сенбі, 28 желтоқсан, 2024 17:10

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Өтейін десе, өте алмай...

Өтейін десе, өте алмай...
ашық дереккөзі
Өтейін десе, өте алмай...

Бұл мәселе жергілікті тұрғындардың жанайқайына айналғалы қашан?.. Қанша жерден күнделікті күйбің тірлікке күнмен жарысып ерте шықса да олар шойынжолдың бойында отарбаны көзбен шығарып салуға және діттеген жеріне кешігуге мәжбүр. Себебі ол маңда теміржолдан жаяу жүргіншілер өтетін арнайы көпір де, жерасты жолы да жоқ. Салдарынан бір-бірлеріне қарама-қарсы қозғалған отарбалардың астына түсіп, опат болғандар да аз емес.

Жалпы Тараз қаласы аумағында теміржолдан өту мәселесі «Қант зауыты» кенті тұрғындарына да, құмшағалдық қауымға да таңсық емес. Себебі талай жылдан бері тап осы теміржолдан өтемін деп мезгілінен бұрын мерт болғандардың ішінде қария да, бала да, аяғы ауыр ана да бар. – №1, 2, 3-Қарасу, 1, 2, 3-Наурыз, Тынышбаев көшелерінің тұрғындары теміржол арқылы өтеді. Себебі «За линией» ішімен бұл көшелерге автобус бармайды. Тұрғындар теміржолдан өтіп, Байзақ батыр көшесінің соңындағы «Элеватор» аялдамасынан қоғамдық көліктерге мініп, түседі. Халық жолдан өту үшін пойызды 40 минут күтіп тұрады. Себебі пойыздар біресе алға біресе артқа жүреді, ал біресе тоқтап тұрып алады. Жүрісінің өзі баяу. Осының салдарынан жұрт таңертең жұмысына, кешкісін үйіне кеш барады. Осы жағдайдан шығудың амалы болса, Тараз қаласының әкімдігінен мәселені шешіп беруді сұранамыз, – дейді тұрғын Әлия Иманбай. Шынтуайтында нақты уақыттағы карантиндік жағдайға байланысты қашықтан оқыту жүйесі бойынша аталған аумақтағы студенттер мен оқушылар шұбырып шойын жолдың бойында жүрген жоқ. Десек те бұл мәселе оларды да айналып өтпейтіні анық. – Таңғы сағат сегізден тоғызға дейін теміржолдан өте алмай тұрамыз. Тауар таситын отарбалар оңды-солды өтіп болмайынша діттеген жерімізге дер кезінде жету мүмкін емес. Баяу жүріп, кейде тұрып алатындықтан жастар, студенттер шыдай алмай пойыздың астынан өтіп кетуге ұмтылады. Талай баланың сөмкесі, күртешесі ілініп қалып, жанымыз шүберекке түйілген кездер де аз емес. Қанша айтсаң да бала ғой, кейде құлақ аспайды. Бірталай адам дәл осы жерде көз жұмды. Осы маңнан күніне жүздеген адам жұмысқа шығады. Екі күннің бірінде кешігеміз. Кешкісін үйге қайтатын кезде де осындай жағдай. Әрине біз теміржолдың қозғалысына ешқандай қарсылығымыз жоқ. Тек жергілікті билік біздің, жаяу жүргіншілердің жағдайына да көңіл бөлсе екен, – дейді тұрғын Фатима Әкімбекова. Тағы бір тұрғын Мадина Төлеген мұндай мәселенің «Құмшағал» тұрғын алқабында да бар екенін айтты. – Біз де «Құмшағалда» балалары­мызды балабақшаға алып бару үшін осы мәселеге күнделікті тап боламыз. Мектепке балаларды жалғыз жіберуге қорқамыз. Себебі қаншама отбасы осы мәселенің кесірінен перзентінен айырылып, қара жамылды. Отарбаның өткенін сағаттап күтеміз. Бұл мәселе қанша мәрте жылдар бойы айтылып келе жатыр. Бірақ оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Бізде миллиондаған қаражатқа керек емес жерлерге өтпелі көпірлерді не үшін салып қойғанын түсінбеймін. Ал нақты қажет жерлерде жоқ, – дейді ол. Ал Тараз қаласы әкімдігіндегілер косымша көпір салу қала құрылысының жоспарына сәйкес бұл жылы қарастырыл­ма­ғанын алайда, осы мақсатта арнайы шара қабылдау барысында тұрғын­дар­дың өтініші ескерілетіндігін айтумен ғана шектеліп отыр. Яғни «залиниейліктер» зәру болған бұл мәселенің шешімі биыл да табылмайды деген сөз. Осы секілді тұрғындар қала ішіндегі Төле би даңғылының бойындағы «Һибатулла Тарази» орталық мешіті мен «Жансая» аялдамасының маңынан да өткел көпірдің қажеттігін айтуда. Себебі жыл басынан бері санағанның өзінде аталған екі жерде де жаяу жүргіншілерді көлік қағып кеткен жайттар жиі кездескен. Қайғылы жағдаймен аяқталғандары да жоқ емес. Осы ретте халықтың жанайқайына айналған бұл мәселені Тараз қаласы әкімдігінің назарына алынса деген үміттеміз.

  Нұржан Қадырәлі
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар