жексенбі, 22 желтоқсан, 2024 22:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Дипломмен ауылға» баратын жастарға 9,2 млн теңгеге дейін несие беріледі

«Дипломмен ауылға» баратын жастарға 9,2 млн теңгеге дейін несие беріледі
Коллаж: jambylinfo.kz
Ауылдық жерге жас мамандарды тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредит мөлшері 1 500-ден 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайды. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлім етті, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Қазақстандағы ауыл мәселесі талқыланған бүгінгі отырыста Ұлттық экономика министрі ауылдардың жағдайы, ондағы халықтың тұрмыс тіршілігі туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, қазір республикамызда 6 256 ауылда 7,6 млн. адам тұрады. Бұл жалпы еліміздегі халық санының 38,4%-ын құрайды.

«Бұл ретте табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі - 7,2%, ал жұмыссыздық деңгейі - 4,7%. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үлесі – 33% немесе 1,2 млн. адам. Соңғы10 жылда ауылдық елді мекендер саны 6 838-ден 6 256 дейін, яғни 582 ауылға қысқарды. Негізінен, ауыл санының қысқаруы, халық саны 50 адамнан кем ауылдар жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгенінен болып отыр», - дейді Байбазаров. 


 
Оның айтуынша, министрлік жыл сайын Өңірлік стандарттар талаптарына сәйкес ауылдардың қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізеді. Жалпы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту және Өңірлік стандарттармен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп бірқатар жүйелі шаралар қабылдайды. 

«2023 жылы орталық және жергілікті атқарушы органдар Тұжырымдаманы жүзеге асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарына сәйкес кешенді шараларды іске асырды. Мәселен, «Ауыл- Ел Бесігі» бағдарламасы аясында 194 млрд теңге сомасына 771 ауылда 1,8 мың жоба іске асырылды, бұдан бөлек 113 млрд теңгеге 4,9 мың сумен жабдықтау және су бұру объектілері салынды, 85 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілері құрылды. 176 ауыл Wi-Fi hotspot технологиясына қосылды және Starlink спутниктік жүйесін пайдалана отырып, шалғайдағы ауылдық мектептерді қосу бойынша пилоттық жоба басталды», - дейді ол. 


Ал, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 79 млрд теңгеге 12,7 мың жеңілдетілген шағын несие берілген. Облыстардың ерекшелігіне сәйкес ауылдық аумақтарды дамыту бойынша Жол карталары бекітілді. Ауылдық жерге жас мамандарды тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредит мөлшері 1 500-ден 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайды және басқа да іс-шаралар іске асырылды», - дейді ол. 


Айта кетейік, 2024 жылы айлық есептік көрсеткіш 3692 теңге, соған сай, 2500 айлық есептік көрсеткіш 9,2 млн теңгеге шақ.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар