұрқияның құшағында отырған мұны көтеріп алып, мейірлене иіскеді. Маңдайынан, көздерінен, бетінен сүйді. – Ботақаным, балам, – деп бауырына басты. ...Бәсе, асқар таудай бір тұлға мұның көкейінде тұрушы еді ылғи. Ол әке екен ғой. Бұл зор сағынышпен күткен бейне осы ақ шашты адам екен-ау. Оны қасындағылар Бақыт деп атап жатты... Бақыт... Бейкүнә нәресте сарыла күткен Бақыт. Жарық дүниеге көзін ашқаннан бұны шеңгелдеген шердің шырмауығын шешіп, шапағат шуағын шашатын Бақыт. Оның шаңырағы да бақытқа меймілдене тұнып тұр екен. Бұл шаңырақтың астындағы жандардың бәрінің жүзінен мұның жанына аяздай бататын аянышты емес, мейірім жылуын сезінді Нұрлы. Мұның талай күн, түндер бойы «сірә, басыма бұйырар ма екен...» деп аңсаған арманы ғой мұндай отбасы. Үй алақандай шағын ғана. Бөлмелерінің де есік пен төрі жақын, аядай. Бірақ мұндағы адамдардың пейілі дархан даладай. Байқағаны – өзі тағдырлас балалар бұл үйде бірнешеу. Бұл қолсыз болса, мұнда тілден айырылғаны да, тумысынан аяқ-қолынан қатар айырылғандары да бар. Енді біреуі ақыл-естен мақұрым қалған, тек адамның бетіне қарап қарқылдап күледі немесе бақырып жылайды. Нұрлы оның қасында әлдеқайда бақытты екенін ұқты. Себебі мұның санасы сау, зерек. Жүрегі де сезімтал. Көңіл көзі де сұңғыла. Бұрын секемшіл еді, сірә осы үйдің табалдырығын аттағалы сүйсінгіш болды. Жан дүниесінде ғаламат өзгерістің басталғанын жанына мұз боп қатқан шердің тарқағанынан сезді. Жаңа бір қуаныш бүр жарған секілді. Дәйім, ұзағынан болғай... * * * Бұдан бұрын уақыт мүлде өтпейтіндей көрінетін. Таң атты ма, күн батты ма, беймәлім. Тек терезеге телмірген көздері бірде күнгей жақтан түсіп тұрған күннің күңгірттеу сәулесін көрсе, бірде тастай қараңғылыққа қамығатын. Себебі бұл тар бөлмесінде сұлқ жататын. Тек тәрбиеші апайы Ұрқия келіп, қолына көтеріп, жуынатын бөлмеге апарып, шайындырғанда, асханадан тамақтандырғанда ғана орнынан қозғалатын. Сол сәттерді ұнатады. Бірақ ол сәттер тәуліктің оннан бір бөлігіндей ғана тез өтіп кетеді. Ұрқия апайының басқа жұмыстарынан босап, мұның қасына жылдамырақ келуін тілеп, күтетін. Дәлізден келе жатқан аяқ дыбысы естілісімен артынша жез қоңыраудай сыңғырлаған әсем даусы құлаққа жағымды естілетін. Есігінен еніп келе жатқанында жарасымды жымиған жүзін бұл көрісімен төбесі көкке жеткендей марқаятын. Енді сол сарыла күтетін апасы күндіз-түні қасында. Аз ғана уақытқа жұмыстарымен сыртқа шығып кетсе, екі көзі төрт болып жолын тосады. Басқалар дәмді ас ішкізсе де Ұрқия апасы берген қара суға да татымайды. Бұған бақыт дегеннің не екенін ұғындырған Бақыт әкесі де күні бойы жұмыста жүреді. Өзі секілді жаратылысы кемшін біткен бауырлары бар. Олардың ішінде екі қолымен әлденені ұстап, асыр салып ойнағандарын көрсе қатты қызығады. Бұл да қос қолын сермегісі келіп, құлшынады. Оған мүмкіндігінің жоқтығын білгенде ызаланады. Іштегі ыза ышқынып, сыртқа шыққанда жанарларынан моншақтай төгілген жасы бетін жуады. Шарасыздығына қаймығады. Бірақ амалсыздан көндігеді. Не істей алсын енді... Біреудің көмегінсіз ас та іше алмайды, орнынан да қозғала алмайды. Бірақ бала ғой, асыр салып ойнағысы келеді. Оған мұршасы жетпейді. Осының бәрін күнде көріп жүрген апасы да ұлымен бірге қайғырады. Тығырықтан табылар жол болуы керек қой. Шыңыраудан шығар шара іздейді іштей. Қатты қиналды. Кәсіби мамандармен ақылдасты. Олардан мүгедекті өмірге бейімдейтін әдіс-тәсілдерді алдымен өзі үйренді. Сосын баласын аяқпен ас ішіп, заттарды ұстап, тұтуға бейімдеуді бастады. Тым қиынға соқты. Баласын жаттықтырып отырып, өзі де аяқпен қимылдап, қолы барын ұмытып кететін. Кейде омақаса құлап, өз денесінің салмағымен үйелеп қалып, тұра алмай жатқан кездері болды. Талай ыдыстарды да сындырып алды. Күрделі жаттығу екі айға созылды. Қанша қиналса да көздеген нәтижеге жетті. Нұрлы аяқтарымен өзі кесесін, қасығын ұстап, аузына ас апара алады. Аяқтарымен өзінің арбасының бөлшектерін шешіп отырып, түгел ақтарып алды. «Енді қайтем? Қалай құрастырамын?» деп ұзақ ойланды. Таң алагеуімнен көзін ашқаннан түн ортасына дейін тыным таппайтын апасын ренжітіп алудан қорықты. Сірә, бұған ұрыспас, ашуланбас. Бірақ өзі шаршап жүргенде тағы машақат жұмыс тауып бергеніне қамықты. Апасы бөлмесіне кірмей тұрғанда, жылдам бәрін орнына қоюы керек. Біраз ойланып отырып, әр бөлшекті өз орнына орнатып көрді. Бұрандаларын бекітті. Болады екен. «Жарайсың Нұрлы!» Осылай өзін іштей қолпаштап та қойды. «Енді бәрін осылай етіп, орнатып шық!» Өзіне ішкі үні бұйрық беруді де ұмытпады. Әупірімдеп отырып, барлық бөлшекті орнатып шықты. «Бәсе, болады екен...» Жасап шыққан ісіне сүйсінді. «Бәрі де орнына келеді екен...» Осылай деп сыбырлап алып, қиындықтан қорықпағанның жұмысы жеңіске жеткізетінін ұқты. Жан дүниесінде бір күш пайда болды кенеттен. Қиындыққа қасарыса қарсы тұра алатын ғаламат күш. Талай түндерде тіршіліктен түңілдірген жан азабы бұған енді есіп өткен жел құрлы. Сол кездерде бұл өлгісі келетін. Жоооқ! Қателесіпті. Өмірде қалпына келмейтін ештеңе жоқ. Бәрі де орнына келеді... *** *** *** Күндегі әдетінше таңғы астан соң есік алдында апасымен әңгімелесіп отырған. Бауырлары әлі жылы көрпеде ұйықтап жатқан. Әкелері жұмысқа кеткен. Кенет темір қақпа қағылды. Біреу тықылдатып тұр. Әлі ерте уақыт. Мұндай кезде кім келе қалуы мүмкін?.. Апасын ешкім қасынан шақырып, ертіп кетпесе екен... – Бұл кім? Кіре беріңіз, есік ашық, – деді апасы да бұның қасынан кеткісі жоғын аңғартып, орнынан тұрмай. Қақпа сықырлап ашылды да талдырмаш денелі, басына ақ орамал тартқан келіншек көрінді. Бет-әлпеті анық көріне қоймаса да жүзі таныс тәрізді. «Қай жерден көріп едім?..» Тіпті жақыннан көргендей. ...Иә, иә, анау маңдай, қиық қас, мұңға толы жанарлар, бәрі таныс. Қырланып әдемі біткен анау мұрын бұған тыржиып қарамап па еді бір кезде? Бұны көрсе анау сұлу қос қас қатулана кіржиіп, мұңға толы екі көзден қайғының жасы тамшылайтын. Сүйріктей анау саусақтар бұны қаусыра қысып, ары итерген. Сонда мына сұлу жүзден жиіркеніш байқаған бұл. – Сәлеметсіз бе! -деп құмығып шыққан осы дауыс сонау бір кезде «Әкетіңдер!» деп ышқына айғайлаған етін. – Сіз мені таныдыңыз ба? – Иә, есімде. – Мен... Мен... Бар денесімен дірілдеп жылап жіберді. Сөйлейін деп еріндері әнтек ашыла түседі де икемге келмей кемсеңдеп, жылай жөнеледі. Дірілдеп, әзер дегенде: – Мені ұлым кешірер ме екен? –деді ілкім сәттен соң. – Мұнымен не демексіз? –деп Ұрқия апасының дауысы қатқыл шықты. Бетіне жалт қарап еді, қабағы ашулы екен. «...Апасын ренжітіп тұрған бұл кім өзі?..» – Сіз... рұқсат етесіз бе? – Жоқ. Апасы әбден ашуға мінді. Мұншалық қаһарға мінгенін көргені осы. Бұрын мұндай қылығы жоқ еді ғой. – Неге? Ол менің туған ұлым ғой. Сүйкімді келіншектің екі көзі бұдан таяр емес. – Ааа, туған балаңыз екені енді есіңізге түсті ме? Оған не себеп болды? – Өтінемін. Мені бұдан ары қинамаңызшы. Сіздің біздей сұғылған сөздеріңізден де басқа тағдырымның қыр көрсеткені жанымды жеп бітті. Мен қателесіппін. Сол қателігімнің азабын әбден тарттым. Сірә, мені ұлымның наласы ұрған шығар. Бұдан кейін құрсақ көтерсем, түсіріп аламын. Алдыма тартылған сынақтан өте алмаппын. Әлсіздігім болар. Тәңір де құрсағыма бала бітіртіп, ай-күнім жете бергенде алады. Бастапқыда Тәңірдің бергенін өзім тастанды етіп едім. Қатты өкініп жүрмін. – Бірақ бұл бала сіз тартқан азаптың екі есесін бастан кешкенін түсінесіз бе? – Бәрін де түсінемін. Жалынайын, аяғыңызға жығылайын. Ұлымды қайтарыңызшы. – Жоооқ!. Менің шешем – Ұрқия апам. Сізге бармаймын. Сізді жек көремін. Кетіңіз. Талай рет шешесіне налығанда тылсым бір күш бұған «Анаға ауыр сөйлеуге болмайды» деп тежеп еді. Бұл жолы ешкім тоқтата алмады.

  Қамар Қарасаева
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар