жұма, 22 қараша, 2024 4:56

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бесінші мерейтой

Бесінші мерейтой
ашық дереккөзі
Бесінші мерейтой
Мұқағали Мақатаевтың даңқы аз уақыттың ішінде асқақтады. Олай болады деп ешкім күткен жоқ. Рас, қарапайым оқырмандар ойлы өлеңдерді ежелден-ақ ұнатты. Бірақ барлық шаруа онымен ғана түгенделмейді ғой. Биліктің ­мойны да ақынға бұрылуы керек еді... Ал ақиық ақын ақи­қаттың түбінде бір келетініне шүбә­сіз сеніп өтті. Артына соған лайық мұра қалдырды. «Бар екен, бар екен ғой жақсы адамдар» де­гені сон­дықтан. Әді­летті жандардың арқа­сында асыл сөз арзан­дамайды. Олар – еңбектің нарқын, таланттың парқын біледі. Олар – лауазым, марапатты шығар­машылықтан биік қоймайды. Өміршең өлеңдердің намысын қорғайды. Әдебиетті қадірлеудің үлгісін көрсетеді. Әбділда мен Мұқағали қазақ елінің екі қиырынан. Бірі – Шиеліден, екіншісі – Нарынқолдан. Әбекең жастарды баға­лағанда ақиқатқа жүгінді, таланттарды іздеді. Айналасына кеңдік пен кемелдікті өнеге етті. Мұқағалидың тұлпарға лайық тұрқына сүйінді. Оны үкілеп Алматыға шақырды. Рухани демеушісіне, арқа сүйер асқар тауына айналды. Кейін сол мінез Мұқағалиға дарыды. «Алатау – Арқа – Атырау» деп Алаштың елін, қазақтың же­рін қапсыра құшақтады. Үлкен дастан жазды. Өзінен үміт күткен рухани әкесін шалқар шабытымен қуандырды. Міне, ұрпаққа мирас болатын дарындар дәстүрі осылай болса керек! Сөйткен Әбділда Тәжібаев Мұқағали өмірден озғанда да айныған жоқ. Қаралы жұртқа дем берді. Тұлпардың ер-тұрма­нын­ түгендеу жылап-сықтаумен ғана орын­­дал­майтынын дәлелдеді. 1981 жылы Мұқа­­­ғалидың 50 жылдығы аталса деп аш­па­ған есігі қалмады. «Жаралы жауынгер­дей сылтып баса» жүріп шаршамады. Ақын баласы үшін аянған жоқ. Бұған дейін оған сіңірген еңбегін бұлдамады. Бә­рін көңілге тоқ санап үйінде отырса, жасы келген адамға кім ренжиді? Бірақ Әбе­кең олай етпеді. Мұқағали үшін атқа мінді,­ Мұқағали үшін қайратын қайтадан жинады. Компартияның сол кездегі Алматы облыстық комитетінің бірінші хатшысы Кеңес Аухадиев ол туралы былай дейді: «...1981 жылдың басы. Жиналыс өткі­зіп жаттым. Көмекшім Нұрлан Сүлей­менов қасыма келіп құлағыма сыбырлады, қабылдау бөлмесінде Әбділда Тәжібаев отыр екен. Мәжілісті жылдамдатып бес минутта бітірдік. – Кеңесжан, – деді Әбекең, – жақсы білесің, мен Димекеңе тоқтаусыз кіре ала­­тын адаммын. Бірақ мына мәселенің саған қатысы бар. Мұқағали Мақатаев – жұлдыздай жарқыраған талант. Сол биіктен көтерілмесе енді аласармайды. Небәрі 45 жаста дүниеден озды.­ Сенің облысыңның тумасы. Биыл ақын­­ның 50 жылдығы. Өлеңдерін халық ерек­ше қадірлейді. Ал оны биліктегілер қалай­ ес­ке­ріп жүр, міне, бұл жағы маған белгісіз. Саған бір әңгімені айтайын. Әлі есім­­де, «Қазақ әдебиеті» газеті бізге редак­ция­ға келген жас таланттардың өлең­де­рін оқуға беретін. Дұрыстап талдап пікір айтуымызды сұрайтын. Шалғай ауыл­дан келген бір хат кереметтей таңғал­дырды. Мүлдем баурап алды. Жаз­ған тіркестерінің суреті мен бояуы