Еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына лудомания себеп болған - депутат
- авторjambylinfo.kz
- 23 сәуір, 2024
- 534
Мәжілісте заң жобасы туралы баяндама жасаған Елнұр Бейсенбаев бұл заңның отбасы институтына да ықпал ететінін жеткізді.
«Еліміздегі ажырасулардың 40%-на осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар. Былтыр Алматы облысында жантүршігерлік жағдайда әйелі мен екі баласын аяусыз өлтіріп, үйін өртеп жіберген оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Қылмыскер лудоман болған, болмашы ақша үшін үш бірдей адамның өмірін қиды», - деді Елнұр Бейсенбаев.
Сондай-ақ ол лудомания суицидтің де өршуіне ықпал еткенін, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсаса, олардың әрбір бесіншісі лудомания кесірінен осындай қадамға барғанын айтты.
«Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай жатқанын білеміз. Осыдан бір жыл бұрынғы курсанттың өз-өзіне қол жұмсаудағы себебі де – ойынқұмарлық дерті», - деді ол.
Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болған. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алып, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады екен. Сонымен қатар депутаттың сөзінше, жаңа заң жобасы бойынша өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі. Сондай-ақ заңсыз лоторея терминалдарын мүлдем жою қарастырылған.
«Деректерге жүгінсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай-да бір қатысы бар. Ал, оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты «клиентіне» айналған», - деді депутат.
Депутаттар бұл заң жобасын Мемлекет басшысының халық арасында ойынға тәуелділікке қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында бастамашы болып, әзірлеген. Заң жобасы азаматтарды құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу кезінде ойынға тәуелділікті (лудоманияны) қалыптастырудан қорғау бөлігінде заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Депутаттардың сөзінше, заңның қарастырылып келе жатқанының өзіне 2 жылға жуық уақыт болған.
Айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында бірнеше рет бұл мәселеге ерекше тоқталған еді.
«Тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады», - деген еді Президент Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысы құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттағанын да жеткізген еді.
«Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады», - деген еді Мемлекет басшысы.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз