Сал-серілердің сарқыты Сәтібеков Жақаң еді...
Күнім жоқ ел күтуден шаршаған,
Бес сом тапсам, он адамға жар салам.
Жақсылық Сәтібеков.
Жақсылық көкем жетпіске толғанда маған «баяндаманы сен жасайсың» деп қоймай қойды. Олай орағыттым көнбеді, былай сырғақтаттым сенбебі. «Сен жасайсың!». Айттым - бітті, кестім - үзілді. Сосын «мақұл» деп, қам-қарекетке көшпеске ләж қалмады.
«Баяндамамнан біреулер сіздің қасыңызда сіресіп тұрған өзін көріп, бірдеңені бықсытып жүрсе қайтем» деп, күмілжіген боп ем, «ұра бер, әкең...» деді.
Сөйтсем...
Ақиық ақын Мұқағалидың «Сіздер алпысқа келдіңіздер, алпысқа келсек екен енді біздер» деп, алпыстың алты асуын аһ ұра армандап өткенін ескерсек, жүрегі үпілмәліктей үлбіреген сыршыл ақындардың жеті асқар – жетпісіңізге жеткенінен жетпегені көп екен ғой...
Тойлап отыр ақын бүгін «жетпісін»,
Есіне алмай бір сәт өмір тепкісін.
Сұлуларға көз салады, кінәлама сен оны,
Жастық шағын сағынғаны деп түсін.
Қандай қызық...
Қандай қиын...
Той-мүшел,
Қаптап кеткен секілді ме ойды сел?
Бір иыққа думан келіп жайғасқан,
Бір иыққа мініп алған қайғы-шер...
Қайтсін, шіркін, жалған күліп жалғанға,
Өмір теңіз, сүңгіп-сүңгіп алғанда.
Бозбала шақ от-боранның ішінде,
Үсік ұрған жапырақ боп қалғанда,
Қандай қиын той-мүшел,
Соларды еске салғанда,
Қайтсін енді жалған күліп жалғанға.
Өтпеген ғой ғұмыры оның той болып,
Сондықтан да отыр ойын он бөліп.
Өлеңдегі Жақаң жырлаған думан жағын тәптіштемей-ақ қоялық, ал қайғы-шер - шын ақынның қашаннан-ақ жағадан алған – жауы, етектен тартқан – бөрісі. «Су түбінде жатқан тас жел толқытса шығады, ой түбінде жатқан мұң шер толқытса шығады». Сондықтан жаһандағы жалғандық атаулыға жұдырықтай ғана жүрегін қалқан ғып жүрген ақынның қайғы-шерді жеңетін жалаңтөс баһадүрі жасындай жарқ-жұрқ еткен жыры екен.
Шәйға түскен самадай серейіп, жападан-жалғыз жүретін біреулер болады. Айтатыны өсек-аяң. Олар «нысанасының» жасына да, басына да қарамайды. Мысалы, сен жақсыны «жақсы екенсің» деп арқасынан қаққаныңды айтып қуансаң, ол оның жағасынан алып, «бақсысың» деп, балағаттағанына мардымсиды. Өнер сапарындағы үзеңгі жолдасын өзегіне теуіп, қазасына бармайтын осындай тәкәппарлардың пендешілік пайымына жағамды ұстап жүргенде, Жақаңның мына өлеңін оқыдым.
Батты жұртқа бұл оқыс қаза қатты,
Сан жүректі аяусыз аза қапты.
Аза қапқан сан жүрек соңғы жолға,
Аттандырып тұр, міне, азаматты.
Қарағандай көктегі күн сыздана,
Самал да жоқ сыбырлы, ыңсыз дала.
Жүректердің өксігі қосылғандай,
Оркестрдің күйіне үнсіз ғана.
Мойындаған секілді ел сенбес хәлді,
Азамат қасиетін енді еске алды.
Қабақпенен ұғысып, қайтар жолда,
Жігіт жайлы күбірлі сөз басталды.
- Жігіт еді-ау, шіркін-ай, асыл еді,
Қатарының көбінен асып еді.
Ер адамға не тәйір, алпыс деген,
Жүретін кез асылын шашып енді.
Көпшіліктен бөлгендей тал түсте ірге,
Деді біреу: (қарамай, хәл, түс, түрге)
- Шешесі оның бір жасын кем жаздырған,
Әйтпесе, биыл тура алпыс бірде.
Жалғыз әке аты өшіп қалмасын деп,
Бұ да жалғыз, түтінді жалғасын деп.
Кемітіпті бір жасын шешесі оның,
Сұм соғысқа кешегі бармасын деп.
Жұрт тым-тырыс, әлгімен таласпады,
(Өлікте таласу жоқ алашта әлі).
Көктен келіп түскендей мына сөзге,
Өтірік пе, шын ба деп, «пал» ашпады.
Бақталас бір жан екен ол кешегі,
Дәл осы сәт оның да болды есебі.
Жәй тапқандай жаны бір келе жатты,
Марқұм жайлы айтылып соңғы өсегі.
Сезімді селт еткізіп, жүректі дір еткізетін бұл жырдан ақынның айналасында болып жатқан барлық жақсылық пен жамандыққа өзіне тән нәзік сезіммен қарайтыны байқалады. Өйткені осы мазмұндағы әңгімені сіз бен біздің де құлағымыз шалғаны кәдік. Бірақ одан Жақсылық ақын сияқты қорытынды шығарып, ой түю жағы кемшін.
Мен өзі Жақаңның шәкірті болғандықтан әр нәрсеге сұңғыла сұрақтармен үңіле қараймын. Сондықтан болар, ақын ағамнан «тойымда баяндама жасайсың» деген тапсырма берілгенде, «ақын тойында қара сөз - ғақлияға салып, баяндама жасау қажет пе өзі?» деп, көп ойладым.
Баяндама қажет болса, ол қандай болуы керек? Түрі, мазмұны ше? Ақыры ары ойланып, бері ойланып, ақынның тойында ақынның шығармашылығы туралы баяндама жасалу міндетті болса, онда ол баяндама сол ақынның тек қана өлеңдерінен тұруы керек деп тұжырдым.
Бір жақсысы, Жақаңның жыр жинақтарының кез-келген парағынан «мысалыңа мені ал» деп, сұранып тұрған өлеңдер көп. Ол өлеңдердің әр қайсысы өзінше бір тарих, өзінше бір ғибрат. Мына өлең, сірә, қазіргідей «цифровой» фотоаппараттары жоқ алпысыншы, жетпісініші жылдардың жігіттерінің жыры болуға керек. Ол жылдарды бәріміз де бастан кештік қой. Сондықтан ақынмен бірге өлең өрнегінің астарына үңіліп көрейік.
Бозабалаға думан егіз, желік – қыз,
Сол бір шақта фотограф едік біз.
Айна жүрек – аппаратпен кездескен,
Қыздың бәрін тек түсіре беріппіз.
Әлі есімде кездескен күн сенімен,
Арманымның асқары ма ең, көгі ме ең.
Кәсіп қалды, желік бітті, сол күні,
«Пленкамды» тауысқам-ау тегі мен.
Сен биік тау, қалғандары құр беткей,
Биік таудан оларға көз тұр жетпей,
Жүрегіме орнапсың ғой бір өзің,
Қалғандары шықпай қалған суреттей.
Қандай ғажап дүние. Ақын жігіт ғашығына «сүйем, күйем» деп үздігіп, өзеуремейді. Оны «анамен, мынамен» дәлелдемейді. Тың түр, тамаша мазмұнмен болған нәрсені ақындық сезімталдықпен қаз-қалпында жырлап бере салады. Бұл енді екінің бірінің қолынан келмейтін, суреткердің маңдайына ғана жазылатын бақыт. Ақын бақыты деген де осындай болады.
Шынымызды айтсақ, қазір сезімді тербейтін сырлы өлеңдер жиі оқылмайды. Жұрт кітап деген асылмен де арасын суытып алған. Сондықтан жырға көберек орын беріп, оны жазған ақынның өмір иірімдеріне жетіктігінің, сұңғыла зерделілігінің, азаматқа тән қасиетін саралай отырсақ деймін.
Заңы басқа дейтін еді әр елдің,
Бұдан артық керегі не дәлелдің.
Мөлдіреген тау суында бұлғақтап,
Жүзуін-ай алтын балық – форельдің.
Ақ жебедей өрге қарай зулаған,
Нұр шашады алтын түстес тұлғадан.
Мөлдір суда жүзгендіктен форельге,
Түгел мөлдір секілді ғой бұл ғалам.
Көрері оның жазған баста тағдыры,
Күміс суға қонған күн мен таң нұры.
Форель қайдан біле қойсын өмірде,
Сулар барын ботаналы, балдырлы.
Халық «керемет көрем десең тауға бар» дейді ғой. Таудағы сол кереметтің бірі - тау суында тіршілік ететін «Форель» деген балық. Мұны да бәріміз көріп жүрміз. Бәріміз тамсанып, тамашаладық. Ал ақын жүрегі оған ойлана қарап, оқырманына ой тастарлық сөз айтады.
Рұқсат етсеңіздер, Жақсылық ақынның керемет лирик екенін дәделейтін тағы бірнеше өлеңдерінен мысал келтіргім кеп тұр.
Есіңде түнде тұрып тербеткенің,
Есіңде қай сағатта еңбектедім.
Білемін елжірейсің сәби көріп,
Кетпейді құлағыңнан жөргектегі үн.
Бір өзің мені әлпештеп құндақтаған,
О, ана, кім бар сенен қымбат маған.
Ойласам ақ сүтіңнің ақталуын,
Түнде ай, күдіз бейне күн батпаған.
Қыраулап самайыңа қыс келіпті,
Жүзіңе әжім мәңгі түстеніпті.
Көрсе де жазы өткенін өміріңнің,
Құлының уайымын ішке бүкті.
Әр ақынның, әр жазушының өлмейтін бір тамаша туынды жазсам деген әппақ арманы болады. Ана туралы мына өлең Жақаңның сол арманының орындалғанын көркемдігімен де, еш ақын айтпаған ерекшелігімен анық көрсетіп тұр.
Аналарға талай ақын жыр арнады. Олардың ішінде бір-біріне ұқсастары ұмытылды. Ал Жақсылық ақынның «Анасы» біз айтқан қайталанбас ерекшелігімен қанша жыл өтсе де күні кеше жазылғандай жан-жағына нұр шашып, жарқырап тұр. Бұл өлеңге ән жазылғаны да сондықтан болуы керек.
Ән дегеннен шығады, Жақаңның ән мен сәнге айналып жұрттың аузында жүрген өлеңдері бірқыдырау. Соның бірі – «Таңсәрі»! Кім-кімге де таныс, жақын, ыстық осы таныс сөз-сурет сыршыл әндер арасынан шоқтығы анағұрлым биік тұрады.
Самал желмен тербеледі қарағай,
Көк төсінде еркін жүзіп барады ай.
Алтын айдай ақ сәулешім жанымда,
Жүріп келем өзен бойын жағалай.
Таң келеді көк жиектен арайлап,
Нұр жамылды, жыр жамылды бар аймақ.
Гүл жайнайды аяулымның ақ жүзі,
Күлімдеген күн жолына қарайлап.
Қырдың қызыл қызғалдағы қырмызы,
Жымыңдаған таңғы аспанның жұлдызы.
Сұлусыңдар таласпаймын, бірақта,
Ерекше ғой еркетайдың нұр жүзі.
Расұл Ғамзатовтай ғұлама ақынды туған авар халы «ақындар дүниеден жүз жыл бұрын туған» дейді екен.
Дейді екені, тегінде егер ақын өмір жаратуға қатыспаған болса, онда өмірдің өзі де мұншалық қызық болмас еді дегісі келгендіктен болар.
Ал енді сол Расұл Ғамзатовтың әкесі: «көкмылжыңды тоқтату үшін құрметті қария не қонақ сөйлеуі керек. Егер ол бұған да болмай, өзінің сылдыр сөзін төге берсе, өлең айту керек» дейді екен. Сондықтан сөзіміз «бір ет, бір май» болуы үшін қара сөзге ақын өлеңін тамызықтап қояйық.
Жазғы кеш... жалғыз қайық... жалғыз бейне,
Жағадан сағындырған әнді іздей ме.
Ақ самал ақ тамақтан аймалайды,
Құрбыңды жездеге ерке балдыз деме.
Таң келеді ақ қанатын жайып тағы,
Секілді махаббаттың байыпты әні.
Сыздай ма сағыныштан сорлы жүрек,
Мұңайып ару отыр қайықта әлі.
Бақытты дала бүгін көре алмады-ау,
Қос ғашық таңға сәлем бере алмады-ау.
Сен мінген махаббаттың ақ кемесі,
Жағаға қайтып содан оралмады-ау.
Бұл – ақынның Шәмші Қалдаяқовты жоқтауы. Әні бар. Қайырмасы былай болып келеді.
Шәмші аға, сағынып жүзіңді сенің,
Солған гүлдей үзілді сезім.
Көңілге жұбаныш әндерің сенің,
Әкелер кей сәт қайғының селін.
Арманшыл жастарды жеткізген мұратқа
Сен жоқсың бірақта...
Арудың алабұртып сыршыл өңі,
Көктегі ай күрсінеді.
Сол сәтте тұла бойы түршігеді,
Жүректің түршіктірген дүрсілі еді.
Ақын жаны ақ жайлау болмаса, бәрі бекер.
Әлі есімде, 1988 жылы «Жалын» баспасының балалар мен жасөспірімдерге арналған бәйгесінде жүлдеге ие болғанымда үйіне ертіп барып, елдің алды боп «жуып» берген сол кездегі «бастығым» Жақсылық аға еді. Тек мен ғана ма, аузын ашса жүрегі көрінетін ақын өнерге бір табан жақын жүретін адам көрсе болды көшеден үйіне немесе редакцияға ертіп келетін. Кешегі атақты әнші, бүгінде марқұм болып кеткен Аманкелді Сембиннен бастап бүгінгі Маралтайға дейін Жақаңның «шекпенінен» шыққан деп айтуға әбден болады. Сондықтан Жақаңның:
Күнім жоқ ел күтуден шаршаған,
Бес сом тапсам, он адамға жар салам.
Уақытым жоқ қонақ таңдап жатуға,
Дос түгілі дұшпанымды қарсы алам.
- Қой мұныңды, - дейді маған дос адам,
Қалай қоям, менің көңлім көш аман.
Қалай қоям, менің көңлім құла түз –
Жарты күнге босап қалса босағам.
Дейді: - сыйлар адамыңды таңдай біл,
(Түсінбеймін заң екенін қандай бұл?)
Келген жанның кеудесінен қағам ба,
Ата салты естен шыққан жандай бір, -
деген жырмен жеткізген сырына еш күмәнісіз құлай сенуге болады.
Ақынның аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлыдан қалған домбырасы мен қылышы бар. Бұл екі жәдігер жырға арқау болған кезде, экспонат түріндегі өлі заттан, тіршілік үшін мәні мол мұраға айналып шыға келеді.
Аяқ жақта қылышым тұр, домбырам бар бас жақта...
Қуанышқа жете алмаймыз кейде қырлар ассақ та,
Қайғы деген қара жылан түспесін тек соңыңа,
Құтылу жоқ соңға түссе желді мініп қашсақ та.
Домбырамды шертіп қалсам, секілдімін сал әлі,
Қылышыма көз жүгіртсем соғысты еске салады.
Домбыра мен қылышты үйге ілгенім жоқ текке мен,
Соған қарап қайғыдан да шаттықтан да шектелем.
Шаңқай түсте әлек-шәлек күйзелткенде күйкі ортам,
Көңілімді көтермек боп домбыра алып күй тартам,
Көкті тіреп тұрғандай бір бөсем кейде шалқып кеп,
Күбірлейді қылыш сонда: - астамшылық артық, - деп.
Енді аяңдап «Қара кемпірге» келейік. Жақаңның жұрт қашан айтар екен деп күтіп отырғаны да осы дастанның тарихы болса керек. Алғашында 3-4 шумақтан тұратын бұл өлең кейін ұзақ толғауға ұласты.
Мен ақын ағамен әңгімелескенімде: бұл ұзақ толғауды реквием десе де болар еді. Өйткені ол Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына қырық жыл толған күніне дейінгі жарты ғасырға жуық уақыт бойы өзінің шыбын жанын, тіпті, өзінің бар-жоғын мүлде ұмытып, сағынышпен, үмітпен ғана өмір сүріп келген мұңлық ананың – шүйкедей ғана қара кемпірдің жан азасы болатын. Мен мұндай қасіретті өз замандасымның кез келгенінің от басынан көргем, әлі күнге көріп келем. Талай шаңырақтың оты өшіп, талай ұрпақтың жалғасы шорт кесіліп қалғаны да шындық.
Мына қара кемпір – Қали атты мұңлық ана да бір ұрпақтың болашағын соғыс деген сұм тағдыр біржола жұтқанына көзі анық жеткен шақта аналық борышты өтей алмадым-ау деген ащы күйіктен жынданып кеткені де шындық еді. Бедеулігі емес, «беу, тағдыры» душар етіп еді оны мұндай сұмдыққа. Ол аналық қарыз-парызын өтеген болатын. Соғыс еді, оның қос құлынын бірдей жалмап, үмітін қиған. Фашизмге деген менің және менің замандастарымның көңіл қалтарысында үнемі аунап түсіп жататын, ғұмыр бойы кешірілмейтін кектің бір шөкім бұлты ғана деп санаймын «Қара кемпірді» деген еді.
Шынында:
Сағындым, Жексенқұлым, Қосшығұлым,
Өзекті жарып шыққан қос шыбыным.
Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның,
Зарына құлағыңды тосшы бүгін!
Бұл күнде көңіл азып, төмен болды,
Көкірек қара тастай шемен болды.
Қанша жыл өткені де есімде жоқ,
Жас шыбық, сендер еккен, емен болды.
Қара шаш бүгін аппақ қырау болды,
Тіршілік жауабы жоқ сұрау болды.
Әр күнім тойға сояр малды бағып,
Әр түнім ағыл-тегіл жылау болды, -
деп басталып, ара-тұра тұла бойыңды дір еткізетін қасіретті толғауды соғыс тақырыбына жазылған дастандардың ішіндегі жүрек тебірентерлік ең шыңы деуге болады. Жақаңның бұл тақырыпты жетер жеріне жеткізе жырлауының бір себебі – ақынның өзі де тыл азабын, соғысқа кеткен әкені сарғайып күту сағынышын басынан өткізген жан.
Жарықтығым,
Біз жаңадан өмірдің жарып гүлін,
Келе жатқан шақта сен сапар шектің
Қорғау үшін еліңнің жарық күнін.
Ол күнде бар болғаны бесте едім,
Он бесте болсам саған ермес пе едім.
Қаталап шабуылдан қайтқаныңда,
Окопта шай қайнатып бермес пе едім, -
деп келетін жырдың «Қара кемпірдей» халықтық үлкен полотноға айналуы, осы тұрғыдан алғанда заңды.
Жақсылық ақын Жамбылда жүрсе де Алматыдағы арқалы ақындарға сыйлы болды. Мысалы, Ғафу Қайырбеков:
Атына теңеу таппас асыл інім,
Көрмеген қасіреттің тапшылығын.
Талай жыл әлі алда басың қосып,
Қақпасын болашақтың қақшы, күнім!
Тілегім – қайда жүрсең аман жүрші,
Сол болсын жақсылығың – Жақсылығым!
десе, Тұманбай Молдағалиев:
Ей, Жақсылық, жас күнгі жан жолдасым,
Жамбылыңа келемін сен болғасын.
Оза шапқан тұлпар ең, артқа тастап,
Өзім деген қазақтың сан жорғасын, - дейді.
Ал, ақын Жарылқасын Аманов ағамыз:
Жүректе тулап мың тілек,
Жанардан жасым сіркіреп.
Араман не, өтсек өмірден,
Дүние шаңын сілкілеп, -
деп термелетеді.
Ақын жайлы ақжарма сөзді ақын жырының өзінен білген, ағайын! Күн аманда көрісейік!
Көсемәлі Сәттібаев
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Мәдениет
Мәдениет министрі Аида Балаева халыққа үндеу жасады
- авторМағжан Орынбасар
- 17 желтоқсан, 2024
Мәдениет
Бүгін қазақтың аңыз әншісі Бибігүл Төлегенованың туған күні
- авторjambylinfo.kz
- 16 желтоқсан, 2024