Мемлекеттік қызметкер – елдегі атқарушы билікті жүзеге асыратын лауазым иесі. Ол өз құзіреті шеңберінде Президент пен Үкіметтің, жергілікті билік өкілдерінің тапсырмаларын орындайды. Сәйкесінше соңғы жылдары үлкен жауапкершілік пен сенім артылған мамандық иелеріне мемлекет тарапынан да айрықша қолдау жасала бастады. Әсіресе мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдаудың түрлі тетіктерінің қарастырылуынан болашағын дәл осы саламен ұштастыруға ниеттілердің саны артты. Соған қарамастан жергілікті жерлерде билік пен халықтың арасындағы тығыз байланыс орнатуға күш салатын мамандардың тапшылығы байқалады. Бар маманның өзі шалғай елді мекендерде тұрақты қызмет етуге құштарлық таныта қоймайды. Сол себептен де биік мінбелерден мемлекеттік қызметшілерді ауылға тартуда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын кәдеге жарату мәселесі көтеріле бастады.
Осыдан 11 жыл бұрын қабылданған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы талай жастың еңбек жолындағы алғашқы қадамын нық басуына серпін бергені даусыз. Сонау тоқсаныншы жылдары тайлы-тұяғы қалмай үдере көшкен ауылдарда бертін келе тіршілік қазаны қайта қайнаған сәтте білікті дәрігер мен ұлағатты ұстазға, жоғары білімді ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс артты. Ал студенттік шақта қаланың қым-қуыт өміріне бой үйреткен жастардың дені сонда қызметке қалуды ойлады. Осылайша ауыл-аймақтарда кадр тапшылығы мәселесі туындады. Осы бір түйткілдің түйінін тарқатуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы өмірге келді. Бұл бағдарлама еңбек жолын ауылдан бастап, мол өмірлік тәжірибеге кенелгісі келген жастарға лайықты әлеуметтік қолдау көрсетуімен ерекшеленді. Жас маман үшін қомақты сомадағы көтермеақыдан бастап, баспана алуға пайыздық мөлшерлемесі төмен несие алуға мүмкіндік беретін бағдарлама жастардың қызығушылығын оятты. Еліміздегі барлық шалғай ауылдағы әлеуметтік сала мамандарына сұраныс өтелгендей болды. Алдағы уақытта жемісті жоба жергілікті жерлерге мемлекеттік қызметшілерді тарту мақсатында қолданылмақ. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына ауылдық округ әкімдігінің аппаратында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілерді қосу жайлы бастаманы Парламент қабырғасында таныстыру сәтінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Дәуешов те жергілікті атқарушы органдарда кадрлардың тапшылығын растады. Жас мемлекеттік қызметшілердің қызығушылығын тудырған бастама ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына ұсынылған «Мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына енгізіліпті. Егер ол халық қалаулыларының қолдауына ие болса, диплом қолға тиісімен ауылға асығатындардың қатарына мемлекеттік қызметшілер де кірмек. Мемлекеттік қызмет саласында жауапты ведомствоның облыстағы департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда өңірдегі ауылдық округ әкімдіктерінде 50 бос орын бар екен. Дәл осы мамандарды ауылға тартып, олардың тұрақты қызмет етуін қамтамасыз етуде баянды бағдарламаның мол мүмкіндіктерге жол ашатынын жергілікті билік өкілдері де растайды. – Егер заң жобасындағы мемлекеттік қызметшілерді «Дипломмен –ауылға!» бағдарламасына қатысушылардың санатына жатқызу туралы бастама қолдау тапса, осы сала мамандарын ауылда ұстап қалу мүмкін болар еді. Еңбек жолын ауылдан бастаған жас мемлекеттік қызметкер үлкен тәжірибе жинайды. Өкініштісі сол олар облыс, аудан орталығында қалып кетуге тырысады. Ал аталған бағдарлама аясында әлеуметтік қолдауға ие болса олардың ешқайсысы да ауылдан кетпес еді. Қазіргі таңда Мойынқұм ауданы әкімдігіне қарасты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдіктерінде 15 бос орын бар. Оларға тұрақты жұмыс істейтін жас мамандарды тартуда осы бағдарламаның мүмкіндіктерін оңтайлы кәдеге жаратуға болады. Қазірдің өзінде бізде 29 жасқа толмаған 41 мемлекеттік қызметші бар. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясындағы әлеуметтік қолдаулар мемлекеттік қызметшілер үшін де қолжетімді болса олардың саны артатындығына күмән жоқ, – дейді Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімшесінің басшысы Халима Исабаева. Сарысу ауданы, Игілік ауылдық округінің әкімі Айбол Бердібаев та талабы таудай жастардың ауылда қалып еңбек етуіне жағдай жасауда осынау бастаманың өміршеңдігін тілге тиек етті. – Біздің ауылдық округ әкімі аппаратында 6 маман қызмет етеді. Олардың дені жастар. Мен әкім болған 7 жылдан астам уақыт ішінде кадр тапшылығы мәселесімен кезіккен жоқпын. Соған қарамастан мемлекеттік қызметшілерді «Дипломмен –ауылға!» бағдарламасы арқылы елді мекендерге тарту бастамасын құптаймын. Мәселен ауылға дәл осы бағдарлама арқылы келген дәрігер, медбике, педагог сынды жас мамандар несиеге баспана алып, осында тұрақталып қалды. Демек жемісті жобаның әлеуметтік қолдау шараларын мемлекеттік қызметшілер пайдалана алса, олар да ауылда қызмет етуге асығады. Сол арқылы ауылдық округтердегі маман тапшылығы, кадр тұрақсыздығы секілді мәселелердің шешімі табылар еді. Ең бастысы ауылдық округ әкімі аппараттарының білімді де, білікті жаңа заманның еңбек нарығындағы сұранысқа сай келетін жастармен толығуы жергілікті жердегі жұмыстың жүйелене түсуіне мұрындық болары анық, – дейді Айбол Бердібаев. Бұл орайда мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын туған ауылынан бастаған Ерболат Жарқынбекұлы да «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының жас мамандардың жаңа тынысын ашатындығына сенім білдірді. – Әрине ауылдық округ әкімдігінде қызмет етіп жүрген соң осында «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы арқылы келген әлеуметтік сала мамандарымен тығыз байланыс орнатамыз. Сонда оларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары бізге де қолжетімді болса деген де ой келеді. Сондықтан көтеріліп отырған бастаманы ауылға келгісі келген мемлекеттік қызметшілер құп көретіндігіне сенемін. Әрі оның қолдау тауып, заңмен бекітілуі елді мекендерге мемлекеттік қызметші ретінде келіп, елге қызмет етуге ниетті жастар санының артуына негіз болмақ, – дейді жас маман.
Шынболат КҮЗЕКБАЕВjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
«Демеп жіберсең, жетістікке жетер жастар баршылық»
Ұқсас жаңалықтар
Валюта ауырбастау пункттерінде доллар нешеден саудаланып жатыр
- авторjambylinfo.kz
- 23 желтоқсан, 2024
«Заң және тәртіп»: Жуалыда прокурорлар жастармен кездесу өткізді
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024