жұма, 22 қараша, 2024 11:44

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Аудан әкімдерінің әлеуметтік дүкен ашуға мүмкіндігі қаншалықты?

Аудан әкімдерінің әлеуметтік дүкен ашуға мүмкіндігі қаншалықты?
ашық дереккөзі
Аудан әкімдерінің әлеуметтік дүкен ашуға мүмкіндігі қаншалықты?

Бүгінде мемлекет тарапынан тұрғындардың тұрмысын түзеу бағытында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Әулиеаталық әлеуметтің де әлеуетін арттыру бағытында бағдарын тапқан бастамалар жетерлік. Десе де сананы тұрмыс билеген заманда қымбатшылық, бағаның тұрақсыздығы сынды мәселелер бұқараның қос бүйірінен қысуда. Мұндайда не істемек керек? Әрине халықтың қамы үшін жаңа жобаларға жан бітіру қажет. Міне осындай баянды бастаманы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көтеріп, әр ауданнан әлеуметтік дүкендер ашуды тапсырды.

Бұл мәселені аймақ басшысы жуырда облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында мәселе етіп қозғап, аудан әкімдеріне нақты міндеттеме жүктеген-ді. «Қаланың қай аумағында әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындар көп тұрады, дүңгіршектерді сол жерлерден ашу керек. Сонымен қатар бұл бағыттағы жұмыстарды аудандарда да жандандыру керек. Шын мәнісінде аудандардағы баға жаға ұстатарлықтай. Аудан орталықтарында құмшекердің бағасы 300-400, картоптың бағасы 100-120 теңге. Т.Рысқұлов ауданында 180 теңгеден сатылуы тиіс қант 290 теңгеден өткерілуде. Картоп 140 теңгеден саудалануда. Егер қазір картоп бағасы 140 теңге болса, қыс-көктемде қанша болады? Жуалы ауданының сауда сөрелерінде картоп 150 теңгеден тұр. Картоп өндірісі ерекше дамыған Жуалы ауданында картоптың 150 теңгеден сатылуы ақылға сыймайды. Әрбір ауданда желтоқсанның он бесіне дейін ең кем дегенде 2-3 әлеуметтік дүңгіршек ашылуы керек. Тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар арзандатылған тауарлармен қамтамасыз етуіміз керек», – деген болатын Бердібек Машбекұлы. Тапсырма айқын. Енді аудандарда әлеуметтік дүкендерді ашу бағытында қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Жалпы бұл жобаны 100 пайыз жүзеге асыру мүмкін бе? Бұны біз аудан әкімдерінің өздерінен сұрадық. – Қазір 1 және 16 желтоқсандағы мерекелерге орай жәрмеңке ұйымдастыруды қолға алып жатырмыз. Одан бөлек бұған дейін сауда үйлеріндегі әлеуметтік сөрелерді де бақылауға алдық. Мұнда тауарлар нарық бағасынан 15-20 пайыз арзанға өткерілуде. Бұдан бөлек биыл «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорынан 20 тонна қант алып, тұрғындарға арзан бағамен беріп жатырмыз. Ал әлеуметтік дүкенге келер болсақ, қазір бұл мәселе бойынша бір шаруашылықпен сөйлесіп жатырмыз. Егер ол дүңгіршек ашуға келіссе, арнайы жер бөліп беруге дайынбыз. Тек келісімі керек болып тұр, – дейді Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров. Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбек Меркі ауылында әлеуметтік дүкен бір жыл бұрын ашылып қойғанын айтады. – Аудандағы орталық базардың артынан әлеуметтік дүкенді бір жыл бұрын ашқанбыз. Алайда кейінгі кезде жұмысы жүрмей, тоқтап қалды. Облыс әкімінің тапсырмасынан кейін осы дүңгіршекке қайта жарықтандыру мен жылу жүргізіп, жұмысын жандандыруды қолға алдық. Одан бөлек базар маңындағы таксилерді басқа жерге орналастырып, әлеуметтік дүкеннің жарнамасын жаңарту қажет болып тұр. Мамандарым қазір осы жұмыстармен айналысуда. Нақты атқарылған тірлікті айтсам, кеше ғана ет комбинатының басшысымен сөйлесіп, әлеуметтік дүкенде еттің келісін 1700 теңгеден сату туралы келісімін алдым. Одан бөлек сүт өндіруші кәсіпорындармен де мәміле жасап, ағарғанды арзан бағамен сатуға қол жеткізіп отырмыз, – дейді Меркі ауданының әкімі. Ал Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков әлеуметтік дүкен ашуда қиындықтар туып жатқанын жасырмады. – 5 сауда орнында әлеуметтік сөрелер бұрыннан бар. Одан бөлек нанды арзан бағамен сатып жатқан әлеуметтік сауда орны да жұмыс істеп келеді. Ал нақты облыс әкімінің тапсырмасына қатысты қиындықтар туып жатқанын жасырмаймын. Себебі әлеуметтік дүкен ашу үшін бұл жұмысқа бір кәсіпкерді жұмылдыру керек. Бірақ оған екінің бірі келіспейтіндігі белгілі. Оған жер бөліп бергеннің өзінде құрылысы кемі бір айды алатындығы анық. Ал облыс әкімі желтоқсан айының 15-не дейін әлеуметтік дүкенді ашуды тапсырып отыр. Сондықтан шынымызды айтқанда не істерімізді білмей отырмыз. Алайда тапсырма талабы – нәтиже екені белгілі. Сол себепті қазір бұрыннан істеп тұрған бір сауда орнымен сөйлесіп, соны әлеуметтік дүкенге айналдыру жолдарын қарастырып жатырмыз, – дейді Н.Ергебеков. Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов та әлеуметтік дүкен ашу қиын екенін ашып айтып отыр. – Бүгінде аудандағы 9 сауда орнында әлеуметтік сөрелеріміз жұмыс істеп тұр. Алайда нақты әлеуметтік дүкен ашу үшін бізге қолдау керек. Олай дейтінім біз әлеуметтік дүкеннің құрылысына бюджеттен қаржы бөле алмаймыз. Сондай-ақ оған тауарларды да қазына қаржысына алуға құқығымыз жоқ. Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы биыл бір-ақ рет ауданға келіп жәрмеңке өткізді. Оның өзін жалынып жүріп шақырдық. Егер аталған корпорация ауданнан әлеуметтік дүкен ашамын десе, біз жер бөліп беруге дайынбыз. Немесе кәсіпкерлерге аштырған әлеуметтік дүкенімізді тұрақтандыру қоры азық-түлікпен қамтамасыз етуі керек. Әйтпесе қазіргідей қиын экономикалық жағдайда біреуді қинап, әлеуметтік дүкен аштыру мүмкін емес, – дейді Бақытжан Алпысұлы. Әрине аудан әкімінің сөзі орынсыз дей алмаймыз. Себебі қазіргідей қиын жағдайда біреуге күштеп дүкен аштыру мүмкін емес екенін әркім түйсініп отыр. Бұны біз хабарласқан аудандардың дені құптауда. Алайда кәсіпкердің тілін тауып, жұмысты жолға қойған аудан да бар. Атап айтсақ, Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев бұл мәселеге күні бұрын кіріскен екен. – Аудандағы негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында арнайы штаб құрылды. Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында 139 меморандумға қол қойылып, жұмысшы топ апта сайын сауда орындарында мониторинг жүргізуде. Зерделеуге аудан орталығынан 5 ірі сауда орны және әр ауылдық округтен бір негізгі сауда орны, барлығы 20 нысан таңдалды. Сауда орындарынан әлеуметтік сөрелер белгіленді. Сөрелерде азық-түлік тауарларының 19 түрі бойынша өнімдер қолжетімді бағамен сатылуда. Тұрақтандыру қорынан жыл басынан 50 тонна қант алынып, ауданның дүкендеріне төмендетілген бағамен өткерілді. Аса ауылында ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда 3,8 миллион тенгенің 4,7 тонна өнімі саудаға шығарылды. Қазан айында іс шаралар жоспарына сәйкес, Жуалы ауданының ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өткізіліп, онда да 2,9 миллион теңгеге 3,9 тонна тауар босатылды. Одан бөлек пилоттық жобаға кірген Бесағаш ауылдық округінің ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің тауарларын өткеру бойынша ауданнан «Жасмин» сауда орны таңдалып, кооператив өндірген өнімдер дүкен алдындағы алаңда апта сайын арзан бағамен сатылуда. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорымен тікелей жұмыс істеудің нәтижесінде ауданнан павильон ашуға ниет білдірген жеке кәсіпкер Б.Нүпбаевпен келісім жасалып, қазір жер телімі белгіленіп, қажетті құжаттары рәсімделуде. «Алқаптан сөреге дейін» жобасы бойынша Айша бибі ауылындағы «Аман ата» шаруа қожалығының наубайханасымен меморандум бекітіліп жатыр. Тағы бір айта кетерлігі, қазір біз аудан бойынша 78,5 тонна азық-түлік қорын жинап отырмыз. Оның ішінде 9,7 тонна ұн, 6,2 тонна макарон, 14000 дана жұмыртқа сынды өнімдер бар. Бір сөзбен айтқанда біз тұрғындардың жағдайын жақсартып, бағаны тұрақтандыру бағытында барлық тірліктің тетігін таптық, – дейді аудан әкімі. Әрине Тараз қаласына жақын орналасқан аудан болғаннан кейін жамбылдықтардың өзгеге үлгі болғаны да құптарлық. Енді тек осы іс бойынша өзге аудандар да жұмыстың жүйесін тапса нұр үстіне нұр болары анық. Әлбетте біз өзге аудан әкімдері жұмысқа салғырт қарап отыр деуден аулақпыз. Әрбір елді мекеннің тыныс-тіршілігіне қарай түрлі қиындықтары болатындығы белгілі. Дегенмен «жылы-жылы сөйлесе, жыланды да інінен шығаруға» болатынын ұмытпайық!

 

Саян ТІЛЕУЖАН

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар