Жанболат Аупбаев, Мойынқұмдағы "Гулливер" және... мен
Жанболат ағаның аты-жөнін алғаш рет аудандық газетте әдеби қызметкер болып жүргенде естідім. Ұмытпасам, 1980 жылдардың басы, бір ағамыз «Лениншіл жас» газетіне жарияланған мақаланы шұқшиып оқып отырды да, сүйінішін жасыра алмады білем: «Аупбаевтан жақсы журналист шығады екен, өте ізденімпаз» деген.
Қателессем тілім жазықты, мақала майдангер ерлігі жайлы Мәскеу барып жазылған болуға керек. Одан бері арада, көп жыл өтті. Ағамыз Жақаң түгілі менің шашыма да «қырау» түсіп, шалдарға тән «ұмытшақтық» деген атың өшкір миымды атала қыла бастаса да, аудандық газеттегі сол кісінің тілектестіктен туған сүйсіну, қуану сезімі әлі күнге дейін есімнен кетпейді.
Кейін Жанболат ағамен қызметтес болу бақыта ие болдым. Тоқсаныншы жылдардың басы. Тәуелсіз еліміздің тәй-тәй басқан шағы. Респбуликалық «Жас Алаш» газетінің редакциясы Жамбыл облысы бойынша меншікті тілші қызметіне штат ашып, өңірдегі үміткер тілшілердің мақалаларына конкурс жариялады. Мен ол кезде облыстық телерадиокомпанияда қызмет істеп жүргем. Ара-тұра өзімді толғандырған тақырыптарға мақала жазып қоятыным бар. Сондықтан әлгі конкурсқа қатысып көрейін деп, облыстағы тіл, дін мәселелеріне қатысты ойларымды қағазға түсіріп жолдап кеп жібердім. «Жалғыздың жары құдай» деген, сол дүнием газеттің бөлім меңгерушісі Жанболат ағаның қолына тиіпті.
- Мақалаңның алғашқы жолына екпін беріп, жанайқайыңды үстей түскенім болмаса, басқа жағы дұрыс екен, - деді ол.
Мақалада сол кездегі облыс басшысының шіркеу саламыз дегендерге Тараздың басқа жағында жер құрып қалғандай қаланың қақ ортасынан ойып тұрып орын бергені сыналып еді. «Көрсетіңізші» деуге күш қайда, мақаланың газетке жарияланғанын күттім. Көп ұзамай ол айқарма беттің «подвалына» басылды. Көзіме бірден «Шіміркендіріп барып шіркеу бой көтерді» деген сөз түсті. Аудандық газеттегі әріптес ағаның сүйсінгені тәрізді мен осы сөйлемді де, міне, отыз жылдан бері ұмыта алмай жүрмін. Меніңше, ондағы есте қалатын сөз де Жанболат аға қосқан осы «бір ауызда» болуға керек.
Өзі жақсы адамға қай мекеме, қай төрде де бір кісілік орын бар. Қаламы жүйрік, санасы сергек, білімі мол журналистің тағдыры да сол жақсы адамға ұқсас. Көп ұзамай Жанболат ағайымыз «Ақиқат» журналына редактордың орынбасары болып ауысты. Одан кейін ел газеті - «Егемен Қазақстанға» бас редактор болып келді. Бұл жерде де «илейтініміз» бір терінің пұшпағы болып шықты.
Бұрынғыдай емес, енді қаламгер ағаны жақынырақ тани бастадым. Ол жазған дүниелеріне қандай мұқият болса, редакцияның жоспарлау, ұйымдастыру, қадағалаудан бастап келіп түскен мақалаларды оқу, түзету, өңдеуге дейінгі тағы басқа да шаш-етектен келетін қызметіне де сондай ұқыпты екен. Оның үстіне «Егемен Қазақстанның» аппаратындағы жұмысқа тәуекел еткен журналистер Махамбет батырдың тілімен айтсақ «қас үлектен туған кәтепті қара нар» сияқты көнтерлі, шыдамды болып келеді. Жанболат ағаны да сол қайыспас қара нарға теңеген ләзім.
Ағамыздың сол қарбалас жұмыстан қай кезде, қалай уақыт табатынын қайдам, әріптестерінің аузын аңқайтып адам естімеген таңғажайып қаһармандарды тауып алып, мөлдіретіп жаза қоятыны және бар. Бір жолы Астанадан телефон шалды. Жанағамыз телефон шалса бітті, тапсырмасының үтір, нүктесіне дейін айтатын әдеті. Мысалы, газет бетінде біреуді сөйлету керек болса немесе бір мерекеге мақала дайындау керек болса, сәбиге нан шайнап бергендей нені жазу керек және қалай жазу керек екенін телефонмен өзі-ақ «диктовать» етіп береді. Өзім өз, көйлегім бөз болғалы бері мұндай елгезектікті еш редактордан кездестіргенім жоқ.
Сол жолы да Жамбыл өңіріне неге келе жатқанын тәптіштеп тұрып түсіндірді. Қанша күн болатынын, қай жолмен қайтатынын, кімдердің үйіне «көңіл айтып» шығуы керек екенін айтуды да ұмытқан жоқ. Мен болсам Жанағамыздың айтқандарының бәрін миымның бір шетіне апамның текшелеп жинайтын көрпелеріндей «үйіп» қойып, «Мойынқұмнан бір Гулливерді таптым» дегенін ғана ойлап тұрмын. «Ау, осы өңірдің топырағын таптағаныма жарты ғасырға жуық уақыт болды. Ал оның ширек ғасырын тілі мен жағы, қарымы мен қаламы «асырайтын» журналист болып өткізіп келем. Сонда Жанболат аға Астанада жүріп «тапқан» Гулливерді мен қалайша көрмей қалғам. Оның үстіне «Гулливер» атанған адам анау-мынау емес, көзге түйе құсап анадайдан көрінбей ме?!.».
Қойшы, сонымен не керек, Жанболат аға да жетті.
Мойынқұмдағы «Гулливерді» де көрдік. Шынында бойы әкім отыратын еңселі кабинеттің төбесіне сәл ғана жетпей тұрған әлгінің қасында Джонатан Свифттің қиялынан туған Лилипутияның ергежейлі адамдары құсап қалдық. Ішімнен «Шіркін, Свифттің «қазақ-кейіпкерін» өзім тауып, өзім жазғанда ғой» деп қызығып қоям. Ағаның бір ерекшелігі диктофонға иек артпайды екен. Кейіпкерімен әңгімелеседі, кейбір сөздерін қағазына түртіп алады, бітті, сол күйі қағазға түседі.
Мойынқұмдық «Гулливердің» шаруасын тастай қылған соң, «Малшылар маршалы» атанған Жазылбек атамыздың отбасына соғып, атақты атамызға (80 жасқа келгенде!) Тойшыбай мен Қойшыбайдай егіз ұл туып берген Жәйшібала апамызбен әңгімелесіп, Жазата еккен қараталдың «хикаясына» тамсандық. Тылсым дүниенің тынысы туралы жазар болсақ, ол да қызық оқиға.
Жазатаның үйіндегі әңгімеден соң Хантауына аттандық. Жанболат ағаны Социалистік Еңбек Ері, Жазатаның соңына ілескен жалғыз шәкірті Шоман аға Шәріпбаев бастап жүрді. Шоман аға тірі шежіре. Хантауының ескі қыстаулары мен құдықтарын қайта «тірілтіп», жол қысқартып келеді. Қысқасы, Мойынқұмдағы екі күніміз сөйтіп екі минөттей болмай өте шықты. Жұмысымыз да өнімді болды.
Таразаға келген соң «Қалай барып қайттыңыздар, аға?» деген біздің үйдегі келініне: «Көсемәлі Хантауға шыға алмай, бортаңдап қалды» деп, бәрімізді бір күлдіріп алды. Шынында Жанболат аға денесі жеңіл, ықшам адам ғой, емін-еркін тау асып, қыр шолып, табиғатты қызықтап, саятшы Жаппар Сатылғановпен бірге тарих туралы тәпсірлесіп ұза-а-ап кеткенде, мен таудағы салқын тамда ұйқымды қандырып алған едім.
Кейін сол сапардан Жанболат аға жақсы мақалалар жазды. Біздің дүниелерімізге де қуанып, түн ортасында телефон шалып, ертеңгі нөмірге кетіп бара жатқанын айтып, сонау Астанадан ақ тілегін білдіріп жатқаны. Ондайда «біздің бастық қандай ақ көңіл, қандай кішіпейіл адам еді» деп іштей елжірейсің кеп.
Кейбіреулер жастарға «Егемен Қазақстан» газетін жеккөрінішті етіп көрсетуге тырысады. Ал енді бір «дейтілдер» «Мен, тіпті, оны оқымаймын» деп аттандайды. Шіркін, солар осы қара шаңырақта Жанболат сияқты қазақ журналистикасының қара жорғасы - қазақ тарихи танымының, әдебиетінің, мәдениетінің, өнерінің, салт-дәстүрі мен спортының өркендеуі үшін жанкештілікпен еңбек етіп жүргенін көрсе, тілдерін тістеп, енді қайтып күпір болмас еді-ау деп ойлаймын.
Газеттің 90 жылдық торқалы тойында-ау деймін, ұжым сол кездегі министріміз Мұхтар Құл-Мұхаммедпен кездесті. Шешен адам ғой, «әуелі сөз болған» деп көсіліп кетті де, келесі сәтте сол «сөзді» адам жанын рухани тұрғыдан байытатын тың тақырыптарға қызмет еткізетін қаламгерлерге тоқталды. Министрдің: «Кейде мен «Егемен Қазақстанды» үйге ала кетіп оқимын. Мысалы, Жанболат Аупбаевтың «Маршал мінген ақбозатын» жәйланып отырып шәй ішкендей рахаттана оқығаным бар» дегені әлі есте.
Айтпақшы...
Оңтүстіктен келген үміткердің бірі ретінде бағым жанып, «меншікті тілші» деген куәлік алған кезімде бас редакторым Жанболат Аупбаевтың «байқа, оңтүстікте сенен басқа да журналист көп» дегені де есімде.
Осы кезде үміткерден тілшіге айналып, төбем көкке бір елі жетпей отырған менің іші қылп ете қалған. Өйткені «Егемен Қазақстанның» облыстағы меншікті тілшісі басқа қызметке ауысқан тұста тура бір облыс әкімі қызметінен босап, «орнына бәленше келеді екен, жо-жоқ, түгенше жүгіріп жүр екен» деп келетін билік дәліздеріндегі гу-гу сияқты бір қызу пікір-талас жүріп берген. Олардың кімдер екенінің шет жағасы маған жетті. Жалпы саны - 10!
«Ойбай, ананың парламентте көкесі отыр екен, сол болады-ау, жоқ, мынауың да осал емес, минстрліктегі ағасы мығым деседі» деп жүрегіңді май ішкендей кілкітеді келіп. Әріберіден соң «байқа, оңтүстікте сенен басқа да журналист көп» деп отырған редактордың сейфінде сол «бақталастарының» бір-екеуінің резюмелері жатпасын әуелі дегендей күдіктене де бастадым. Менің көңіл-күйімдегі аласапыранды дөп басқандай:
- Кеше кабинетіме күндей күркіреп бір ағаң кеп кетті. Кім екенін ішің сезіп отырған шығар. «Біздің жақта менің бір мықты жазғыш інім бар» дейді. Бірақ соған қарамастан қызметке сені алып отырмыз. Өйткені бізде жұмысты ана төбе мен мына төбеден қарауыл қарап отырған көкелердің беделі емес, тілшінің қарым-қабілеті істейді. Ал ана кісінің «басы алтын, арты күміс» деп мақтаған мықтысының кім екенін білмейміз. Енді редакция алқасының осы сенімін ақта, - деді Жанаға.
Тамыр-таныстық деген дертті тас қамалдай маңайына жақындатпайтын бас редактордың кісілігіне дән риза болған мен редакция сенімін ақтау үшін жолға шықсам табанымды, сұхбат алсам тілімді аямайтын олдым. Компьютердің мониторына сағаттап қадалған көздің жағдайын сұрамай-ақ қойыңыз. О баста көзілдірігім +0,75 еді, бірер жылдың бедерінде +2,7 болды. Әрине, жетіскеннен емес, жанардың майын тауысып көп оқып, көп жазғаннан.
Бірақ «Байлар да жылайды» деген сериалдағыдай, көп ұзамай «Егемен Қазақстан» атты қаржылық тұрғыдан да, қабырғалы авторлары мен қалың оқырманы жағынан да елдегі №1-ші газет саналатын басты басылым тілшілерінің де көзінің жасын «көлдетіп» алатын мәселелері бар екенін біле бастадым. Оны да ана өңір, мына өңірден жиналған, «меншікті тілші» болғандарына мың жыл толғандай аяқтарын мығым басатын ағаларым шыжымдап жеткізе бастайды.
Соның бірі... айлық мәселесі. Жалпы, айлық дегеннің «жыры» аспанда ай менен күн аман тұрғанда бітпейтін нәрсе ғой. Ол көбейгіріңнің де көбейген сайын аз көріне беретін әдеті емес пе. Мысалы, бұған дейін «мен» деген тәуелсіз газеттің тақұл-тұқыл айлығына да аштан өлмей, көштен қалмай күн көрген маған «Егеменнің» бұғалтірі карточкама ай сайын уақтылы сап тұратын айлық пен шайлық (қаламақы) әжептеуір көрінген.
Бірақ «Егеменнің» тұңғыш ұлындай «дәу» тілшілер оны «аз» дейді екен. Сондықтан бас редактордың алдында жыл аралатып бас қосатын алқалы жиналыста бұл мәселені айтса солтүстік жақтан келген меншікті тілшілер айтар, ал мен сияқты оңтүстіктің тілшілері айта алмас. Тіпті орнынан тұрғызып, сұраса да аузын буған өгіздей «мыңқ» демейміз.
Мұның сыры да мәлім. Өйткені анасынан меншікті тілші болып туғандай бәленің бәрін білетін бір ағамыз «айлығымыз аз деп ешқашан айта көрме, өйткені біздің жақта айлық алмай-ақ тілші болам дейтін бәлелер өріп жүр» деп құлағыма әбден құйып қойған. Сондықтан өліп кетсем де үндемеймін...
«Егеменге» меншікті тілші болып жаңадан қабылданған «жастарға» қойылатын тағы бір талап бар. Ол - ұялы телефоныңыз (кейбіреулердің «қалтафон» дегені жаныма жақпай-ақ қойды) түнгі сағат 00.30-ға дейін өшірілмеуі керек. Өйткені сен редакцияға кез-келген уақытта керексің. Сондықтан түн жарымында ұялы телефоныңыз әндетіп қоя берсе, иә Сауытбек, иә Ержұман, иә Жанболат дей беріңіз.
Сауытбек ағамыз тапсырмасын «көрерсізбен» бастап, «білерсізбен» аяқтайды.
Ержұман ағамыз дала командирі сияқты бірден тарс-тұрс, тақ-тұқ тапсырмаға көшіп, «материал бәлен күні менің алдамда жатсын» дейді.
Ал Жанболат ағамыз «тәк, қысқартып айтайын» дейді дағыны меншікті тілші жазатын мақаланың аты, формасы, тіпті мазмұнына дейін тәптіштейді.
Мұндай редакторлармен қалай жұмыс істемейсіз, қалай сыйламайсыз енді.
...«Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр». Қой, «меншікті тілші» деген мырзалардың сырын аша бермей осымен қысыр әңгімені доғарайын. Өйткені жұмыс істеуге де уақыт керек. Алдымда Жанболат ағадан факспен келген «Меншікті тілшілерге» деген тапсырма-хат жатыр. Оқып берейін бе?
Мінекиіңіз...
«Сәлеметсіздер ме?! - бас редактор бұл жолғы хатын да әдеттегісіндей амандық-саулықтан бастапты, -
үстіміздегі жылдың 17 желтоқсанында амандық болса газетіміздің алғашқы нөмірінің жарық көргеніне 90 жыл толмақшы. Осыған орай тек аппаратта ғана қызмет атқарып келе жатқан бүгінгі ұжым мүшелерінің жүрекжарды ой-пікірі мен сыр-толғанысын білдіретін «Егеменқазақстандықтар» атты жинақ жарық көрмекші. Міне, соған әрқайсыңыз өздеріңіздің газетке қалай келген немесе басылым бетіндегі бір жақсы тақырыпты көтерген, сондай-ақ қызықты, қиын бір іссапар туралы секілді оқиғаларды қамтитын жәйттерді айтар ойға өзек етіп алып, 3 беттен аспайтын мақала берулеріңіз керек. Фотосуреттеріңізді ұмытпаңыздар. Материалды тапсырудың соңғы мерзімі – 31 наурыз. Электронкамен файлын көрсетіп менің атыма жолдайсыздар. Тапсырмаға сергек, мұқият қарауларыңызды өтінемін. Айтылған, яғни жоғарыдағы белгіленген мерзімнен кешіккен мақала қабылданбайды.
Сәлеммен, бас редактор (қолы қойылған) Ж. Аупбаев. 12.03.2009 ж.».
Міне, көрдіңіз бе? Нені қалай жазу керек деген тапсырма бір түйір нанды сәбиге шайнап бергендей дап-дайын күйінде көз алдыңызда тұр емес пе? Неге жазбасқа! Мәссаған, мен әні-міні деп жүргенде уақыт та болып қапты ғой. Қой, «ұрыста тұрыс жоқ» деген, жәкемнің тапсырмасына жеделдетіп кірісейін...
P.S. Қазақ журналистикасы корифейлерінің бірі Жанболат аға жақында тағы хабарласты. "Малшылар маршалы" атанған Жазылбек Қуанышбаев туралы кітап шығайын деп жатыр екен, соған Жазекең жайлы жазғандарың бар еді ғой, соны жібер" деп тура баяғыдай кімге, қашан, қалай жіберуім керек екенін тәптіштеп айтып жатыр.
Қайран бұрынғының кісілері-ай, шіркін!
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Қоғам
Валюта ауырбастау пункттерінде доллар нешеден саудаланып жатыр
- авторjambylinfo.kz
- 23 желтоқсан, 2024
Қоғам
«Заң және тәртіп»: Жуалыда прокурорлар жастармен кездесу өткізді
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024