2021 – сиыр жылғы мерекелік даталар, тарихи оқиғалар мен тұлғалар өмірі
- авторjambylinfo.kz
- 6 қаңтар, 2021
- 607
Атам қазақтың «диірменнің тасындай, шыр айналған дүние-ай» дегені сияқты әуресі мен әлегі көп 2020-шы ақ Тышқан жылы да уақыттың терең қойнауына сіңді. Енді міне, ай мүйізін ақырын шайқап, 2021-ші Сиыр жылы ғаламның табалдырығын аттады. Қош келдің, кілегей сүті тіліне байланған Зеңгі баба түлігі.
Биыл «Тәуелсіздігіміз жарияланған 1991 жылғы 16 желтоқсан – ұлт шежіресінде алтын әріппен жазылған тарихи күн» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, елдігіміздің еңсесі тіктеліп, шаңырағы көтерілген құтты оқиғаға 30 жыл толатын аса маңызды дата. Яғни 2021 – Тәуелсіздігіміздің торқалы тойын атап өтетін тарихи жыл.
Одан кейін биыл ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толса, «Даланың бұлшық еті» атанған әйгілі балуан Қажымұқан бабамыздың да 150 жылдығы ел көлемінде атап өтілері хақ. Бұлардан басқа «халық үшін жүрек майын шам қылған» (С.Торайғыров) алаш арыстары Әлихан Бөкейханның туғанына 155, Ахмет Бірімжановқа 150, Әлімхан Ермековке 130, Жақып Ақбаевқа 145 жыл толады екен.
Сондай-ақ, Кеңес дәуірінде қазақтан шыққан тұңғыш әскери қайраткер генерал-майор (1943) Шәкір Жексенбаев, ақын жазушы, аудармашы Қалмахан Әбдіқадыров (15 сәуір), әнші-сазгер, қазақ өнерінің майталманы Манарбек Ержанов (8 наурыз) қатарлы тұлғалардың туғанына 120 жыл толса, композитор, музыка зерттеуші-педагог Ахмет Жұбанов, Қазақстаның халық әртісі, ескі Әнұран авторы Латиф Хамиди (17 шілде), қоғам қайраткері, биология ғылымдарының докторы Кәрім Мыңбаев (15 тамыз), танымал жазушы Сейітжан Омаровтың (22 маусым) туғанына 115 жыл толады екен.
Сол сияқты биыл жалынды ақын Қасым Аманжолов (10 қазан), жазушылар Ғабдол Сланов (15 қыркүйек) пен Зейтін Ақышовтың (18 сәуір) туғанына 110 жыл толса, Қазақстанның халық жазушы Хамит Ерғалиев (14 қазан), майдангер-жазушы Баубек Бұлқышев, қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы (29 қазан), Абайтану ғылымының негізін салушы Қайым Мұқамедханов (5 қаңтар) қатарлы тұлғалардың туғанына 105 жыл толмақ.
Бұлардан басқа 2021 жылы атақты заңгер, академик Салық Зиманов (19 ақпан), Қазақстанның Халық жазушысы Тұрсынхан Әбдірахманова (5 қараша), түркітану ғылымының негізін қалаушы, филология ғылымдарының докторы Ғұбайдолда Айдаровтардың (18 маусым) 100 жылдық, даңғыл ақын Мұқағали Мақатаев (9 ақпан), мемлекет қайраткерлері Өзбекәлі Жәнібеков (28 тамыз) пен Өмірбек Жолдасбековтің (1 наурыз) 90 жылдық торқалы тойлары өз кезегін күтері анық.
Тізімді әрі қарай жалғастырар болсақ, атақты ақын Олжас Сүлейменов (18 мамыр), ақын Марфуға Айтхожина (25 тамыз), жазушылар Сайын Мұратбеков (15 қазан) пен Қабдеш Жұмаділов (24 сәуір), академик Өмірзақ Айтбаев, өнер қайраткерлері – Сәбит Оразбаев (29 қаңтар), Фарида Шәріпова (16 желтоқсан) және боксшы Әбдісалан Нұрмахановтардың туғанына биыл 85 жыл толады екен.
Бұларға жалғас танымал ақын-жазушылар Бексұлтан Нұржекеев (22 ақпан), Исраил Сапарбай (15 тамыз), Сұлтан Оразалы (30 сәуір), Тұрсынзада Есімжанов (21 қаңтар), өнер қайраткері Есмұхан Обаев (23 маусым), академиктер Еділ Ерғожин (7 қараша) мен Мұрат Жұрынов 80 жасқа толар болса, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров (27 шілде), дүниеден өткен қолөнер шебері Дәркембай Шоқпаров (23 мамыр) пен сазгер Кеңес Дүйсекеев (10 ақпан) 75 жастың биік белесіне шығатын көрінеді.
* * *
Яғни әлем күнтізбесінен жаңа парағын ашқан 2021 жыл – ұлт руханияты үшін даталы оқиғаларға толы. Атап айтқанда, 1911 жылы 16 наурызда Ордада Ғұмар Қараш, Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев қатарлы алаш арыстарының атсалысумен «Қазақстан» атты газет шықса, осы жылы А.Байтұрсыновтың «Маса» атты өлеңдер жинағы; Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегі; Шәңгерей Бөкеевтің «Шайыр», «Көк селдір» атты өлеңдер жинағы Орынборда жарық көрді. Сонымен қатар 1911 жылы «Айқап» журналы өмірге келсе, ХІХ ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетінің белді өкілдерінің бірі ақын Шортанбай Қанайұлының (1818-1881) «Бала зары» атты өлеңдер жинағы Қазан қаласында басылып шыққан екен. Жоғарыдағы құнды еңбектерге биыл 110 жыл толып отыр.
Келесі бір тарихи оқиға – 1916 жылы патшалық билікке қарсы қазақ даласында өрбіген ұлт-азаттық қозғалысқа 105 жыл болса, 1921 жылы 22 наурызда Ташкентте «Жас алаш» газеті жарық көріп, 14 наурызда Верный қаласын «Алматы» деп атау жөнінде Түркістан ОАК қаулысы шықты. Бұл даталы оқиғаларға биыл – 100 жыл.
Сол сияқты, 1926 жылы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Баку қаласында Бүкілодақтың І Түркология съезі өтіп, оған Қазақстан атынан А.Байтұрсынов пен Н.Төреқұлов бастаған өкілдер қатысты. Бұл оқиғаға биыл 95 жыл толса, осыдан 85 жыл бұрын 1936 жылы 5 желтоқсанда ҚазАССР-і КСРО-ның құрамындағы Одақтас Республика ретінде қайта құрылды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз