Отандық өндірушілерді қолдау: Қазақстан жарты жылға жұмыртқа импортын тоқтатты
- авторБақытжан Бекболат
- 9 сәуір, 2025
- 184

Сәуірдің 9-ынан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан аумағына тауық жұмыртқаларын әкелуге уақытша тыйым салады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Тыйым алты ай мерзімге енгізіледі және үшінші елдерден, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен барлық көлік түрлері арқылы әкелінетін жұмыртқаларға қатысты болады. Алайда бұл шешім Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік тасымалдарға әсер етпейді.
«Көктем-жаз айларында жұмыртқаға деген сұраныс төмендейді. Бұл кезеңде отандық өндіріс пен жеке шаруашылықтар нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз ете алады. Соның салдарынан баға төмендеп, құс фабрикаларының жұмысына кері әсер етеді – жұмыртқаның өзіндік құнынан төмен сатылуы кәсіпорындардың табыстылығын азайтады», – делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ, көктем-жаз мезгілінде жұмыртқаның сақтау мерзімі қысқарады. Алайда өндіріс көлемі технологиялық себептерге байланысты қысқармайды, бұл қоймаларда өнімнің жиналып қалуына алып келеді.