Билік пен қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс істесе, жемісін ел көреді
- авторjambylinfo.kz
- 20 қазан, 2020
- 258
Қайырымдылық жасап, жесірі мен жетімін жылатпау – қазақтың қанына сіңген қасиет, ата-бабалар дәстүрі. Әр түрлі қилы кезеңдерді осы жазылмаған заңдылықтарды сақтай отырып, еңсеріп, бекем бірлігімізді сақтап келеміз. Бүгінде бұл дәстүрді көптеген қоғамдық қорлар, үкіметтік емес ұйымдар жалғастырып келеді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткен аптада республика бойынша осы бағытта жұмыс атқаратын қоғамдық бірлестіктердің басшыларымен бейнебайланысқа шығып, оларды әлеуметтік маңызды мәселелерді тиімді шешу үшін бірігіп әрекет етуге шақырды.
«Үкіметтік емес ұйымдар – халық пен мемлекет арасындағы біріктіруші буын. Елбасымыз билік пен қоғамдық ұйымдардың қарым-қатынасын жақсартуға әуелден көңіл бөліп келеді. Біз де осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсету туралы «Қамқорлық» жобасының аясында облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен №9 және №35 орта мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылуда. Енді қоғамдық қормен бірігіп аутизммен ауыратын балаларға арналған орталық ашуды жоспарлап отырмыз», - деген облыс әкімі Б.Сапарбаев игі шаралармен айналысатын ұйымдар мен азаматтарға қолдау көрсетілетінін, олардың ұсыныстарына ашық екендігін жеткізді.
«Соғыс жылдарында, репрессия, ашаршылық кезінде қазақ халқы бір-біріне ғана емес, өзге ұлттарға да қамқорлық танытты. Ата-бабаларымыздың осындай игі дәстүрін жалғау ұрпақ міндеті. Бүгінгідей індет пен дағдарыс уақытында билік пен мемлекеттік емес ұйымдардың күшін біріктірсек, пайдасын қарапайым халық көреді. Сондықтан, сіздерге алғысымызды білдіріп, өз ұсыныстарымызды да ортаға салу үшін байланысқа шығып отырмыз», - деді.
Онлайн кездесуде «Қасиетті жол» қорының құрылтайшысы Динара Закиева Елбасы бастамасымен жасалған «Қамқорлық» жобасын іске асырудың екінші кезеңінің жоспары бекітілгенін атап өтті. Оның аясында әр облыста 3 оңалту орталығын ашу көзделген. Осы жоспарды біздің облыста да іске асыру үшін Бердібек Машбекұлынан қолдау сұрады.
Ақтөбе қаласында 112 балаға арналған балалар үйін ашқан «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова біздің облыста ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған спорттық ойын алаңын салуға ниетті екенін алға тартты.
«Дара» қайырымдылық қоры дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған 42 коррекциялық кабинеттер ашқан. Ол аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып, Қордай ауданындағы Масаншы, Сортөбе ауылдарында да орта мектептер базасында коррекциялық кабинеттердің филиалдары ашылатынын жеткізді. Сонымен қатар аталмыш ауданда инклюзивті білім беру ресурстық орталығы іске қосылмақ. Қор мамандар даярлауға, оқу материалдарын, қажетті жабдықтар алуға атсалысатын болады.
Елімізде қайырымдылық қор ашуды алғаш бастағандардың бірі «Бауыржан» қайырымдылық қорының президенті Жұлдыз Қажыкенқызы да онлайн-кездесуде ойларын ортаға салды. «16 жыл ішінде балаларды спортқа тарту, жетім балаларды қолдау, жастарды білімге тарту бойынша жұмыстар атқардық. Келесі жылға жоспарлаған жобаларымыздың көбі Жамбыл облысында болады деген уәдемді беремін»,-деді қор президенті.
Аналарға, жетім балаларға көмек көрсетіп жүрген «BI group» компаниясы жанынан құрылған қайырымдылық қордың өкілі де сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Көпбалалы, аз қамтылған және жас отбасылардың баспана мәселесін шешуге, жеке бизнестерін ашып, оны ары қарай дамытуға, жұмыс орындарын құруға септесіп жүрген «Асыл адам» қорының президенті Көңілбай Шүкенов те онлайн-кездесуге қатысып, Жамбыл өңіріндегі тұрғын үй мәселесін бірлесіп шешуді ұсынды.
Осындай аса маңызды мәселелер талқыланып, игілікті істердің бастауы болған онлайн-кездесу алдағы уақытта тиісті жемісін берері сөзсіз.
Қарлығаш Есбергеноваjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз