жұма, 22 қараша, 2024 13:01

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жасөспірімдер театрға барсын десек...

Жасөспірімдер театрға барсын десек...
ашық дереккөзі
Жасөспірімдер театрға барсын десек...

Қоғамда сахна мәдениеті қалыптасып, адамдар «хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнермен» қауыша бастаған уақыттан бері театр биік талғам мен парасат мекеніне айналған-ды. Драматургияның шын шеберлік пен суреткерлікті қатаң талап ететіні де осыдан. Асыл өнердің табиғаты туралы неміс сыншысы Лессинг: «Лирикада болмыстың шындығы сезіледі, прозада болмыстың шындығы баяндалады. Ал драмада болмыстың шындығы жасалады», дейді.

Сөз-ақ. Бұл жанрда сәтті жазудың қиын­дығынан болар, драматургияға әр жа­зарманның қаламы бара бер­мейді. Бүгінгі күнде де қазақ театр­лары жақ­сы пьесаларға мұқтаж еке­нін көзбен көріп жүрміз. Әсіресе жас­өспірімдерге ар­нал­ған драмалық шы­ғармалар жоқтың қасы. Театр сах­насында – не балаларға, не ересек­терге арналған спектакльдер ғана. Ал он үш жастан асқан бозбалаларға арнал­ған театрландырылған қойылым сиреп ба­рады. Әрине, бұл қу шөппен ауыз сүрт­кеніміз емес.

Тек, жасөспірімдерге арналып қойы­лып жүрген спектакльдердің деңгей-дәргейі көңіл қуантпайды. Чеховтан «Көркемдік деген не?» деп сұрағанда: «Бұл, ең алдымен, көркем шығарманың шынайылығы», деген екен. Бүгінгі театр сахнасындағы спектакльдердің көбінде осы шынайылық жоқ. Әлқисса.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мем­ле­кеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры репертуарында қазіргі таңда шамамен 40 шақты спектакль бар (оның нақты қаншасы аударма, қаншасы отандық драматургия екенін театр басшылығынан сұрап біле алмадық). Одан бөлек жас көрермендер үшін 17 ертегі қойылады. Театр репер­туарына жылына төрт немесе алты спектакль қосылып отырады екен. Ал көптен бері қойылып жүрген спектакльдер көркемдік кеңестің шешімімен алынып тасталынады. Жаңа қойылымдар да көркемдік кеңестен өткеннен кейін министрлікке ұсынылады.

Біраз уақыт бұрын еліміздің бас жас­өспірімдер театрында Жұлдызбек Жұманбайдың режиссерлігімен Сайын Мұрат­бековтің «Жусан иісі» атты пове­сіне инсценировка жасалып қойылған болатын. Қазақ балалары рухани ашар­шылық жағдайында тұрған бүгінгі таңда мұндай спектакльдер көрерменді там-тұмдап қуантқаны рас. Алайда қазір қойылып жүрген бірен-саран спектакль жасөспірімдердің рухани сұранысын қанағаттандыра алмайды.

Мәселен, драматург Серік Асыл­бекұлының «Рабиғаның махаббаты» атты повесі оқырмандардың на­зарын аударған соң, автор шығар­маны пьесаға лайықтап жазып, Н.Жақыпбайдың режиссерлігімен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 1990 жылдардан бастап 7-8 жыл бойы қойылды. Жоғары сынып оқушыларының бей­күнә махаббаты һәм суицид жөнін­дегі бұл шығарма сол уақытта театр көрермендері арасында резонанс тудырып, аншлагпен өткен еді. «Қоғамды ағарту арқылы бәрін өзгертуге болады» деген ұстанымдағы драматург Серік Асылбекұлы жасөспірімдерге арналған қойылымдар турасында да ой бөлісті.

«Адамдардың санасын өзгерту арқылы экономиканы да, өндірісті де, ауыл шаруашылығын да көркейтуге болады. Барлық дүниенің түп төркіні адамның сана-сезімінде жатыр. Ал сана-сезімді ұлы шығармалар арқылы ғана тәрбиелей аламыз. Одан басқа әлемде адам тәрбиелеудің тиімді құралы жоқ. Достоевскийдің «Әлемді сұлулық құтқарады» деген сөзіне «әлемді ізгілік құтқарады» деп қосар едім. Ал көркем әдебиет адамның жанын ізгілендіретін бірден-бір рухани құрал», деген автор бүгінгі күні драматургияға қалам тартатындар саусақпен санарлық екенін де айтты. «Мәселен, бізде 700 жазушы болса, соның 15-нің ғана пьесалары қойылып жүр. Ал дүниежүзінде Нобель сыйлығын алған алты-жеті драматург қана бар. Осының өзі драманың күрделі жанр екенін көрсетеді. Әлемдегі ең бай әдебиет – орыс әдебиетінде классик прозаиктер көп. Ал талантты драматургтерге келсек, А.Островский, А.Чехов, А.Вампилов, А.Гельмандарды ғана атай аламыз», дейді.

Күні кешеге дейін елімізде жас­өспірімдерге арналған екі-ақ театр бар-тын. Олар – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ба­лалар мен жасөспірімдер театры­ және астанадағы Жастар театры. Соң­ғы уақытта облыстық үлкен театр­­лардың жанынан жастар труппалары құрылғанын да айта кетейік. Мәселен, Петропавл театрындағы Фар­хат Молдағали жастар труппасын құрып, елді елең еткізді. Бұл бас­тама Қызылорда, Талдықорған, Көк­шетау қалаларында да жалғасты. Жасөспірімдер репертуарының тоқы­рау кезеңінде іске асқан игі жоба театр­ саласындағы жақсы бір қозғалыс бол­ған сияқты.

Драматургтер мен театр режис­серлері арасында шығарма­шылық байланыс жоқ екенін айтқан театртанушы Амангелді Мұқан мерейтойлық даталарға орай ұйымдастырылатын әдеби байқауларға тоқталды.

«Мәселен, Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында өткізілген әдеби байқауға 40-50 пьеса келіп түсті. Үздігі анықталып, марапаттал­ды. Кітап та шықты. Алайда театр сахнасында қойылған жоқ. Осы сияқты мерейтойлық оқиғалар қар­саңында жазылған пьесалар сол жүлде алған күйі қала береді. Яғни драматургтер мен театр режиссерлері арасын­да шығармашылық байланыс жоқ.  Мәселен, Мәскеудегі Сац театрында жас көрермендермен арнайы педагогтер жұмыс істейді. Яғни әр спектакльдің алдында жас көрермендерге театр мәдениеті жө­нінде лекция оқып, тәрбиелейді. Театрдың негізгі функцияларының бірі – тәрбиелеу екенін ұмытпау керек. Ал еліміздегі жасөспірімдер театрында педагог деген штат жоқ», дейді. Сондай-ақ театр сыншысы, Созақ ауданында мектепте жұмыс істейтін Айдарбек Байділдә деген автор «Ұстаз» деген пьеса жазғанын тілге тиек етті. Онда бүгінгі мектеп өмірі, 10-11 сыныптағы жасөспірімдердің қызықты оқиғалары суреттелген. Бұл пьесаға режиссерлер де қызығыпты. Алдағы уақытта Ұлан Ахметовтің режиссерлігімен Талдықорғандағы театрда қойылуы мүмкін екен.

Ал драматург, Т.Жүргенов атын­­дағы Қазақ ұлттық өнер ака­демия­сының профессоры Сұлтанәлі Бал­ғабаев: «Жасөспірімдерге арналған пьесалардың деңгей-дәрежесі туралы сөз қозғамас бұрын, сол саптағы спектакльдер бар ма деу керек. Бізде қазір үлкен тарихи оқиғаларға арнап спектакль қою етек алған. Ал көрерменнің сұранысына зерттеу жүргізіп, талабын ескерген пьесалар азайып барады. Қазақ театрларының бүгінгі кемшілігі осы. Шынын айт­қанда, театр аудиториясының көп бөлігін жасөспірімдер құрайды. Мәселен, Алматыда 70-тен астам қазақ мектебі бар. Сол мектептердің жо­ғары сыныптардағы балалары жылына екі рет театрға барады­ де­ген­нің өзінде, соларға арнап 150 спектакль қоюға болады. Біз­де бұ­ның статистикасы мүлдем есеп­тел­мейді. Ал жасөспірімдерге арнал­ған пьеса­лардың жоғалуы – репер­туар жасақталғанда көрерменнің сұ­ранысын назарға ілмеуінен болып отыр. Әлемдегі театрлардан біз­дің театр­лардың айырмашылығы – дайын қаржыға кез келген жанр­да­ғы спектакльді қоя береді. Оған көрермен қызыға ма, жоқ па, рейтингі қалай – маңызды емес. Яғни продю­серлік менеджмент жұмыстары жүр­гізілмейді», дей келе Мәдениет және спорт министрлігінің театр репертуа­рына қатысты нақты саясат жүргізу керектігін айтты.

Тәуелсіздік күні қарсаңында елордада Жас көрермендердің музы­калық театры ашылған болатын. Ел астанасынан бой көтерген жаңа театрдан өнерсүйер көрерменнің кү­тері көп. Өнер ошағының директоры Асхат Маемиров балалар мен жасөспірімдер шығармаларына арнал­ған әдеби байқауларды тек драматургиялық туындыларға ғана емес, музыкалық шығармаларға да арнап ұйымдастырылу керектігін айтты.

«Отандық драматургияға келсек, кез келген жасөспірімдер театры­ның репертуарында Бердібек Соқ­пақбаевтың «Менің атым Қожасы» болуы тиіс. Өйткені  бұл шығармада өтпелі кезеңнің психологиялық иірімдері қанық әрі терең­дікпен суреттелген. Яғни прозалық шығар­ма­лардан инсценировка жасап, ха­лыққа ұсына беру керек. Бір-екі жылда жасөспірімдерге арнал­ған драмалық шығармалар жазыла қоймайды. Сондықтан 70-80- жыл­дардағы балаларға арналған әдебиет жауһарларын жедел түрде аударып отыруымыз керек. Ал өз кезегімізде Нұр-Сұлтан қаласының музыкалық жас көрермендер театры алғашқы қойылымымызды он бестегі Абай мен Тоғжан арасындағы махаббатқа арнадық. Музыкалық театр болғандықтан, Әуезовтің «Абай жолы» трилогиясындағы Абай мен Тоғжанның үш бетке толар-толмас кездесуін жас автор Мирас Әбіл­­­ге жаздырттық. Абайды біз кө­біне ойшыл, философ және рухани тұлға ретінде көрсеткен соң жас балалар қашқақтайды, тісі батпайды. Көрермендер Абайдың тұлғасымен бірге өсу керек деген ұғымды ұстанып, балалар мен жасөспірімдердің дүние­танымына, талғамына, болмысының қалып­тасуына әсер ету үшін арнайы он бес жасындағы кезеңін алдық. Ол арада Құнанбайдай әкесінің өнегесін, Ұлжандай анасының тәр­биесін, дос пен бауырдың қадір-қа­сиетін «Абай-Тоғжан» спектаклінде бір­тұтас қамтуға тырыстық. Көркем шығар­малардан бөлек халық аңыздары мен ертегілерін де сахнаға адаптация жасасақ, құнды олжа болмақ»,  дейді.

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар