Нұрсұлтан Назарбаев ел Президенті болып тұрғанда Әулиеата өңіріне сан мәрте іссапармен келіп, жұмыс сапары аяқталғаннан кейін өңір өнерпаздарының әнін тыңдап, кезі келгенде бірге ән салғанын талай естігенбіз. Сондай кезде өңірдің талай жезтаңдай әншілері Елбасының алдында өнер көрсетіп, ол кісінің әншілік қырына да куә болған екен. Солардың бірі – қазақтың халықтық музыка мәдениетіне, оның ішінде ән өнерінің дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан ҚР Мәдениет саласының үздігі, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Маралбек Бабақұлов.
Кейіпкеріміз Тұңғыш Президенттің алдында алғаш рет осыдан 25 жылдай уақыт бұрын ән салған екен. – 1996-1997 жылдары Амалбек Тшанов облыс әкімі болып тұрғанда оқу орнының басшылығы Тұңғыш Президентіміздің алдында ән салатынымды айтты. Елбасының өңірімізге жұмыс сапарымен келетін уақыты жақындай бастағанда облыстық филармонияның әншілерімен бірге күнде дайындалып жүрдік. Осы мекеме басшылығы менің Елбасы алдында орындау үшін «Балапан қаз» атты халық әнін таңдағанымды құп көріп, қуаттады. Күткен уақыт та жетіп, бір топ әншілер резиденцияда кезектесіп, өнер көрсетіп жаттық. Ол кезде бойымда жастық жалын, батылдық басым әрі Тұңғыш Президентімізді теледидардан көріп жүргендіктен сахнада қысылу дегенді ойға да алған жоқпын. Бірақ кезегім келіп, әнімді орындайтын мезетте бойымда бір түсініксіз сезім билеп, толқу басталды. Әйтеуір «Балапан қазды» орындап шықтым. Мүмкін мені үлкен кісінің мысы басқан шығар. Әнімді айтып болғаннан кейін Елбасымыздың: «Маралбек, мұнда келші, менің қасыма» деген даусынан селк ете қалдым. Домбырамды құшақтап, Нұрсұлтан Әбішұлының алдына барғанымда «Әкел домбыраңды» деді. Менен домбыраны алып, оның құлақ күйін келтіріп, қазақтың «Сары бидай» әнін шырқай жөнелді. Оған дейін Нұрсұлтан Әбішұлының ән шырқайтын өнері барын білмеген едім. Сол кезде Елбасымыз «Мүмкіндігінше осы секілді халық әндерін орында. Халық әні біздің қазақтың ұлы мұрасы, ал әншілік қазақтың киелі өнері. Әнші осындай дүниелерді насихаттауы керек. Даусың жақсы екен. Өнерді тастама», деп батасын берді. Әншілердің қасына барған соң, балалықпен көпшілікке «Нұрсұлтан Әбішұлы мені таниды екен. Өйткені өзі қасына атымды атап тұрып шақырып алды да, мен үшін «Сары бидай» әнін орындап берді деп мақтандым. Сөйтсем ол кісінің қолына кім қандай ән орындайтыны жөнінде тізім алдын ала беріледі екен ғой. Әйтсе де Елбасының ақылын айтып арқамнан қағуы, бата беруі мен үшін үлкен мәртебе болып қала берді, – дейді әнші. Одан кейін де М.Бабақұлов Елбасының алдында 3-4 мәрте өнер көрсетіпті. Белгілі әріптесі Ғани Мәтебаев екеуі Өмірбек Байділдаевтың «Туған ел» әнін орындағанда да Тұңғыш Президенттің ыстық ықыласына бөленген. – Ол кісіге әншілік қабілет Әлжан анасынан дарыған, бала кезінен үлкендерден әртүрлі халық әндерін тыңдап, суысындап, төл өнерімізді зердесіне тоқып өскенінен екінің бірі хабардар. Одан бөлек «Елім менің», «Үш қоңыр» іспетті бірқатар әндердің авторы, ақындық өнері де бар. Осындай өнер бойында тұнған Елбасымыздың халық әндері мен дәстүрлі әндердің насихатталуына көңіл бөлуі заңдылық. Қазір облыстық филармонияда 20 жылдан бері еңбек етіп келемін. Студент кезімде ақылын айтқан Елбасымыздың әр сөзі жадымда. Қазір ұмытылып бара жатқан халық және дәстүрлі әндерді заманға сай өңдеп, ел арасында насихатталуы бағытындағы шығармашылықпен айналысып жүрмін, – дейді М.Бабақұлов. Кез келген адамның жан-дүниесін тебірентіп, жүрек қылын шертетін қазақ музыка өнерінің алтын қоры Маралбектей өнерпаздардың табанды еңбегінің арқасында жұтаң тартпайтыны анық. Қазақ әнінің өрісін кеңейтіп, тұғырының биіктей түсуіне түрткі болған Елбасымыздың да еңбегі ерен екені даусыз.
Нұрым Сырғабаевjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Валюта ауырбастау пункттерінде доллар нешеден саудаланып жатыр
- авторjambylinfo.kz
- 23 желтоқсан, 2024
«Заң және тәртіп»: Жуалыда прокурорлар жастармен кездесу өткізді
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024