үйле­сіп­ тұр. Авторы кім екен деп қарасам «Мұ­қа­ғали Мақатаев» дейді. Өлеңдер менің алғысөзіммен әдебиет газетіне жарияланды. Содан бастап біз ажырамайтын жақын туысқанға айналдық. Мұқағали өте күшті ақын! Ал өмірде жақ­­­сыға жау көп. Ақынның мықты еке­нін биліктегі сендерге ұқтырып айтатын адам­­дар өте аз. Білмеген соң, әрине, үнде­мей­сіңдер. Мұқағали үндемеуге көнбейді. Сон­дықтан Кеңесжан, мерейтойға қа­тыс­ты мә­селенің бәрін өзің ретте. Әрі қа­рай бар­маймын, осы жерден қайта­мын. Түсін­дің бе? Әбекең орнынан тұрды. Мен ұсы­нысын толық құптадым. Сол күні Ор-талық Комитетке бас сұғып Димаш Ах­мет­ұлы Қонаевқа жолықтым. Кең оты­рып Мұқағали туралы әңгімелестік. Сө­зімді зейін қойып тыңдады. Содан кейін «Ме­рейтойды жақсылап өткізу керек, оған қа­тысты мәселенің бәрін қолдаймын» деді. Соның арқасында Мұқағалидың жаңа дәуірі басталды. Мерейтойының алғаш­қы парағы ашылды. Өзі болмаса да сөзі туған жерінде жаңғырды. Рауан Әріпов бастаған ел ағалары қонақтарды ата сал­тымен қарсы алды. Аудан орталығы На­рынқолда салтанатты мәжіліс өтті. Шұ­бартал жайлауының төсі қызыл-жасыл өрнегімен көз тартты. Мерейтойда ақын Тұманбай Молда­ға­лиев баяндама жасады. Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев бастаған марқас­қа қаламгерлер төрге шықты. Дуалы ауыз­дар айтқан сондағы сөздердің бір пара­сын журналист Дәулет Желдікбаев аға­мыз жазып алған екен. 40 жыл бұрынғы лебіз­дерді бүгінгі ұрпақтар тыңдасын деген ниетпен өздеріңізге ұсынып отырмыз. Әбділда Тәжібаев: – Әр халық сөзін айтатын, сырын шер­тетін, мұңын толғайтын, мақтаны­шын асы­ратын нағыз ақынды керек етеді. Әулиеге ат қойып, қорасанға қой айтып құ­дайдан тілеп алады. Қазақ халқының тарихы осы тектес талай оқиғаларға куә. Біз Сөгетінің даласынан өттік. Ша­рын­ды бастық, Кегеннен астық. Төңі­регіміз бұлт оранған асқар таулар мен ну орман... Осының бәрін Мұқағали мақ­таныш ететін. Дәл айтқан екен. Себебі таң­ғалумен болдық. Расында бұл өңір мық­ты ақынды тудыратын ерекше жер екен. Бердібек Соқпақбаевтың да осы ауыл­дың перзенті екенін бүгін білдім. Қоры­та келгенде, сіздерге айтатын бір өті­ніш бар. Өкінішке қарай, бір Мұқағали кет­ті. Сондықтан тағы бір Мұқағалиды бері­ңіздер! Мұхамеджан Қаратаев: – Тағдырға шарамыз жоқ. Үлкен ақын­ның арамыздан ерте кеткеніне қа-быр­ғамыз қайысты. Сонымен қатар бір нәр­сені шүбәсіз мойындадық. Ол – оның өлмей­тіні. Өмірін, творчествосын зерттегенде бұған көзіміз анық жетті. Сондықтан бүгінгі тойды – мәңгіліктің бастамасы деп білгендеріңіз жөн. ...Өлеңді ұйқастырғандардың бәрі ақын емес. Олар жай өлеңшілдер. Мұқа­ға­ли бүкіл жаратылысымен ақын еді! Оны дүл­дүл десеңіз де, майталман десеңіз де, тұл­пар десеңіз де – барлық теңеулерге лайық. Асқар Сүлейменов: – Нарынқол, Кегеннің, тіпті иісі Жеті­судың қазағына атты түсіндіру балықтың айырпыланға ақыл айтқанындай. Немесе, мысыққа тышқанды былай ұстау керек дегеніндей болады. Мұқағали – тастақты жер кезіксе – құйма тұяқ, жазаңға шықса – қазтабан, өрге көтерілсе – арты биік, еңіске түссе – алды биік шаңжұқпас еді. Баршаның бағына қарай, ол тұяқтан «айы­рылдыңыздар». Айырылыңыздар дегенде – барары бар, қайтары жоқ «ауылға» кетті дегенді білдіргенім емес. Мұқағали енді – қазақтікі! Міне, бірінші мерейтой осындай сипатта басталды. Бастарын тік көтерген аспантау жұрты Мұқағалиына сүйініп, оның жарқын келбетіне қайтадан қарады. Жүз жылда бір келетін ғажайып тұлға екенін қапысыз ұқты. Күні кеше қастарында жүрген ұлы адамды дұрыстап байқай алмағандарына өкінді. Әрі жүректері жарыла қуанды!   Музей жылы Бірінші мерейтойдан кейінгі онжыл­дықта Мұқағалидың даңқы биіктемек тұрмақ, брендке айналды. Білікті азаматтар тізе қосып ақын даңқына сай жаңа жұмыстардың жоспарын құрды. Соның ішіндегі ең сүбелісі – Қарасазға Мұқағали Мақатаевтың мемориалдық музейін жасау ісі еді. Сонымен қатар оның – 1991 жылғы 60 жылдық мерейтойға арналған ғажап сыйлық болатыны межеленді. Музейге байланысты оқиғаның қалай өр­бігенін сол жылдары Қарасаздағы ­ша­руашылықты басқарған Тұрсын Шор­мантегінің естелігінен де көруге болады. Автор естелігін «Мұқағали музейін салу оңай болмаған» деп атапты. Мәселе күн өткен сайын пысықтала түскен. «Алқалы жиында Мұқағали-дың алғашқы тәлімгері жазушы Әлнұр Мейір­беков, Социалистік Еңбек Ері Нү­сіпбек Әшімбаев, Нарынқол аудандық атқару комитетінің төрағасы Бағжан Сабан­шиев, аудандық «Советтік шекара» газетінің редакторы Дәулет Желдік­баев, шаруашылық басшылары Кеңесбай Байқанов, Нұрәжі Есіркепов және Қарасаз ауылының ардагерлері Мұхаметжан Қилыбаев, Ташаухан Әлімбеков, Қасым­бай Дәуқабақовтар ойларын ортаға салды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бақыт Оспанов музейдің керек екенін, маңызды екенін қадап тұрып айтты. Оның жобасын жасау аудандық құрылыс-сәулет бөліміне тапсырылды. Қара­саздағы шаруашылық басқармасы­на да бірқатар міндет жүктелді. Кешікпей осы айтылғандарды негізге алып аудан­дық партия комитетінің бюросы қаулы қабылдады. Ендігі мәселе, облыстық атқару коми­тетінің шешімін шығартып, жобаны үлкен жоспарға енгізу болатын. Сонда ғана қа­жетті қаржы бөлінеді. Ал құны миллион сомнан асатын құрылыстарға рұқсат беру Мәскеу арқылы жүзеге асады. Осы әңгіме көтерілген 1989 жылы облыста Сүйін­бай баба музейін салу жұмысы бас­талған. Сондықтан жағдай күрделі еді. Мәдени-рухани нысандарға бөлінген мем­ле­кет­тік лимит екі музейге жете ме, жет­пей ме? Жауабын күткен сұрақтар бәрі­мізді толқытты. Қыркүйек айында Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Қа­сым Төлебеков пен облыстық ат­қару ко­мите­тінің төрағасы Анатолий Федо­рович Романовтың Қарасазға келе қалғаны. – Қасым Қажыбайұлы, сіздерге айтып жүрген Мақатаев музейі, міне, осында салынбақшы, – деді аудан басшысы Бақыт Оспанов мәдениет үйінің шығыс жа­ғындағы алаңқайды көрсетіп. Ал құрылыс құнының тым қымбат екенін естіген кезде Қасым Төлебековтің үні ашылау шығып кетті. Есесіне Алексей Федорович сал­мақ­ты, орнынан қозғала қойған жоқ. – Сабыр... сабыр етіңіз, Қасым Қажы­байұлы. Әңгіме ақын туралы болып тұр ғой. Мақатаевтың аса мықты ақын екені менің құлағыма жетті. Сондықтан біз музей үшін 1990 жылға қаржының 400 мыңын берсек, ал қалғанын 1991 жылы бөлсек қалай болады? – деді. – А, солай ма? Табылған ақыл. Онда ке­лістік, – деп Қасым Қажыбайұлының қа­бағы бірден жадырады. Кейін білдік, біз­ге айқайлағаны А.С.Романовты тез көнді­ру үшін өзінше бір қолданған амалы екен... Сөйткен музей Мұқағали ағамыз­дың 60 жылдығын атаған күні есігін көпшілікке айқара ашты», – дейді Тұрсын Шормантегі. Музей ерекше келбетімен көз тарт­ты. Мұндай нысан Қарасаз ауылы тұрмақ, аудан орталығында болған емес. Ақын­ның жы­рын сүйген қалың жұрт оны көру үшін алыс аймақтардан атсабылтып келіп жатты. Көпшіліктің көкейінде жүрген бір тол­ғанысты классик жазушы Бердібек Соқ­пақбаев мерейтой мінбесінен айтып салды. Классик жазушы осы сөзі ар­қы­лы ертеңгі күндерге ескерту жасады. Ендеше Баққожа Мұқайдың естелігіне көз салайық. «...Мұражайдың ашылу рәсімінде Бекең сөз сөйлеп, көңілдің кірбіңін, рені­шін айтты. ... Шарт сынбағанмен қатты шамырқанды. – Мұқағалиға көзінің тірісінде не жақ­сылық жасап едіңіздер? Ол мына өмір­ден түк көрмей, еңбегінің жемісін тат­пай өтіп кетті. Осы құрметті оған сол уақыт­та жасасаңдар, Мұқағали маңдайы жар­қырап ортамызда жүрмес пе еді?! Оған музейдің де, ескерткіштің де керегі жоқ. Оның мәңгілік ескерткіші – өлеңдері! – деді.... Даңғаза қуған қалың жұрт Бердібек Соқ­пақбаевтың айтқанын тез ұмытты» деген екен көрнекті қаламгер Баққожа Мұқай.   Ғасыр ақыны Адамзат баласы кезекті жүзжылдықты аяқтап, ХХІ ғасырға қадам басты. Бір жылдан соң, яғни 2001 – Мұқағали Мақа­таевтың 70 жылдық мерейтойы еді. Бұл кезде қаламгердің атағы бұрынғыдан да жер жарды. «Өшеді өлең, немесе көшеді өлең» деп еді жыр тарланы. Өнердің өл­шемін дәл айтқан екен. Қызығы сол, енді Мұқағалиды мара­паттың өздері іздеді. 2000 жылы Алаш­т­ың арда туған екі ақынына – Мағжан Жұмабаев пен Мұқағали Мақатаевқа Жазу­шылар одағының ұйғарымы бойын­­ша «Ғасыр ақыны» атағы берілді. «Аманат» жыр кітабы үшін Мұқағали Мақатаев Қазақстан Мемлекеттік сый­лығының лауреаты атанды. 70 жылдық мерейтой нағыз халықтық мерекеге айналды. Қазақ елінің төрт құбыласы түгел­дей ақынға арналған әдеби-мәдени іс-шараларды жарыса өткізіп жатты. Мұндайда Мұқағали туған өңірдің қар­қыны бөлек болуға тиісті ғой. Шалкөде жайлауы мен Қарасаз шаттыққа кенелді, шабытқа бөленді. Бұл мерейтой «Ғасыр ақыны» тақырыбымен ұйымдастырылды. Оған қатысқан ағайындардың есінде шығар, ақынның туған бауыры Тоқтарбай Мақатаев, бірге өскен құрдасы Әбдіке Асанов, қаламгер інілері Оразақын Асқар мен Баққожа Мұқайлар қонақтардың қолына су құйып жүгіріп жүрді. Өтпелі дүние деген сол ғой, қазір сол ардақты азаматтар арамызда жоқ. Көрнекті қаламгер Бексұлтан Нұрже­ке­­ұлы баяндама жасады. Кең тыныс­ты әдеби сараптамада бәрі айтылды. Мұқа­ғалиды төріне шығарған поэзия пат­шалығының ғажайып құпиялары ақта­рыл­ды. Ақынға деген, ағасына деген құр­мет пен сағыныш көркемсөз болып құйылды. Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің сөзі де елді елең еткізді. – Мұқағали – мұңды ақын. Оның мұңы – табиғи мұң, тағдырдың өзі басына сал­ған мұң... Біреулер Мұқағали қуғын-сүргін көрмеді дейді. Қалай көрмеді?! Сен­бесеңіздер мынаған қараңыздар, 20 жасында партия қатарына өткен екен, содан шығарылды. Жұрттың бәріне жеткен жұмыс оған жетпеді. Жазушылар одағы мү­шелігінен аластатылды. Мұқағали өл­ген күні қарбаласып жүріп оны қалпына кел­тірді. Бұл сонда қуғын-сүргін емей немене?! Мұқағалидың қуғын-сүргін көр­меуі мүмкін емес. Тоталитарлық заманнан таяқ жемеуі, отқа түспеуі, құрбандық бермеуі мүмкін емес. Себебі ол – ұлт ақыны, – деді Қабдеш аға Жұмаділов. Қонақтардың бір тобы сол күні ақын­ның кіндік қаны тамған ескі Қарасаздың орнына тәу етті. Оразақын Асқар тарих­тың қойнауына кеткен осы ауылда ақынмен алғаш рет қалай кездескенін есіне түсірді. Көненің көзіндей болып жол бойында тұрған жалғыз терекке той қонақтары ырым етіп ақ байлады.   Үш ерекшелік Серік Үмбетов бастаған Алматы облы­сының әкімдігі ақынның 80 жылдығына ертерек кірісті. 2010 жылдың өзінде-ақ тиісті жоспарлар, кешенді шараларды іске қосты. Облыстық мәслихат мерейтой мәселесін сессияда қарап тиісті шешімдер шығарды. Сол негізде бюджеттен қаржы бөлінді. Өйткені Мұқағали Мақатаев енді ұлт­тың, мемлекеттің үлкен ақыны ретінде тұл­ғаланды. Оның өлеңдері адамтану ғылы­мының құрамдас бөлігіне айналды. Тәуел­сіздікті нығайтуға қуат беретін ұлттық идео­логияның көркем құралы бол­ды. Қо­ғам ақын мұрасына осындай баға берді. Сондықтан шығар, ақынның туған жері Қарасаз толықтай абаттанды. Бұрын­ғы мемориалдық музейді қайта жасады. Осы тектес жұмыстар тоқтаусыз жалғасты. Демеу­шілер де көмектерін аяған жоқ. Келе­тін қонақтардың саны бұрынғыдан көп болады деп болжанған еді. Есеп сол мөлшерден ауытқымады. – Бүгінгі таңда мұқағалишыл жас­тар көбейді. Қарапайым жұрт ақынды аспан­датып жатыр. Облыс басшысы одан шет қалса азаматтыққа сын емес пе? Сон­дықтан Мұқағали Мақатаевтың есімін ерек­ше жаңғыртып, тойын – халықтың тойын­дай етіп өткізуді жөн санадық, – деп­ті сол кездегі облыс басшысы Серік Үмбетов. Енді 80 жылдық мерейтойдың басты ерекшеліктеріне тоқталайық. Бірінші­ден, тойдың кіріспесі Ұзынағаштан бас­талды. Сүйінбай, Жамбылдың даңқына Мұқағалидың даңқы қосылғандай әсер берді. Осы өңірдің перзенті, ұлы композитор Нұрғиса Тілендиев пен Қаракастекте туған көрнекті қаламгер, жастар газеті­нің редакторы болған Сейдахмет Бердіқұ­ловтарды кім білмейді?! Олар Мұқағали­ды және Мұқағали мұрасын ардақтай алудың өнегесін көрсеткен қайраткерлер. Бәрі жинақталып, ақындар мен батырлар елінде әдемі көрініс бергені көпшіліктің жадында. Екіншіден, «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» деп аталатын жыр мүшайрасы сәтті ұйымдастырылды. Оның мазмұны мен сапасы тыңдаушыларды тамсандырды. Мүшайрадағы өлеңдер бір-бірімен тұтасқанда Мұқағали туралы жазылған ғажап поэманың тараулары секілденді. Ақынның өлеңмен сомдалған көркем бейнесін көзімізге елестетті. Осынау жыр жарысына – Иран-Ғайып, Жәркен Бөдеш­ұлы, Әділғазы Қайырбеков, Серік Ақсұң­қарұлы, Кәдірбек Құныпияұлы, Әбубәкір Қайран, Жарас Сәрсек сияқты есімі елге әйгілі қаламгерлердің қатысқаны көп жайды аңғартса керек. Еліміздегі «100 жаңа есімнің» қатарына енген, бүгін Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса бірінші орынды иеленіп, топ жарған жүйріктей жарқ етіп поэзия алаңында ойқас­тады. Қазақстан Жазушылар одағы тағайындаған М.Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Жүрсін Ерман аламан жарыстың бас жүлдесін қанжығасына байлады. Ақын ағасын сағынған Жүрсін ақынның дауысы Елшенбүйрек шыңдарын жаңғыртты.   ...Қара өлеңмен көгерер деп көсегем, Жанын жырға жөргек етіп төсеген. Бір өлеңге бар ғаламды сыйғызды ол, Соңғы өлеңім емес пе деп осы өлең.   Білуші еді ол ажалының күтпесін, Білуші еді бәрін жазып бітпесін. Қолындағы қалам сусып түскенде, Соңғы өлеңнің қойды соңғы нүктесін.   Қолында өлең – қансыраған жансыз хат, Жылап тұрды жүрегімен жар сыздап. Тіршілікте қолға түспей, өлгенде. Басына кеп қонып жатты арсыз Бақ.   Тасынғанда – теңіз болып толатын, Ашынғанда – гүлдей қурап, солатын. Өлең үшін өмір сүрген сол ақын – Мұқағали Мақатаев болатын! – деп толғанған екен Жүрсін Ерман «Бақ пен сор» атты жырында. Үшіншіден, ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаевқа темір тұлпардың кілті та­быс­талды. Ең үлкен құрметтің Мақатаевтар әулетіне тиеселі екенін азаматтар аздап кешіксе де, ақыры білді. Айтпақшы, есте­ліктер, зерттеулер, ақынды кейіпкер еткен өрнекті шығармалар және Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндер үлкен-үлкен төрт кітап болып баспадан шықты. Мерей­той жақсы қырларымен жақсы әңгімелерге айналып байтақ қазақ жеріне тарап жатты.   45+45 болады 90 Міне, ақиық ақынды ардақтаған ел-жұрт, қалың оқырман 90 жылдық деп аталатын бесінші мерейтойға да қадам басты. Бұл шара бұрынғылардан тартымды әрі қызық болуға тиісті деп ойлаймыз. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың ұйғаруы бойынша Талды­қор­ғандағы жастар саябағына Мұқағали­дың бюсті орнатылды. АҚШ-тағы Нью-Йорк баспасынан ақынның жыр кіта­бы ағылшын тілінде шықты. Таяу күн­дерде Нарынқолда еңселі ескерткіш бой көтермек. Басқа шаралардың да қарасы аз еместігін естідік. Өткен көктемде қарасаздықтар Абай жылына қуанды. Ұлы хакімге арнап «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» атты мазмұны терең әдеби кеш өткізді. Елшенбүйрек етегінен Жидебайға ыстық сәлемдерін жолдады. Абай жолында Мұқағалидың да аянбағанын сөз етті, еске түсірді. Биылғы мерейтой – 45 те 45 болып теңес­кен, ақынның екі ғұмырының қосын­дысы сияқты. Мұқағалидың ақ тұлпары шабысын арындата түсіп өрлеп барады. Поэзияның алтын тағында оған қолын бұлғап, жымия қарап Абай атасы отыр!   Батық МӘЖИТҰЛЫ, «Мұқағали» журналының бас редакторы egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар