жұма, 27 желтоқсан, 2024 9:30

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығы ашылды

Таразда мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығы ашылды
ашық дереккөзі
Таразда мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығы ашылды

«Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз». Иә, мүмкіндігі шектеулі жандарға бүгінде мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау аз емес. Олардың он екі мүшесі сау адамдармен теңдей құқыққа ие болып, өз кәсібін ашуға, білім алып, әр салада қызмет етуге бар мүмкіндік жасалған. Осынау игі істердің жалғасы ретінде «Жамбыл облыстық мүгедек балаларды оңалту  және бейімдеу орталығы» Кенен Әзірбаев көшесінің бойындағы жаңа ғимаратқа көшірілді.

Жаңғыртудан өткен нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, ізгі тілегін  жеткізді.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қай кезде де мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Рас,  бүгінде мүгедек азаматтарға қатысты барлық мәселе шешілді дей алмаймыз. Алайда бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесе атқарып, түйткілдердің түйінін  кезең кезеңімен тарқатудамыз.

Қазір таңда облыста 46 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жандар болса, соның 6500-і балалар. Ең бірінші біз осы балаларлың денсаулығын ойлап, жаңа нысанды пайдалануға беріп отырмыз. Одан бөлек тірек қимыл аппараты зақымданған балаларды  иппотерапия әдісімен емдеу сынды жолдарды да жасаудамыз. Сонымен қатар оңалту орталықтарын алдағы уақытта барлық аудандардан ашу жоспарда бар.

Сіздердің мамандық алуларыңызға және жұмысқа орналасуларыңызға барлық жағдай жасалады. Тек өмірге деген құштарлықты жоғалтпай, алға ғана ұмтылыңыздар.

Жаңа оңалту орталығының ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Мүмкіндігі шектеулі жандар осы жерден емделіп, олардың саны азайсын деп тілеймін! – деді Бердібек Машбекұлы.

Бұдан кейін аймақ басшысы жаңа нысанды аралап, тынысымен жан-жақты танысты.

Жалпы 2700 шаршы метрді қамтитын бұрынғы перенаталды орталық ғимаратының маңайын абаттандырып, толықтай күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 160 413,0 теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары алты айды қамтып, нысан дер кезінде беріліп отыр. Орталықтың материалдық базасын жақсарту мақсатында 12 556,0 теңге қаралып, жиһаздар мен арнайы жабдықтар сатып алынған.

Ал 3 қабатты орталық сенсорлық бөлме, мантессори кабинеті және дефоктолог, логопед мамандары сабақ беретін 3 оқу бөлмесімен қатылған. Медициналық блокта емдік дене шынықтыру, уқалау бөлмесі, оқшаулау, физиоемдеу, стерилизация, дәрігер мен емшара бөлмесі бар. Мұнда қазір мектепке дейінгі жастағы 44 бала 4 топқа бөлінген. Емделіп жатқан балалар үшін ойын, шешіну және жатын бөлмелері  қарастырылған. Мектеп жасындағы 24 жеткіншек үшін арнайы еңбекке баулу және ойын бөлмелері де қызмет көрсетуде. Бірінші және үшінші қабаттарда балалардың 2 мезгіл тамақтануы үшін асхана орналасқан. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балалардың жүріп-тұруына ыңғайластырылған лифт жұмыс жасайды. Ғимараттың қабырғалары болса, көркем суретшілердің қолымен түрлі кейіпкерлермен әсемделген. Нысанның аумағында 5 ойын алаңы да салынған. Тағы бір айта кетерлігі, оңалту орталығына қажетті ортопедиялық үстел, вертикализатор, құрғақ бассейн, фаэтон, гравистат нейротерапиялық костюмдер, физиотерапиялық жабдықтар және микрополляризациялар да сатып алынып, келушілерге бүгіннен қызмет көрсетуде.

Міне, осы жұмыстармен танысып шыққан облыс әкімі орталық құрылысына оң бағасын берді. Және мұндағы дүниелердің барлығы мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалардың денінің саулығы үшін жұмсалуы қажеттігін ескертті.

Орталық директоры Марал Шлыкованың айтуынша, бұған дейін мекеме әр жерге көшіп-қонып , нақты бір орынға  орныға алмай келген екен. Енді міне жаңа нысан емделушілердің санын 40 баладан 68-ге  өсіруге мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ 28 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылуда.

Заманауи орталық көптің көкейінен бірден шықты. Мұны мүмкіндігі шектеулі жандар облыс әкімімен нысанда өткен кездесуде айтты.

– Елбасы қиын қыстау кезеңдердің өзінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған әлеуметтік пакетті қысқартқан емес. Соның есесінен мүгедек жандардың арасынан ғалым да, жазушы да, ақын да, спортшы да шықты. Тіпті кейінгі кезде мүмкіндігі шектеулі жандар саясатқа да араласып, биылғы праймеризде бағын сынады.

Президенттің әр облыстан оңалту орталығын ашу туралы тапсырмасы ел есінде. Міне, Жамбыл облысы тағы алдыңғы қатардан табылып, біз үшін тамаша орталықты ашып беріп отыр. Одан бөлек Мамыр бауынан да қарқынды құрылыс жұмыстары басталып, ол маңнан да мүгедектерді оңалтуға арналған орталық ашылады деп күтілуде. Осындай игіліктеріңіз үшін Елбасына, Мемлекет басшысына және облыс әкіміне шексіз алғыс айтамын, – деді «Асар» мүгедектермен жұмысты ұйымдастыру ұйымының төрағасы Руслан Төлегенов.

Ал жас ғалым Исак Мустопуло жетістікке жету үшін ең бірінші өмірге құштарлықты ояту  қажеттілігі  туралы ішкі толғанысын жеткізсе, кәсіпкер Анар Бексұлтанова  мүмкіндігі  шектеулі бола тұра  байлық пен бақытқа кенелу жолымен  бөлісті. Паратаэквондодан  ІІ дүркін әлем чемпионы Өмірәлі Нышан болса,осы таңға дейін қолдау білдіріп, әлемдік ареналарда өнер көрсетуге мүмкіндік жасаған облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт  басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков пен бапкерлеріне алғысын білдірді.

Мүмкіндігі шектеулі жандардан осындай жігерлі сөздерді естіген облыс әкімі он екі мүшесі сау бола тұрып, жұмыссыз үйінде жатқан азаматтарға мүгедектердің ерлігі үлгі болуы қажеттігін ескертіп, жиналғандардың алдағы жұмыстарына тек  сәттілік тіледі.

  Саятхан Сатылғанов
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар