сенбі, 23 қараша, 2024 4:09

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жігіттер жұлқынып тұр

Жігіттер жұлқынып тұр
ашық дереккөзі
Жігіттер жұлқынып тұр
24 қазанда аралас жекпе-жектен БАӘ астанасы – Әбу-Дабидегі UFC 254 турнирі көрермендердің қатысуымен өтуі мүмкін. Бұл жайында айтулы ұйымның президенті Дэйна Уайт мәлімдеді. Ал сол кештің басты бәсекесінде ресейлік Хабиб Нурмагомедов пен америкалық Джастин Гэтжи күш сынасады. Олар жеңіл салмақтағы чемпиондық атақты сарапқа салады.
Ресей мен Украина аумағында ұйымдастырылған түрлі турнирлерде қарсылас шақ келтірмеген Хабиб Нурмагомедов әлемдегі ең белді промоушенде өзінің тұсаукесер кездесуін 2012 жылдың 20 қаңтарында өткізген болатын. Сол жекпе-жекте ол ирандық Камал Шалорусты қылқындырып тастады. Арада алты жылдан аса уақыт өткеннен кейін америкалық Эл Яквинтаны ұпай санымен ұтқан Хабиб чемпиондық белбеуді иеленді. Содан кейін ирландиялық Конор Макгрегор мен АҚШ-тың өкілі Дастин Пуарьені айқын ба­сым­дықпен жеңіп, өз атағын сақ­тап қалды. Октагонда барлығы 28 кез­десу өткізген 32 жастағы Да­ғыс­танның ұлттық батыры барлы­ғында басымдық танытып, 18 бә­се­кені мерзімінен бұрын аяқ­тады. Джастин Гэтжи де оңай қар­сылас емес. 14 қарашада 32 жасқа толғалы отырған АҚШ-тың Ари­зона штатының тумасы да түрлі дүбірлі додаларда шеберлігін шыңдап, 2017 жылдың жазында UFC-ге ауысты. Тұсаукесер бәсекесінде Майкл Джонсонды ұрып жықты. Сол кезге дейін ешкімнен жеңілмеген сақа спортшы содан кейін қатарынан екі жекпе-жекте есе жіберді. Ол өз отандастары Эдди Альварес пен Дастин Пуарьеден ұтылды. Есесіне одан кейін Джеймс Вик, Эдсон Барбоза, Дональд Серроне және Тони Фергюссонды соққыға жықты. Бұл бәсекелердің барлығы да мерзімінен бұрын аяқталды. Осы күнге дейін Гэтжи 24 кездесу өткізіп, 22 рет жеңіс тойын тойлады. 20 қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Бұл күндері америкалық спортшы UFC-дің уақытша чемпионы атанып отыр. Әбу-Дабидегі турнирді қазақ­стан­дық жанкүйерлер де тағатсыз­дана күтуде. Өйткені осы кеште қос бірдей жерлесіміз – Шавкат Рахмонов пен Сергей Морозов өнер көрсетеді. Олардың екеуінің де есімі спортсүйер қауымға жақсы таныс. 26 жастағы Шавкат күні бүгінге дейін ешкімнен жеңілген емес. 12 кездесудің барлығын ол мерзімінен бұрын және алғашқы раундтарда аяқтады. Жартылай орта салмақтағы қандасымыз қазақстандық спортшылар арасынан алғашқы болып UFC-мен келісімшартқа отырды. Алайда түрлі жағдайларға байланыс­ты Шавкат Рахмонов айтулы ұйым өткізіп отырған жарыстарда әлі күш сынасқан жоқ. Ал 31 жастағы Сергей Морозов аса жеңіл салмақта сайысқа түсіп, 19 жекпе-жегінің тек үшеуінде жеңілістің кермек дәмін татты. Қалғандарын өз пайдасына шешті. 12 бәсекеде айқын басымдық танытты. Жоғарыда есімдері аталған қос отандасымыз да Ресейде іргетасы қаланған М-1 ұйымының чемпиондары. Парсы шығанағында Шавкат Рахмонов 32 жастағы Алекс Оли­вей­рамен айқасады. «Ковбой» деген лақап атпен танылған Бразилия спортшысы 32 мәрте айқас алаңына шығып, 21 рет жеңіске жетті. 18 қарсыласын есінен тандырды. Жеті рет жеңілді. Бір мәрте тең түсіп, тағы екі кездесудің нәтижесі есепке алынбады. Сергей Морозов Хабиб Нурмагомедовтің інісімен күш сынасуы тиіс еді. Алайда ол ауруханаға түсіп қалған соң, оған басқа қарсылас іздестіруде.
egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар