сенбі, 23 қараша, 2024 3:39

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Модульдік полиция бекеттері босқа тұр

Модульдік полиция бекеттері босқа тұр
ашық дереккөзі
Модульдік полиция бекеттері босқа тұр

Өткен жылы Тараз қаласындағы жұртшылық бір мезгіл таза ауада тыныстап, серуен құратын бірқатар демалыс орындарында модульдік полиция бекеттері ашылған еді. Сол кезде қала тұрғындары заманауи үлгідегі бекеттердің қоғамдық тәртіпті сақтаудағы маңызы айрықша екеніне сеніп, мұны халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жетілдіру жолындағы жаңашылдық деп қабылдады. Бірақ жұртшылық тым ерте қуанған екен. Әу баста аталған бекеттерде бірді-екілі полиция қызметкерлері үнемі отырып, жұмыс атқарғанымен, бүгінде қаңырап қалған. Кейбірінің ішіндегі жұмыс үстелі мен компьютерлер қазір текке тұр. Қараусыз қалғандықтан кейбірінің сырты да тоза бастаған. Бұған бірді-екілі модульдік полиция бекетін аралау барысында көз жеткіздік. «Jastar» аллеясындағы бекеттерге екі күн барып жүріп, әр күні бір сағаттай торуылдап та көрдік. Бұл қадамға біз «Полиция қызметкері шұғыл шақыртумен шығып кеткен болар, қайта оралса тілдесіп, мән-жайға қанығармыз» деген оймен бардық. Алайда уақытымызды текке жоғалтқан екенбіз. Себебі екі күн жүріп ешқандай полиция қызметкерін кезіктіре алмадық. Осыдан кейін «Мұндағы модульдік полиция бекетінде адам отыра ма?» деген сауалды жүргіншілерден сұрап көрдік. Тұрғындардың дені ұзақ уақыттан бері бекеттерде полиция қызметкерлері отырмайтынын, оған кіріп-шығып жатқандарды көрмегендерін айтады. – Қысы-жазы немерелерімді бір мезгіл осы саябақта қыдыртуды әдетке айналдырғанмын. Үйіміз осы маңда. Бекет меніңше қыстан бері бос тұр. Басында ішінде жылу болмағандықтан отырмай жүрген шығар деп топшылағанмын. Бірақ әлі күнге бос тұр. Жалпы полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті сақтаудағы, қылмыспен күресудегі, халық пен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметіне күмән келтірмейміз. Дегенмен саябақтардан арнайы орын ашылғаннан кейін, құзырлы орган тиімді пайдаланса артықтық етпейді ғой. Өйткені адам аяғы көп жүретін қоғамдық орындарды осы бекет арқылы полиция үнемі бақылап отыратын болса, бұзақылардың қылмыс жасауға, орындық, басқа да бүтін дүниені қиратып-бүлдіруге дәті бармас еді. Кейде осы саябақта велосипед мінген жастар да жүргіншілер жолағында бір-бірімен жарысып жүреді. Олар жас бала тұрмақ, үлкендерді қағып кетуге бейіл. Саябақ қызметкерлері велосипед мінген балаларға ескерту жасағанымен, оны тыңдап жатқан жеткіншектер жоқ. Ал осындай тәртіпсіздік атаулыны құзырлы орган қызметкері модульдік полиция бекетінде отырып-ақ, ретке келтірсе болар еді, – дейді қала тұрғыны Зейнеш Үсенбаева. Осыдан кейін «Егер мұнда адам отырмайтын болса, бұл модульдік полиция бекеттерін халық қазынасынан қаражат шығындап салдырудың қажеттілігі қанша?» деген ой санамызды сан саққа жүгіртті. Өйткені аталған нысандар бос тұрғанымен қоймай, алдағы уақытта Таразда бұдан басқа да бірнеше модульдік полиция бекеттері салынатынын құлағымыз шалған. Естуімізше, ол нысандардың ішіне жылу жүргізіліп, санитарлық торап, телефон, интернет желісі тартылатын көрінеді. Нақты айтқанда барлық жағдай жасалмақ. Ертеңгі күні ол бекеттер де қараусыз қалып жатса, әп-сәтте тозығы жетіп, қаладағы қаңғыбас ит-мысықтардың панасына айналмасына кім кепіл? Айтқандай жақында облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығып, өңір тұрғындарының сұрақтарына жауап берген еді. Сол кезде осы тақырыпты мәселе етіп көтергенімізбен сауалымызға нақты жауап ала алмағанбыз. Кейіннен облыстық полиция департаментіне арнайы хабарластық. Ондағы ойымыз – өңірде қанша модульдік полиция бекеті бар екенін және жұмыс жүргізу бағытын білу еді. Бірақ облыстық полиция департаменті бұл мәселе бойынша Тараз қалалық полиция басқармасына хабарласуымыз керектігін айтып, жөн сілтеді. Ал Тараз қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асылбек Зауырбеков алдағы уақытта заманауи модульдік полиция бекеттерін салу жоспарын растағанымен, оның нақты қашан жүзеге асатынын, қаралған қаржы көлемін тап басып айта алмады. Десе де қажетті сұрақтарымызды қалалық полиция басқармасы басшысына жолдап, қанағаттанарлық жауап ала алмадық. Бір аптаға жуық уақыт күтіп жүріп алған басқарманың сырғытпа жауабы көңілімізден шықпады. – Тараз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының негізгі қызметі – қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету, қылмыстық құқықбұзушылықтардың жолын кесу, алдын алу және ашу. Сонымен қатар Тараз қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция батальонының жеке құрамымен қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету және қылмыстарды болдырмау үшін «Жеңіс» саябағы мен «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде екі-екіден, ал Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ пен «Jastar» аллеясында және «Тектұрмас» этно-мәдени кешенінде бір-бірден модульдік полиция бекеті ашылған. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің №10 бұйрығының талаптарына сай, патрульдік полиция батальоны нарядтары өздеріне бекітілген айналым бағытта, үнемі жаяу патрульдеу жұмыстарын жүргізуі тиіс. Сондықтан да олар ылғи модульдік полиция бекеттерінде отыруға міндетті емес. Дегенмен полиция қызметкерлері сағат сайын 10-15 минут тоқтау бекеті ретінде модульдік полиция бекеттеріне арнайы соғып, болған жайтты полиция басқармасының жедел басқару орталығына баяндап отырады. Негізінен олар қоғамдық орындар мен көшелерде қылмысқа, әкімшілік құқықбұзушылық жасауға жол бермеу мақсатында күнделікті профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Аталған саябақтарда орналасқан модульдік полиция бекеттері тәуліктік жаяу бекеттер болып есептеледі. Анығын айтқанда, қызметкерлер өздеріне бекітілген әкімшілік аумақта қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеді. Бастысы әзірге саябақтар аумағында қоғамдық тәртіпті бұзатын қылмыстарға жол берілген жоқ, – деп жауап беріпті А.Зауырбеков. Аталған модульдік бекеттерді полиция қызметкерлерінің бір мезгіл ат шалдырып, аяқ суытатын орынға айналдыруы ақылға қонбайды. Бір кездері әр-әр жердегі жол жиегінде патрульдік полиция қызметкерлерінің автокөлігінің макеттері қойылғаны есімізде. Макеттер қатты жылдамдықпен келе жатқан жүргізушілер сескеніп, жылдамдықты төмендетсін деген ниетпен қойылған. Мына бекеттер де қазір маңайына тек сес көрсету қызметін атқарып тұрғандай. Шын мәнісінде ол бекеттер орталықтандырылған базалар жүйесіне қосылса, онда полицейлер кезектесіп жұмыс істесе, қандай да бір қылмыстың алдын алуда тиімділігінің артатыны анық. Себебі ондағы полиция қызметкері басқармаға шапқыламай, қажет жұмыстарды осы модульдік бекетте отырып-ақ тындыруына жол ашылар еді. Өйткені әу баста ашық алаңдарда орнатылатын бұл модульдік полиция бекеттері құқықбұзушылықты тез анықтауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға оң ықпал етіп ғана қоймай, тұрғындардың да қажеттілігін дер кезінде өтейді деген ниетпен ашылды емес пе?!

Қалай десек те, еліміз құқықтық мемлекет құруға талпынып, қоғамдық қауіпсіздікті барынша сақтауға тырысып жатқанда модульдік полиция бекеттерінің босқа тұруы санаға сыймайды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар