Күні кеше ғана арамызда қатар жүрген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, белгілі өнер қайраткері Болат Бекжаннан күтпеген тұстан көз жазып қаламыз-ау деген ой қаперімізге еш келмепті. Алайда тағдырдың жазуы осылай екен де, Алланың ісіне пенденің қолынан келер шарасы жоқ екен. Бәлкім, оның ауыр сырқатын сыртқа білдірмеген, былайғы пенденің аяушылығын қаламаған сырбаздығынан, ішкі рухының мықтылығынан болар. Қалай дегенде де, айтары жоқ... Өмірге құштар әлем өмірден озды. Өзіндік орны, айтары, жазары, мінезі бар еді...
Бірде алқалы жиында белгілі қаламгер Түлкібасы деген жер атауының Түркібасы екені жөнінде, осыған қатысты Үкімет тарапынан жұмыс жүргізіліп жатқаны туралы айтты. Болат екеуміз қатар отырғанбыз. Шырт етіп мінез танытты және ол кісінің сөзін бөле ішкі ойын бірден ашық білдірді. – Бала күнімізде ауылдың үлкен кісілерінен Түлкі батыр туралы аңыз әңгімені естіп өсіп едік. Тосыннан тиген күші басым жау азғантай қолмен туған жері үшін жанқиярлықпен шайқасқан Түлкі батырдың басын кесіп, анасының алдына әкелген екен дейді. Мақсаты халықтың рухын сындыру болса керек. Сонда анасы жаудың аяғына жығылып, жылап-еңіремей, қайта кеудесін тіктеп, халықтың алдында: «Сендей ұл туғаныма мақтанамын, ақ сүтімді кештім, ардақты ұлым» деген екен. Халық жиылып, батырдың басын, биік төбенің басына жерлеген көрінеді, содан бері сол өңір Түлкібас атанған екен. Сонда осы аңызды ұмыта салуымыз керек пе?!. – деді. Осы бір ой кейін екеуміздің арамызда өрбіп кетті. Сөздің түйінінде «Осы аңыздың желісінде тамаша поэма жазсаңшы» деген өтінішке ұласты. – Жазамын, – деді Болат. Кездескен жерде болашақ туынды жайлы айтып қоямыз. Бірде Абайдың Жетісу өңіріне келуі жөнінде пьеса жазып жатқанын сөз етті. Тағы бірде Түлкі батыр жөнінде поэма бастағанын айтты. Көп ұзамай Түлкі батыр туралы поэмасын аяқтағанын айтып: «Саған берген уәдемді орындадым» деді. Үнінде сәл дегбірсіздік байқалғандай болды. Тірлікте оған мән беріп жатқан кім бар? Поэмасын электронды поштамен жіберетінін, оқып, пікірімді естігісі келетінін, елордаға барып, ауруханаға жатып, емделіп қайтатынын да айтып қалды. Поэманы екі бөліп, бір мезгілде оқып шықтым. Автор туындысын «Рух» деп атаған екен. Бұл атаудың әлі шартты екенін айтты. Шығарманы бастап оқығаннан-ақ динамикасымен, көркем тілімен, авторлық кең дүниетанымымен оқырманын іліп алып, жетелей жөнеледі. Қазақ деген халықтың қайталанбас тұрмыс-тіршілігі мен ортасы, салт-дәстүрі мен дархан мінезі – этнографиялық болмыс-бітімі көз алдыңа сурет болып тізіледі. Сол сәтте де, кейін де жеке басым автордың кең тыныстылығына, суреткерлік дүниетанымының молдығына, эпикалық қарымының кеңдігіне іштей сүйсіндім. Күшеніп жазу емес, селдей құйылып, төгіліп жазу, еркін құлаш ұру байқалады. Төменгі Талас елі еді, Бір шеті құмға астасқан. Көктеуден көшіп, межелі, Жайлауда жаңа бас қосқан.
Кездер еді ол бір жайдары, Табиғат тұнық – құс аман. Қарттары – елдің қаймағы, Қайыратұғын қиссадан.
Сөзуар болдық сірә біз, Қиялы – дастан, құшағы – ән, Естідік сонда бір аңыз, Бәзілдің ұлы Мұсадан, – деп тебірене бастайды автор туындысын. Поэмада әр қилы тағдыр, әр алуан мінез бар. Доспыз деген адамның арасын қызылкөз күншілдік пен қызғаныш бұзады екен. Екі ананың да тілегі ұлдарының қиыспас дос болуы еді. Бірақ олардың арманы орындалмады. Көңілді жаулап алған қызғаныш оты Қиясты Дабылдан алыстата берді, тек алыстатып қана қойған жоқ, қатар өскен досына деген ішкі жаулықты күшейте түседі. Автор мұның негізін поэмада көркем ашады. Нағашы еліне тойға жігіт болып бірге барған Дабыл мен Қиястың балуан күреске түсуі, Қиястың сол елдің палуанынан жеңіліп қалып, Дабылдың жеңіп шығуы, тоқ бәйгеде Дабылдың Күреңтөбелінің бәйгеден бірінші келуі мен ақыры сұлу Кәмшаттың Қиясты емес Дабылды қалауы – Қиястың ішкі араздығын өршіте түскен. Ақын бұл тұста да оқырманын баурап алар шеберлік танытқан. Психологиялық тереңдік пен көркем детальдердің орынды қолданылуы, тілдің образдық қуаты мен халықтық, ұлттық бояудың молдығы – Болат ақынның шығармашылық деңгейінің толысқанын, өзінің биік деңгейіне жеткенін аңғартқандай екен. Ақырында кектенген Қияс Дабылдың сүйгенімен қосылып, бақытты ғұмыр кешкенін көре алмай, оның қасында өзін «жолы болмаған» қор санап, елден шеттеп, Ташкент жаққа кетеді. Кетерінде тек кетпей, тағы да жаулығын танытып, досының жүйрік атын сұрайды. Бұл да – буынсыз жерге пышақ ұрумен тең еді. Шығарманың бірінші бөлімінің соңында Дабылдың ажалы сөйтіп Қиястан болады. Поэма жалаңқат туынды емес, қат-қабат, астары терең, күрделі шығарма. Автор поэма сюжетін шебер өрбітеді. Әрбір ситуацияның сенімділігі мен табиғи дамуына айрықша көңіл бөледі. Дабылдың өлімінен кейін дүниеге келген ұлына – тосын есім Түлкі деп ат қойылуы сенімді де қызықты берілген. Мұнда Дабылдың түс көру мотивінің көркемдік қызметі мол. Түсті жору мен оған сену де қазақтың өзіндік дүниетаным ерекшелігі. Кішкентайынан бірге өскен досын сатқан Қияс шығармада кейін еш шімірікпестен отанын да сатады. Қоқан хандығына жағымпазданып датқа болған оның көрсоқыр, өзімшіл көкірегіне елінің зары мен ащы қайғысы жетпейді. Ашкөз құлқын мен тойымсыз нәпсі бойын билеген ол елдің құзғынына айналады. Дабыл бейнесінен адалдықты ту еткен ер көңіл қазақтың азаматын көрсек, поэмадағы Қиясбайдың тағдыры мен іс-әрекетінің де оқырманға айтары мол. Образ тағдыры – автор ойының, азаматтық ұстанымының көрінісі. Елінің байлығын жеп семіріп, туған халқына шекесінен қарайтын Қиясбайлар қазіргі қоғамда аз ба!?. Автор көңілінің алаңдаушылығын туғызып, оқырманына ойын көркемдеп жеткізген образ тағылымы осы тәрізді. Өз қағынан жеріп, аспандағандар... Шүкіршіліктен кетіп, жер құдайына айналғысы келгендер... Халқына сатқындық жасаған оларға да түбі бір зауал келер... Озбырлыққа көнбеген Түлкі батыр жауына қасқая қарсы тұрады. Қоқан әскері халықтың үрейін ұшыру үшін батырдың басын кесіп, елге, анасының алдына әкеледі. Мақсаты – елдің рухын сындырмақ. Құлақкесті құлға айналдырмақ ниеттері. Елдің, ұлттың рухы сынға түсер шақта Кәмшат – Кәм-Ана көрінеді. Жауына жалынбақ, аяғына жығылмақ емес. Қасқая қарсы тұрады. Білінбей бойдан өкініш ізі жұрнақтай, Сірескен анау, Тәңіртаудағы мұздақтай. Қорламақ болған қоқандықтардың алдында, Қасқайып тұрды Кәм-Ана өктем, міз бақпай. Алай да дүлей тауларды бұлттар тербетті, Бір құйып өтті жауын ба, жас па, селдетті. Дәл осы сәтте қасқайып тұрған Кәм-Ана, Саңқ етті даусы қақ жарып дүние жер-көкті. – Ақситып тісін айырған иттің қу жағын, Талқандап өткен осылай сұмның-сұм заңын. Ұл туған екем, ақтадың ана арманын, Ризамын екі дүниеде, ұлым, ризамын.
Төменшік тартып тумадың кейін ешкімнен, Жарқылдап өттің, кезің жоқ песке дес берген, – Қос қолын көкке көтеріп деді Ана: – Аналық аппақ ақ сүтімді арда кештім мен! Абдырап қалды әскербасы да, қосыны, Болмады сәтті көрсетпек қызық, тосыны. Ажалдан биік қоятын ұлттың намысын, Адамды алғаш көрді де жанынан шошыды. Поэманың финалында осы көрініс алға шығады. Ақын ұлттық рухтың сынбауын, мұқалмауын тілейді. Бұл – қазіргі қоғамның да басты сұрағы, ақынның болашақ ұрпаққа аманаты. Жоғарыда айтып өткеніміздей, поэманың көркемдік деңгейі жоғары. Драматизмі күшті. Автордың өзі айтқандай, сахнаға да сұранып тұрған шығарма. Аңызды баяндаушы Мұса қарияның образы да ұлттық бояуға толы. Поэма, шынында, ақын Болат Бекжан шығармашылығының толысқанын танытады. Тек ақын қаламының мезгілінен бұрын сусып түскені өкінтеді.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, филология ғылымдарының докторы, профессор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз