Сайлау – 2022
«Қарындашпен белгі қоюға болмайды»: қазақстандықтар сайлау туралы нені білуге тиіс
- авторjambylinfo.kz
- 9 қараша, 2022
- 242
«Қарындашпен белгі қоюға болмайды»: қазақстандықтар сайлау туралы нені білуге тиіс
2022 жылдың 20 қарашасында елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Соған байланысты Жамбылинфо тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап, сайлауға қатысты қазақстандықтар нені білуге тиіс екенін жинақтады.
САЙЛАУ УЧАСКЕСІ НЕШЕДЕ АШЫЛАДЫ
Қазақстандықтар 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша таңғы 07:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін дауыс бере алады. Сайлаушылардың жалпы саны – 11 950 485 адам. Алайда дауыс беру науқанын сағат таңғы 06:00-де бастауға болады, алайда оны кешкі сағат сегізден кешіктіруге болмайды.
Дауыс беру уақыты өзгерген жағдайда бұл туралы аумақтық комиссия сайлаушыларға алдын ала хабарлауға тиіс.
Шетелде жүрген қазақстандықтар да дауыс бере алады. Ол үшін Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің жанынан 53 шет мемлекетте 68 сайлау учаскесі құрылды.
«Белсенді сайлау құқығы бар, тиісті шет мемлекетте тұратын немесе жеке, қызметтік, оқу, іскерлік пен туристік мақсатпен жүрген ҚР азаматының жарамды паспорты бар азаматтар сайлауда дауыс бере алады. Олар сайлау учаскесі құрылған Қазақстанның дипломатиялық немесе консулдық өкілдігіне жүгінсе болады», – деп хабарлады Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі.
Шетелде де сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша таңғы жетіден бастап ашық болады.
САЙЛАУШЫ НЕНІ БІЛУГЕ ТИІС
Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.
Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.
Азаматтар сайлауға өз еркімен қатысады. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге болмайды.
Әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi.
Азамат өз сайлау учаскесін мына сілтеме арқылы біле алады.
САЙЛАУ БЮЛЛЕТЕНI ЖӘНЕ «БӘРІНЕ ҚАРСЫМЫН» ТАРМАҒЫ
Сайлау бюллетенiне кандидаттардың аты-жөні әліпби бойынша жазылады және оған «Бәріне қарсымын» деген жол енгізіледі.
Сайлау бюллетеньдерi мемлекеттiк тiлде және орыс тілiнде басылады.
Сайлауда басқа біреудің орнына дауыс беруге және дауыс беру құқығын басқаға беруге болмайды. Дауыс беруге арналған бюллетень азаматтарға жеке куәлігі арқылы беріледі. Азамат сайлаушылар тізімінде аты-жөні көрсетілген жерге бюллетеньді алғанын растап қол қояды.
Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.
ДАУЫСТАРДЫ САНАУ
Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен дауыс беру уақыты өзгертiлмесе, дауыс санау жергiлiктi уақыт бойынша сағат 20:00-де басталады. Ал дауыс беру уақыты өзгерген жағдайда дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн басталуы қажет.
«Дауыстарды санауды сайлау комиссиясының мүшелерi дауыс беру қорытындысы анықталғанға дейiн үзіліссiз жүргiзедi, қорытынды осы Конституциялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезiнде қатысатын адамдардың назарына жеткiзiлуге тиiс. Сайлау учаскесiнде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап 12 сағаттан аспауға тиiс», — делінген Сайлау туралы заңда.
ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАНДЫ ДЕП САНАЛАДЫ
Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайызынан астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі.
Егер кандидаттардың бір де бірі көрсетілген дауыс санын ала алмаса, қайтадан дауысқа салынады, оған көп дауыс алған екі кандидат қатысады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі.
КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының президенттігіне 6 кандидатты тіркеді. Оның ішінде 2 әйел және 4 ер адам бар. Ішінде 1 мемлекеттік қызметкер, 1 коммерциялық құрылымның өкілі, 4 үкіметтік емес сектордың өкілі, оның ішінде 1 саяси партияның өкілі бар.
Осылайша 2022 жылдың 20 қарашасында өтетін Қазақстан президентін кезектес тыс сайлауына Халық коалициясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан Жигули Дайрабаев, «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қарақат Әбден, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Салтанат Тұрсынбекова, Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы Нұрлан Әуесбаев, «Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар ынтымақтастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі атынан Мейрам Қажыкен қатысады.
Сайлау алдындағы үгіт 21 қазан сағат 18.00-ден кейін басталып, 2022 жылдың 19 қараша сағат 00-00-ге дейін жалғасады.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Балағаттау насихатқа айналды- Депутат
Ұқсас жаңалықтар
Сайлау – 2022
Сайлау-2022: ШЫҰ миссиясының байқаушылары жұмысын бастады
- авторjambylinfo.kz
- 18 қараша, 2022
Сайлау – 2022
Сайлау: Елімізде 86 учаскеде дауыс беру бір сағат ерте басталады
- авторjambylinfo.kz
- 18 қараша, 2022