сәрсенбі, 25 желтоқсан, 2024 11:01

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жарық пен түстің құшағындағы азап

Жарық пен түстің құшағындағы азап
ашық дереккөзі
Жарық пен түстің құшағындағы азап
Осы бір күңгірт пейзаж ешкімді есіңізге салмай ма? Осы бір сырлы да нұрлы сурет өмір бойы кеуде тұсында сақталатындай. Әмсе, көптің көңіліне сұлу бір сөз болып жетсе деп қанша армандады екен?! Тағы да еске алса, адам қолынан жасалған ерлікпен тіршіліктің ізі жосылған, жаңа қоныстар, жаңа түтіндер қосылған теңбіл-теңбіл далаға, орманы қаудай ұйысқан ұйыққа, қу медиенде құшағына құпиясын тыққан тарғыл-тарғыл құмдарға қарап ойланып еді-ау, сонда! Сосын әдетінше жұлдыздарды жолына жайып, бақыт болсаң ертерек белгі бер дегендей түнгі аспанға телміретін.
Ұлы суретші ғарыштан нені іздеді? Әлде кімді деп сұрақ қоюымыз керек пе еді? Жалынға оранған кипарис ағашының артында қандай сыр бұғынып жатыр? Бәлки, сырқаты мең­­деген науқастың сандырағы болар? Өлермен күй кешіп, жағасына жармас­қан өлі елестерге жан бітіргісі келді ме? Ескі көзқарасқа ерік берсеңіз, көп­теген елде кипарис культ ағашы болып саналады. Көне грек аңыздарында, Кипариса есімді сұлу қыз қабыршақпен көмкерілген жапырағы көп әдемі бір ағашқа айналып кеткен деседі. Ға­лымдардың есебінше, бір ағашта 45-тен 55 миллионға жуық жапырақ бар. Иә, мұндайда ойға бірден ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ақ қайыңмен сырласқаны оралады. Қаламгердің «өмір сүрейік алмасып» дегеніндей. Сондықтан да болар, мифтік мінбеде адамзат оларды мәңгілік өмірдің иесіне балайды әмбе аспанға барар төте жолды табуға көмектеседі деп сенген. Біз­діңше, мұндағы кипарис – автордың өзі, яғни жер мен көкке ортақ Винсент Ван Гог. Бір қызығы, картинада көктегі әлем жердегі өмірге қарағанда тартымды көрінеді. Түстер тұтастай трансформа­цияланып, мифтік ритуалдармен ас­тасқан. Түрлі-түсті бояулардың бір ыр­ғақта кездесуі шартты һәм шартсыз түсініктерге кері пропорционал. Космосқа тәуелді уақыт динамикасы стихиялық сезім тудырады. Енді бір сәт елегізген көңілін ептеп басып, өзінің ішкі «меніне» құлақ түрсе: ішіндегі «жынды» «мені босатындар!» – деп сүйіншілегісі, әлде айқайлағысы келетіндей. Бала күнгі құс боп ұшқысы, ақ бұлттардың тура төбесінен көктеп бір өткісі келетіні, діннен сабақ алғаны, зәу биікке ғажайып баспалдақ салып көтерілуге талпынатыны – бәрі-бәрі орындалатындай. Төмен қарайды. Өзі туған топырақ төбе боп жиылып, бұған сәт-сапар тілейтіндей ме, қалай? Достары, туыстары, ет-жақындары сон­да нүктедей болған оны ұзатып тұр­ғандай әлі. Бақсаңыз, картинада күннен басқа барлық нәрсе бейнеленген. Ван Гог үшін күн кім болуы мүмкін? Бауыры әлде әкесі? Бұл беймәлім. Бірақ інісіне қат­ты тәуелді болған ғажайып суретші оның өзіне мойынсұнғанын қалайтындай. Шындығында, біз картинадан Ван Гог­тың үш «менін» көреміз. Біріншісі – күллі әлемді өзіне табындырғысы ке­летін құдірет иесі. Әйтпесе «Менің түпкі ойым – өзіме аянышпен қарамау, көптеген қиындық пен көңіл күйім­нің түрлі реңктерінен қашпау. Көп күн көрсем де, аз күн көрсем де – маңызды емес. Себебі, калай да болса, қоршаған Дүние алдыңда менің парызым бар. Ол – жер бетінде 30 жыл жасап, артымнан Әлемге тағзым, сый-құрмет ретінде кенептегі шығармаларымды қал­дыру» деп жазар ма еді. Екіншісі – құмар­лық пен жындылықтан арылған кішкентай қарапайым адам. Ол көкте болып жатқан бүліктен мүлде бейхабар кейіпте. Алақандай ауылда шіркеудің қорғауымен тыныш ұйықтайды. Соң­ғысы, яғни негізгі «мені» – оттың ті­лің­дей көкке ұмсынған кипарис аға­шы. Ол автордың қиял кеңістігіне ба­ғыт­талған аңсар-арманы. Оның шы­ғар­машылығына нәр беретін тұңғиық ғарышпен байланысып жатса да қара жерден қуат алатынын баяндайды. Ес­сіздігіне тіреу болған сағынышы құ­йынға сіңіп, бақи мен фәнидің ортасында тұрғандай. Жоғарыға қарайды. Ақша бұлт. Одан да лезде өтеді сосын. Әрі қарай ұшы-қиырсыз кеңістік. Сонда сезеді жаны. Адамға қашанда арман мен мақ­сат заңғар екенін. Өйтпегенде, ғарышта да жерден биік ұйық жоқтай. Шықсам деген бұл «шыңның» қасиетті туған топырақтан алыстаған сайын аласарып сала беретіні де содан ба екен, тәйірі?! Әлде өзін жоғалтуға сәл-ақ қалғанын сезіп тұрған сәт пе? Жарқыраған аспан денелері сал­қын ақ пен сары түстің түрлі реңк­терін біріктіру арқылы жасалған. Хрис­­тиан­дық дәстүрде сары түсті – Құ­дай сәу­лесімен әрі ағартушылықпен бай­ла­ныстырса, ақ түс – басқа әлемге көшудің белгісі болған. Кескіндемедегі ақшыл көк түстен қанық көкке дейінгі аспан реңі тым бұлыңғыр. Кенептің үлкен бөлігі адам­ның артықшылығы мен рухани күшін көрсету үшін берілген секілді. Мұ­ның бәрі ұйқыға атқан қала бейнесіне тыныштық себуге оқталған автордың өз ойына өзі қарсы шыққандай әсер береді. Ван Гог «Жұлдызды түнді» 1889 жы­­лы Сен-Пол-де-Мавзоле аурухана­сында жазды. Психикалық ауруға душар болған ол емделе жүріп шығарма­шы­лығын жалғастырды. Әрі сол уақыт­тарда ең танымал туындыларын өмірге әкелді. Жата-жастана шығармашылықпен айналысу оған ақылға келуге көмектесті. Тіпті сырт көз мойнына тағып берген сырқаттан қашудың таптырмас амалы болды. Бір қызығы, қылқалам шебері інісі Теомен жиі хат алмасып тұрса да «Жұлдызды түн» туралы сирек жазған. Бір хатында: «Жалпы, мен үшін аз ғана нәрсе жетеді. Бидай алқабы, тау, бақ, көк төбелер мен зәйтүн ағаштары, портрет және шахтаға кіру. Қалғандары маған ештеңе айтпайды» дейді. Байқасаңыз, суреттегі ала құйын­ның екеуінің көлемі екі түрлі. Бұл үл­кен және кіші, бір-біріне тең емес қар­сыластардың бетпе-бет соқтығысуы. Жекпе-жек барысында сіз замандасы француз суретші Пол Гогенмен дос­тық әмбе бәсекелестік қарым-қаты­насты көре аласыз. Өкініштісі сол, шы­ғар­машылық текетірес ажалға қарай итермеледі. Кенептен жындылық пен қорқы­нышқа деген қызығушылықты көресіз. Ол кез келген сәтте оқырманды жұтып, өз иіріміне тартатын тәрізді. Неге де­сеңіз? Біз аспанға қарап тұрмыз ба әлде жұлдыздарға байланған көк теңізге қарап тұрмыз ба, түсініксіз?! Ал, бұл тү­сініксіздік авторды тіпті биіктете тү­седі. 1889 жылы қарашаның соңында Ван Гог суретші Эмиль Бернардқа жазған ха­тында кескіндемені «сәтсіздік» деп атайды. Шынында, бұл картина жарық пен түстің құшағында азаптанған даңқ­ты суреткердің ең ұлы сәтсіздігі еді.
egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар