сенбі, 21 желтоқсан, 2024 17:24

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Казино мен жарнамаға тыйым салу, бәс тігу жасын көтеру керек. Жаңа заң жобасында тағы қандай ұсыныстар бар

Казино мен жарнамаға тыйым салу, бәс тігу жасын көтеру керек. Жаңа заң жобасында тағы қандай ұсыныстар бар
Сурет ашық дереккөзден алынды
Мәжілісте депутаттар ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі туралы заң жобасын таныстырды

Қазақстанда бәс тігу жасын 21-ден 25 жасқа дейін көтеру және букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасына толығымен тыйым салу ұсынылып отыр. Бұл туралы мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 


Мәжілісте ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер таныстырылды. Депутат Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, құмар ойынның етек алып кетуіне оның ешбір тежеусіз жарнамалануы да әсер етіп отыр. Букмекерлік кеңселер жарнамаға қомақты қаражат жұмсайды. 


«Телеарналар, ресми интернет сайттар, Youtube арналары, Тik-tok, Instagram, Telegram сияқты әлеуметтік желілерде букмекерлік кеңселердің жарнамасы толып жүр. Сонымен қатар кейбір қоғамдық пікір көшбасшылары, белгілі блогерлер, медиа жұлдыздар да осы зиянды құбылысты жарнамалап жүр. Ұсынылып отырған заңда құмар ойынды жарнамалауға тыйым қарастырылған», - деді Бейсенбаев мәжілісте өткен отырыста. 


Жаңа нормаға сәйкес, үйлердің қасбеттерінде, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көліктерде сыртқы жарнамаға тыйым салынады. Бұған қоса интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде жарнамаға толық тыйым салу көзделген.Сондай-ақ 25 жасқа толмаған қазақстандықтарға бәс тігуге тыйым салынуы мүмкін. 


«Ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі. Өтелмеген алименттік және несие қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу құқығы шектеледі», - деді депутат. 


Заңды тұлғалар 25 жасқа толмаған адамдарды құмар ойындарға және бәс тігуге жібергені үшін әкімшілік жауапқа тартылады. Атап айтқанда, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, лицензияның қолданылуы уақытша тоқтатылады. 


Сонымен қатар заң жобасында балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салу ұсынылып отыр. Бұдан бөлек заңсыз лотоматиктерге мүлдем тыйым салынбақ. Мәжіліс кулуарында Елнұр Бейсенбаев заң жобасы аясында мемлекеттік қызметшілерге казино ойнауға тыйым салынуы мүмкін екенін де мәлімдеді. 

«Осы заң жобасы аясында мемлекеттік қызметшілерге казино ойнауға тыйым салатын норманы қарастырып жатырмыз. Мұндай түзету бар. Бірақ букмекерлік кеңселерге қатысты ортақ пікірге келген жоқпыз», - деді депутат. 


Сондай-ақ депутаттар сот актісі негізінде қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізуді, банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салуды ұсынып отыр. Бұдан бөлек букмекерлік кеңселер өз аппараттық-бағдарламалық кешендерін Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялауға міндеттеледі. 


Бейсенбаевтың ақпаратына сүйенсек, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпарат бойынша 1 триллион теңгеге жеткен. Бүгінде құмар ойындары жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққан. 


«Деректерге жүгінсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай да бір қатысы бар. 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған», - дейді мәжілісмен. 


Айтуынша, елдегі ажырасудың 40%-іне осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – құмар ойынға шалдыққандар. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. 


«Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Бұрын сарбаздар арасында әлімжеттік бар болғанымен, суицид өте сирек кездесетін. Қазір әлімжеттік азайғанымен, сарбаздардың өзіне қол жұмсауы жиілеп кетті. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай, осындай жантүршігерлік қадамға барып жатыр», - деп мәлімдеді депутат. 


Айтуынша, қылмыс жасайтындардың 20 пайызы да – лудомандар. Олар бәске тігетін ақшаны табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар