Талай нәубетті төзіммен өткеріп, қасірет құрсағына қамалса да көрер жарығынан үмітін үзбеген һәм арманы аманатқа айналған Алаш ұрпағын азаттық асуына арқалап алып келген көреген елдің көшбасшысы. Осалдықтан арылып, Отан-Ананы бәсекеге қабілетті озық отыз елдің қатарына жетелеген оғлан ер, бүгінгі бейбіт күннің баһадүрі. Ынтымағы мен бірлігі жарасып, достық пен татулықты ту еткен қазіргі қоғам картинасының авторы. Оның ерлікпен пара-пар әрбір шешімі, жарлығы мен тапсырмасы әр қазақстандық азамат үшін үлкен маңызға ие. Ұрпаққа үлгі, өнеге.
Қазақы ақыл-ойдың Апогейі Абай хакім өзінің 39-қара сөзінде ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезін ерекше атап өтіп: «Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш қонды болса, дау жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары қалай қылса, калай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?» дейтін дәйекті даналығы бар. Ақыл абызының көрегендігін Мәңгілік Елдің Тұңғыш Президенті, кешегі Күлтегін, Керей мен Жәнібектің, Махамбет пен Исатайдың, Әлихан мен Ахметтің парасатты көшін жалғап, ізгі іскерлігімен, ұлтқа жанашырлығыменен, тындырымды тірлігімен, тегеурінді талпынысымен дәлелдей түскендей. Қазақтың аяулы ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова Елбасы монологын маржан жырымен әспеттеп: Тәуекел дедім! Ант еттім Тәуелді болып көнбеске. Құбылаға басты берсем де, Құлдыққа елді бермеске! Қандастарымның марқасқа Сарсаңға басын салмасқа, Түбегейлі де тұтас боп, Тұтқанда, қапы қалмасқа! Кіруге қалың кеңеске – Кеңессем, тұрар ел есте. Қарғамау үшін бізді ертең Бүгінгі туған нәресте! – деген толғауында Ұлт Көшбасшысының ұлы ойларын; Омырауы уыз ананың Алмасам деп ем қарғысын, Бөрілі байрақ бабаның Жалғасам деп ем арлы ісін. Қолымды созсам, Бірлікпен Қолдайтын халқым бармысың?! – деп шебер тұжырымдайды. Рас, ел тәуелсіздігін алып, етек жеңін жиған 1991 жылдың 1 желтоқсан күні тәуелсіз қазақ елінде алғашқы президенттік сайлау өтіп, онда Нұрсұлтан Назарбаев халықтың зор сенімімен, яғни сайлаушылардың 98,78 пайыз дауысымен жеңіске жеткен еді. Мемлекет билігін қолға алғаннан бастап Қазақстан Президентінің атқарған игі істер жетерлік. Сол бір қиын-қыстау кезеңде, яғни 1991 жылдың 29 тамызында 60 жылға жуық уақыт бойы Абай мен Шәкәрімдей дара даналардың кіндік қаны тамған қасиетті Семей топырағындағы ядролық сынақтарды тоқтату туралы Жарлыққа қол қоюы ерлікпен пара-пар еді. Елбасымыз Түркияға жасаған сапарларының бірінде сөйлеген сөзінде: «Қазірге дейін түркінің ішінде: «Жігіттің сұлтаны, ең жақсы жігіт қандай?», дегенде, «Ол – қазақ! Сол қазақ – бізбіз!», дегені бар еді. Расында да рухты сөз. «Елім менің» әніне «Бабамның қаны, анамның жасы, Сіңген бұл далам, қымбатсың маған» деп өзі жүрекпен жазған әр сөзі қазақ деп айқайлап тұрғандай. Елбасы қашанда ел қамын, тағдыры мен келешегін естен шығарған емес. Әрбір сөзінде бұқараның бақ-дәулетін еселеп, жоғын түгендеп, барын бағалауға шақырумен келеді. Хандығымыздың бес жарым ғасырлық белесін атап өтуі, дипломатиялық миссияларды ел игілігіне шешуі, Ұлы Дала төрінде EXPO-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыруы, тәуелсіздіктің төл перзенті – Нұр-Сұлтан қаласын салуы, осы секілді сөзбен айтып тауыса алмайтын талай істің бастамашысы болғанына көзіміз куә, қас пен көздің арасында қамшы салдырмай қарыштап дамып келе жатқан қоғамның өзі дәлел. Елбасы қаламынан қалың қазаққа жол тартқан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада «Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр», деп жазды. Шынтуайтында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де еліміздің Тұңғыш Президенті ретінде Қазақстанның жаһандық аренадағы жетістіктері мен жеңістеріне жетекшілік еткен һәм әлемге қазақ тілінде тіл қатқан, аласармайтын асқар тұлға. Қазақ жастарына деген қамқорлығы, ұрпақ пен ұлт болашағына деген жанашырлығы ешқашан ұмытылмақ емес, ұмытылмайды да. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні құтты болсын, құрметті оқырман! Бірлігіміз баянды бақытқа, тірлігіміз толағай табысқа толы болғай!
Нұржан Қадірәлі
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Естен кетпес сол бір сәт...
Ұқсас жаңалықтар
Валюта ауырбастау пункттерінде доллар нешеден саудаланып жатыр
- авторjambylinfo.kz
- 23 желтоқсан, 2024
«Заң және тәртіп»: Жуалыда прокурорлар жастармен кездесу өткізді
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024